ҰЛАҒАТТЫ ӘЖЕЛЕР – ҰЛТ ҰЙЫТҚЫСЫ

Тал бесікте немересі мен шөбересін әспеттеп, солар үшін мәсісіне тығып мәмпәси әкелетін әжелер бүгінде бірең-сараң. Тамыры терең ауылда болмаса, қалада келіншек болып табалдырық аттап, ана атанғандардың арасында ондайды кездестіру екіталай. Десек те, қазақы нақышта киініп, баланы қарғадайынан әсем әнмен тәрбиелеп жатқандар мүлдем жоқ деп айта алмаймыз. Бұл сөзімізге еліміздің түкпіртүкпірінен құрылып жатқан әжелер ансамблі дәлел. Олар ұмыт қалған халық әндерін дәріптейді, салт-дәстүрдің жоғалып кетпеуін ойлайды. Әжелер ансамблі әр бұтасына өнер қонған Шиелі жерінде де бар. Солардың бірі – Ы.Жақаев елді мекеніндегі «Асыл әжелер» тобы. Тәрбиенің қайнар көзін келешек өскіннің бойына дарытуды мақсат еткен ақ жаулықтылар ансамблінің құрылғанына биыл 10 жыл толды. Осы тақырып аясында өткен аптада Ы.Жақаев ауылдық мәдениет үйінде «Ұлағатты әжелер – ұлт ұйытқысы» атты әжелер ансамблінің мерейтойына арналған есеп беру концерті өтті. Дәстүрге сай көрініс пен әжелердің әдемі әнімен басталған салтанатты кешті ауыл әкімі Бақытжан Байділдаев арнайы құттықтау сөзімен ашып берді. Мұнан соң концерттік бағдарламаға кезек беріліп, көрермендер «Асыл әжелер» ансамблінің орындауындағы әндерге қанық болды. Шара барысында халық әндері, қазақтың белгілі композиторларының туындылары орындалып, көрермендердің қошеметіне бөленді. Ансамблдің жетекшісі Гүлсара Асанқызының айтуынша, топты құрудағы мақсат – ауылдың абыройын асқақтатып, беделін биіктету. Қазір ансамблдің құрамынды 10 әже және сүйемелдеуші Өтепберген Жұмабеков бар. Жыл жылжыған сайын шырқайтын әндерінің де қатары көбейіп келеді. Тіпті таланттарын театр өнерімен де ұштастырып жатыр. Сахна төріне тұрғындарға рухани азық болатын әртүрлі қойылымды қойып шығады. Негізгі тақырыбы – келін мен ененің қарым-қатынасы және қыз тәрбиесі, ұлт болашағы. Ілкімді істердің арқасында қазір «Асыл әжелерді» ауыл тұрғындары ғана емес, шиеліліктер де біледі. Ансамбльдің қатарында елуді еңсергендер де, жетпістің желкенін тартқандары да бар. Олар зейнет жасына дейін елеулі еңбек етіп, қызмет жолында жетістікке жете білген. – Тәрбие – тал бесіктен басталады. Біз сол тәрбие тұғырынан таймай, дәуірден-дәуірге үзілмей жетсе дейміз. «Асыл әжелер» ансамблінің асып келе жатқан асулары да аз емес. Әр ауылға барып тұрамыз. Сол кезде көпшілігі қазақы киімімізге, әуелете салған әнімізге сүйсінеді. Осы жерде айта кетейін, ансамблге демеушілік көрсететін Иіркөл ауылдық округінің әкімі Бауыржан Байділдаевқа және Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихи музейінің директоры Өсербай Төребек және кәсіпкерлер Мұхтар Шохаев, Ерлан Құлшықбаев, Қойшыбай Мыханов, Мейірбек Әбеков, Жалғасбек Ержанов, Асқар Бердібаев, Батырхан Піржанов пен Зафар Сарсенбеков секілді арда азаматтарға алғысымызды білдіргіміз келеді, – дейді ансамбльдің көркемдік жетекшісі Г.Асанқызы. Шара соңында ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерік Ерназаров, әйелдер кеңесінің төрайымы Рауза Байсалбайқызы мен қоғамдық кеңесінің төрағасы Ерлан Құлшықбаев сөз алып, әжелерге сәттілік тілеп, жылы лебіздерін арнады. Мінекей, «Асыл әжелер» ансамблі осылайша бесіктен тамыр тартқан тәрбиені келе-келе ұлтпен жалғастыруда. Алдағы уақытта әжелер салған ән шарықтай берсін дегіміз келеді.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ,
сурет автордікі