Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТЫЛ ЕҢБЕККЕРІНІҢ ЕРЛІГІ

ТЫЛ ЕҢБЕККЕРІНІҢ ЕРЛІГІ

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында майдандағы сарбаздар соңғы демі қалғанша жан аямай күрессе, тылдағы еңбек те толас тауып көрген жоқ. Ауыл шаруашылығында еңбек еткен ерлердің майданға тартылуына байланысты, олардың орнын қариялар, әйелдер мен балалар басты. Осылайша сарбаздарды азықтүлікпен, шикізатпен елде қалған адамдар қамтамасыз еткені тарихтан белгілі. Жеңіс күні – соғыс кезінде тылда бел жазбай еңбек еткен тыл ардагерлерінің де мерекесі екені айқын. Тылдағы тірліктің бел ортасында жүргендердің бірі – Жорабек Қайбұлдаев.
Қос ғасырдың куәгері ел басына күн туғанда ерлікпен еселі еңбек етіп, елдің алғысын арқалаған. Қара жұмысқа жегіліп, саналы ғұмырын бүгінгі толқынның болашағы үшін сарп еткен ардагердің бірегейі. Хас батыр Бауыржан Момышұлы айтқандай: «Тылдағы еңбек болмаса, майданда жеңіс те болмас еді». Атамыз Жорабек Қайбұлдаев – 1930 жылы 10 мамырда Тартоғай елді мекенінде қарапайым отбасында дүниеге келген. Кейін Қызылөзек орталау мектебінің 7-сыныбын бітірген. Мектепте үздік оқып, зеректігі мен сөйлеу шешендігімен, ақындығымен ерекшеленген. Десе де жалғыз анасының көзі көрмей, қарайтын өзінен басқа ешкім болмағандықтан, білімін әрі қарай жетілдіре алмаған. Ал жалғыз ағасы болса, соғысқа кетіп сол күйі оралмаған. Анасы екеуі 1943 жылы Ленин атындағы колхозға көшіп келген. Бұл кезде елде бала-шаға мен қарт кісілер ғана бар. – Ең ауыр күндер осы кезде басталды. Аш-жалаңаш жүрген кездеріміз қаншама болды. Бидай жоқ, нан қылып күріштің күрмегін жейтінбіз. Барлық ер азаматтар соғысқа кетіп, ең ауыр жұмыстардың бел ортасында жүріп атқардық. Егін егу үшін соғыс басталмай тұрып, Төменарықтан бастап 40 шақырым жер канал қазу ісіне қатыстық. Каналдың биіктігі 6 метр, қолдап, кетпен, күрекпен қаздық. Ал соғыс басталысымен, барлық ер азаматтар соғысқа кетіп, жұмыс бала-шағаға қалды. Канал қазуды әрі қарай жалғастырдық, ол кез өте қиынның қиыны болды. От пен оқтың ортасында болмағанымызбен, өте ауыр жұмыстардың ортасында болғанбыз. Егін егу үшін бұл каналдың маңызы өте зор еді. Сөйтіп қалған 20 шақырым каналды елде қалғандар қазып бітірдік. Егін егу үшін жерді өгізге соқа жегіп айдап, атыз, тоған салып, әр атызға шлюз жасау күріш дәнін суды кешіп жүріп себу, күріш өніп шыққан соң түрлі қамыс, күрмек шөптерін қол орақпен ору, тыңайтқыш себу, қашан піскенше жұмыс тауысылмайтын. Ал күріш піскен соң, қол орақпен ору басталатын. Әр орушыға 12 сотықтан меже беріледі. Егер күндіз орып бола алмаса, түнде жарық шаммен орып бітіруі тиіс. Осындай жұмыстардан кейін тойып тамақ ішу де жоқ, тек күні бойы шаршағандықтан, ұйықтап кететінбіз. Осылайша қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткізгенбіз, – деп сол бір зұлмат уақытты ойға алып отырады. Атамыз 1954 жылы күріш егу жұмысында звено бастығы болып Жақаевшылар қозғалысына кірген. Әр гектардан 82 центнерге дейін өнім алған кездері болған. Ауылшаруашылық көрмесіне 3 рет қатысып, 2 күміс, 1 қола төсбелгісін алған, «Еңбек», «Қызылту» ордендерімен, «Құрмет» төсбелгісімен марапатталған. Зейнеткерлікке шыққалы түрлі мерекелерде төсбелгілермен, алғыс хаттармен марапатталып келеді. Атамның жоғарғы оқу орнын бітірмегені болмаса, өте сауатты газет-журналдың бүкіл санын құр жібермей оқып отырады, еліміздің саяси-әлеуметтік дамуынан хабардар, елдің жағдайын ойлап отырады, жаңашылдыққа жаны құмар жан. Қазіргі таңда әулетіміздің мақтанышы, Шиелі ауданындағы ең жасы үлкен тыл ардагері. Көзі тірі кезінде атамызға сый-құрмет көрсетіп, Шиелі ауданның құрметті азаматы атағын беру айып емес шығар деп ойлаймын. Былтыр аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі Айжамал Әбдіхамитқызы «Өскен Өңір» газетіне «Жүздің желкенін желбіреткен Жорабек» деген мақаласында өте тамаша жазған болатын. Жеңістің сексен жылдығына орай, атамның еңбегі еленіп, аудан, облыс көлемінде насихатталса екен. Әрине атақ-даңқ үшін емес, елге еткен еңбегі еленсе екен және ұрпақтар танып білсе деген ой. Атамыз немере-шөберенің ортасында бақытты ғұмыр кешіп отыр. Осындай көнекөз қарияларымыз, ата-бабаларымыз жанымен қорғап берген еліміз аман болсын! Отан үшін жанын қиған атабабаларымызды ұлықтау – біздің міндетіміз!

Алмагүл ЖҰПАРЫМБЕТ,
№205 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі,
тыл ардагерінің келіні
12 мамыр 2025 ж. 39 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (9301)

12 мамыр 2025 ж.

№33 (9300)

06 мамыр 2025 ж.

№32 (9299)

30 сәуір 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031