ӨНЕРІМЕН ТӘНТІ ЕТТІ

Кеше аудандық мәдениет үйінде мерекеге орай «Би өнері – ізгі өнердің өрнегі» атты аудандық би фестивалі өтті. Салтанатты кешке «Еркеназ», «Азия», «Салтанат», «Еркем-ай», «Дидар», «Наз», «Аяла», «Delice», «Лаула» және №47 мектеп би тобының бишілері қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Сахнаға шыққан әрбір қыздың биге деген ынтасы, қабілеті байқалып тұрды. Әсіресе, «Текемет» биін билеген «Салтанат» би тобы көзге ерекше түсті. Би – тек сахнаның сәні емес, көңілдің әні, достықтың дәні. Міне, бүгінгі шарада әрбір ұжымның өнерге деген адалдығы мен ыстық ықыласы әр қимылынан сезілді. Биік шабыт, төгілген тер, адал еңбек – барлығы сахна төрінен көрінді. Бишілерден бөлек, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздарды әннен шашу шашып, көрермендерді бір тамсандырды. Осылайша, би күніне арналған фестивальдің соңы марапаттау рәсімі мен естелік суретпен аяқталды.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ,
Сурет автордікі