Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖҮРЕКТЕ ҚАЛҒАН ОҚ

ЖҮРЕКТЕ ҚАЛҒАН ОҚ

Ауылдың бастау бұлағы алыста – 1939 жылдардың көлеңкелі күндерінде жатыр. Сырдарияның асау толқыны елді үрей құшағына орап, жұртты жаңа қоныс іздеуге мәжбүр еткен шақ. Сонда жұрт «Қышқұдық» атты жерге келіп, жаңа үмітпен, жаңа тыныспен тіршілік бастайды. Арада жыл өтер-өтпестен 1940 жылы «Қызылдиқан» колхозы құрылып, еңбек пен бірліктің негізі қаланды. Алайда тағдырдың тосын бұрылыстары бұл тыныштықты ұзаққа апармады. 1941 жылдың маусымы қазақ ауылдарына «қара қағаздың» суық хабарын әкелді. Сонау сұрапыл 1941 жыл... Жержаһан дірілдеді. Ат тұяғы мен танк доңғалағының астында адамзат тағдыры жаншылып жатты. Сол соғыстың алғашқы күнінен бастап, соңғы оғы атылғанша майдан даласында болған боздақтардың бірі – менің әкем, Нұрмағанбет Нұртаев еді. Ауылдағы азаматтардың бәрі майданға аттанды. Артында аналар, балалар, қариялар қалды. Бірақ олардың еңсесі түскен жоқ. Жас баладан бастап, қарияға дейін тылдың майданына кірісіп, бидай, тары, жүгері егіп, аштық және жоқшылықпен күресті. Бұл – көз жасымен жазылған тарих. Еңсе бермеген ерік-жігердің, ынтымақтың, халық рухының шежіресі.1945 жыл – Жеңіс жылы. Елге оралғандар көп болмады. Оралғанның бірі – Нұрмағанбет Нұртаев. Ол 1923 жылы дүниеге келген. 1941 жылы майданға аттанып, 1943 жылы ауыр жарақатпен елге оралды. Оның денесіне тиген бес оқтың төртеуі алынғанымен, біреуі жүрек тұсында қалып қойды. Сол оқ – өмірінің соңына дейін оның жанымен бірге өмір сүрді. Әкем оны ерліктің естелігі деп қабылдады. Соғыс бітіп, елге аман оралған соң, жанын жай таптырмайтын еңбекке ден қойды. Жаралы жан болса да, шаршау мен шегінуді білмеді. Ол кезде бригадир болу – бүгінгі командир болумен бірдей еді. Әйел, бала, қария – бәрін бір арбаға жегіп, егістікке алып шығу, өнім алып, ауылды асырау – Нұртаев секілді жандардың мойнындағы аманат. Ол аманатқа қиянат жасамады. Алайда өмір әкемді сынауын тоқтатпады. 1952-1953 жылдары жазықсыз жалаға ілігіп, Шымкент түрмесінде отырды. Бұл – әділеттің қапаста қалған кезеңі болатын. Алайда ол әділетсіздікті де жеңді. Ерлікпен ғана емес, төзіммен, ақиқатқа деген сеніммен. Мерзімінен алты ай бұрын бостандыққа шығып, елге оралып, қайтадан еңбекке араласты. 1953 жылдан бастап ол ауылдың зоофермасында жұмыс істеді. Бүгінде 79 жасқа келген ауыл ақсақалы Бұрхан Райымханов: – Нұрекең – еңбекке деген адалдықтың символы еді. «Төртақ жылқышы едік. Мен, Әбілмәжін, Қожан мен Ахмет. Көмекші берілмейтін. Малдың бар бейнеті бала-шағамызбен бірге біздің мойнымызда болатын. Нұрекең талапшыл, әділетті, ең бастысы – еңбекке адал жан еді, – деп еске алады. Ал ауылдың ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Әбдіқадіров: – Нұрекең – жаралы болса да, қарап отырмады. Біз ол кезде бала едік. Жұмыстың бел ортасында жүріп, өнеге көрсетті. Мал шаруашылығы мен егіншілік қатар жүрді. Ол – еңбек адамдарының шынайы бет-бейнесі еді, – дейді. Нұрмағанбет Нұртаевтың еңбегі елеусіз қалған жоқ. 100 жылқы, 100 құлын, табысты мал шаруашылығы – бәрі оның маңдай терінің нәтижесі. Ол «Еңбек» орденімен марапатталды. Бұл – жай ғана марапат емес, майдангердің, мүгедек жанның, халық мүддесі үшін жанын салған азаматтың еңбегіне берілген халық алғысы. 1964 жылдан бастап көру қабілетінен айырылады. Мәскеуге дейін барып ем іздейді. Бірақ денедегі оқ өз дегенін жасайды. 1997 жылдың мамырында ол бұл фәнимен қоштасады. Артында үш қызы мен бір ұлы өсіп-өнді. Бүгінде сол бір соғыстан соңғы жаралы бейбіт күндердің тіршілігіне куә болған ауылда тұрамыз. Әкем салып кеткен ізбен, сіңіріп кеткен рухпен өмір сүріп келеміз. Жыл сайын Жеңіс күні келгенде: «Олар аштықпен сыналды, біз тоқтықпен сыналып жатырмыз ба?» деген ой мазалайды. Осы сұрақтың жауабы – біздің тірлігіміз бен тектілігімізден көрінсе игі.
Сәбит НҰРМАҒАНБЕТҰЛЫ, ұлы
12 мамыр 2025 ж. 36 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (9301)

12 мамыр 2025 ж.

№33 (9300)

06 мамыр 2025 ж.

№32 (9299)

30 сәуір 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031