ЕРЛІКТІҢ ЕСТЕЛІГІ МӘҢГІЛІК

Аудан әкімдігінің қолдауымен қоғамдық даму бөлімінің тапсырысы аясында «Қазалы-Жомарт» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Чернобыль АЭС апатында қаза тапқан азаматтарды еске алу шарасы өтті. Тағзым алаңындағы гүл қою рәсімі осы ерлікті мәңгілікке ұлықтаудың маңызды сәті болды. Шараға қатысқан аудан тұрғындары мен зиялы қауым өкілдері, жастар мен мекеме басшылары бір минут үнсіздікпен сол қаза тапқан азаматтарды еске алып, олардың ерлігіне тағзым қылды. Бұл сәт Чернобыль апатына қатысқан барлық батыр мен ардагердің ұлы ерлігін ұлықтау еді.
Шара барысында аудандық орталық мешітінің бас имамы Рахат Қожанов Құран бағыштап, жиналған жұртшылықты сол азаматтардың рухына дұға етуге шақырды. Бұл – рухани тағзымның нақты көрінісі. Себебі әрбір халық өзінің батырларына құрмет көрсету арқылы болашақ ұрпаққа ерлік пен патриотизмді дәріптейді.
Гүл қою рәсімінен кейін «Руханият» орталығында өткен «Өткеннің үні – болашақтың үміті» атты танымдық экскурсия барысында жастар Чернобыль апатының тарихымен танысып, оның салдарларымен және сол апатты жоюға қатысқан азаматтардың ерліктерімен тереңірек танысты. Бұл іс-шара жас ұрпаққа тек өткеннің тарихын ғана емес, сонымен қатар адамзат үшін маңызды болған шешімдер мен әрекеттердің маңыздылығын жеткізу болды. Чернобыль апатының кейіпкерлері – олар тек апаттан кейінгі зардаптарды жойған ғана емес, адам өмірін қорғау үшін күрескен нағыз батырлар.
Жиынның соңында Шиелі аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Кенжехан Есенбаевтың қатысуымен «Чернобыль – естелік пен ерлік шежіресі» атты танымдық кездесу өткізілді. Мұнда Чернобыль апатына қатысқан азаматтар марапатталып, олардың ерлігі тағы да жоғары бағаланды. Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбеков атынан марапатталған азаматтардың есімдері енді аудан тарихында алтын әріптермен жазылып, олардың ерлігі мен патриотизмі ұрпақтан ұрпаққа берілетін өнеге болып қала береді.
С.МАДИЯРОВА