Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тылда тынымсыз еңбек еткен

Тылда тынымсыз еңбек еткен

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары тылда қызмет еткен еңбеккерлердің еңбегі, жеңісті жақындатуға қосқан үлесі аз емес. Майданға аттанған солдаттардың ас-суын, киім-кешегін уақытылы жеткізумен қатар ауылда қалған үлкен кісілер мен шиеттей бала-шағаның қамын қоса арқалап, тылда еңбек еткен жандардың бірі – Жұпаркүл Әлімбетова болатын.
Өткеннен сыр шертер тарих қатпарлары жас ұрпақтың тағылым алар жолсерігі іспетті. Азаттық таңы арайлап атқан берекелі күнімізге дейін қазақ халқы талай нәубет жылдардың куәгеріне айналды. XX ғасырдың орта тұсында Ұлы Отан соғысы жылдарындағы майдан шебінде төгілген қан мен тылдағы маңдай термен келген еңбек өскелең ұрпақтың жадында. Осы орайда тылдағы күйбең тіршіліктің бейнетін көрген Жұпаркүл ана жайлы үзік сыр айтуды жөн көрдік. Ол 1925 жылы Ташкент облысы, Қызылдихан ауданында дүниеге келген. Жастайынан еңбекке етін өлтірген бейнетқор жанның өмірбаяны тынымсыз тірлікке толы.
Әсіресе, 1941 жылы елдің бас көтерер ер-азаматтары түгелдей дерлік майданға аттанғанда, ауылдағы шаруашылықты жүргізуге қабілетті, қайраты мол әйелдер іске тартылды. Олардың қатарында осы Жұпаркүл анамызда болатын. Ол кезде күн мен түннің айырмасы белгісіз, қай жерде шаруа бітпей жатады, бәрі аттандап соған қарай ұмтылады. Кейбіреудің әлі жетпей жатады, енді бірқатарының денсаулығы кемшін. Ал Жұпаркүл сынды алдыңғы қатарда жүретін белсенді әйелге бұл кезде шаршауға да, тынығуға да болмайтын еді. Өйткені оның сәл ғана әлсіздігі байқалса, өзгелердің де сыр бере қоюы қиын емес-ті. Сондықтан оның екі білегін сыбана күні-түні шапқылап жүруі, тізе бүгіп отырған сәтін сездірмеуі жұрттың көзі үйренген көрініс еді. Ол жастайынан қара жұмысқа жегіліп күріштіктерде сушы болып жұмыс істейді.
Жұпаркүл Әлімбетова 1942 жылы Байдүйсен Тәркешов деген азаматқа тұрмысқа шығады. Өкінішке қарай қуанышы ұзаққа бармады. Тұтқиылдан соғыс оты тұтанып Байдүйсен қатарластарымен бірге сұрапыл соғысқа аттанады. Ал Жұпаркүл анамыз еңбек майданынан алыс болмады. Мұнан соң Шиелі каналының Төменарықтағы сағасынан бастап, аяғына дейін қолдап қазуға қатысады. 1942 жылы Төңкеріс колхозынан Ермағанбет Пәтта мен Жұпаркүл Әлімбетова сол кездері Тартоғайдағы Таштоп мекемесіне вагонмен сексеуыл дайындап жөнелтіп отырады. Жұпаркүлдің әрбір іске жауапкершілікпен қарайтынынан болар, оны Тасбөгетке плотина салуға жібереді. Сол жерде тұтқынға түскен немістермен қоян-қолтық араласа жүріп, дарияға салынған үлкен құрылысқа бастан-аяқ қатысады.
Плотинаны бітіріп ауылға қайтқалы тұрған кезінде бұйрық шығып плотина салуға қатысқан тұтқындағылармен қоса үш қазақ келіншекті Өскемендегі құрылыс материалдарын дайындау жұмысына жібереді. Ол жақтан 1946 жылы Жұпаркүл етінің тірілігінің және 5 сыныпты орысша оқығанының арқасында ауылға оралады. Заты нәзік әйел болғанымен ерлерге тән тірліктің бел ортасында жүреді. Құдай тағдырын қосқан қос жұп қос майданда шыңдалып, қайта қауышады. Екеуі де соғыс жылдары мен бейбіт кезеңде атқарған ерен еңбектері үшін марапат пен сый-сыяпаттан кенде емес. Жұпаркүл Әлімбетова «В.И.Лениннің туғанына – 100 жыл» мерекелік медалімен марапатталған. Өмірлік серігі Б.Тәркешовте қос бірдей майданның батыры атанған. Қара жұмыстың соңында жүрген отбасында 1949 жылы Әбдімәжит атты ұл дүниеге келеді. Ұрпақ сабақтастығын жалғастыруға бала тәрбиесіне ерекше мән берген отбасының бақытты күндері басталды. Болашағына сеніммен қарайтын ұлағатты ұлды тәрбиелеп өсіруде Жұпаркүл ананың сіңірген еңбегі зор.
Жұпаркүл Әлімбетова 1981 жылы 56 жасында қайтыс болды. Халқымыз «Орнында бар оңалар» деген. Бүгінде қос майдангерлердің артында қалған жалғыз ұлы Әбдіжәмит Байдүйсенұлының ұрпақтары өсіп-жетілді, балалары елдің ағасы атанса, қыздары бір-бір әулеттің түтінін түтеткен ардақты ана болды. Олардан тараған ұрпақтар да іргелі әулетті көпшілікке танытып, түрлі салаларда нәтижелі еңбек етіп жүр.

Ш.Тілеубаев
30 қараша 2022 ж. 413 0