ӨНЕГЕЛІ КЕЛІНДЕР ӨНЕРІ

Байқау «Жергілікті әйелдер кеңестері жұмысын дамыту және отбасы мен неке құндылықтарын насихаттау бағытында шараларды ұйымдастыру қызметі» әлеуметтік жобасы аясында ұйымдастырылды. Қазақы салт-дәстүрді жаңғыртып, қарапайым ауыл келіндерінің өмірі мен өнерін дәріптейтін бұл сайыстың басты мақсаты – келіндердің ізеттілігін, инабаттылығын, салт-дәстүрді ұстануын, отбасы құндылықтарын насихаттау болып табылады. Сайыста әдептен озбай, инабат пен ибалылықты қатар алып жүрген 10 келін 4 кезең бойынша өзара додаға түсті. Алғашқы кезеңде келіндер бірі – өзін әнмен таныстырса, бірі – өлең арқылы өзінің кімнің келіні, шыққан тегіне назар аудартты. Әрі қарай сайыскерлер «Өнерлі келін – сүйкімді» кезеңінде сынға түсті. Мұнда да бірі жанды дауыста әуелетіп ән шырқаса, енді бірі ұлттық нақыштағы қолдан тігілген қолөнер бұйымдарын көрсетті. Сыртқы кескінкелбетпен қоса келіндер парасаттылықтарын да таразыға салды. Қазақ халқының салтдәстүріне байланысты сауалдарға сәтті жауап берді. Сонымен қоса, қазылар алқасы тарапынан қойылған ситуациялық сұрақтарға да жас келіндер мүдіріс жасамады. Мұнан соң «Мен сыйға тартқан орамал» бөлімінде қатысушылар орамал тарту үрдісін көрсетті. Әділқазылар бұл сайыста олардың ұқыптылығын атап өтті. Өнегеге толы сайысқа Шиелі ауданының құрметті азаматы, ҚР Журналистер одағының мүшесі Айжамал Әбдіхамитқызы, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымының орынбасары Құттықыз Шайыққызы мен «Арман» мәдениет үйінің директоры Нұргүл Тәңірбергенқызы әділ бағасын берді. Осылайша, қазақ келінінің ақылы мен парасаты сынға түскен байқау өз мәресіне жетті. Қазылар алқасы үшін «мыңнан тұлпар, жүзден жүйріктерді» анықтаудың қиын болған рас. Соның нәтижесінде бас жүлде Бәйгеқұм ауылынан келген Гүлназ Назарбаеваға бұйырды. Ал бірінші орынды Бала би ауылының келіні Гүлбақыт Жолымбетова қанжығалады. Екінші орынға алмалылық Мөлдір Табиғатқызы мен бидайкөлдік Эльмира Серікқызы лайықты деп саналды. Үшінші орынды Жақаев ауылының келіні Әсел Яхияқызы, Алғабастан Зарина Ерікқызы мен телікөлдік Жазира Шармаханова жеңіп алды. Қалған қатысушылар да алғыс хатпен марапатталып, сый-сыяпатқа ие болды.
Айнұр ИБРАШЕВА, сурет автордікі