МОЛШЫЛЫҚҚА БЕТ БҰРҒАН «МОЛШЫЛЫҚ»

– Жалпы ауылдық округке қарасты 26 шаруа қожалықтың әрқайсысы өз шамашарқынша жұмыс істеп жатыр. Олардың ішінде «Молшылық» шаруашылығы жақсы нәтижелермен көзге түсіп жүр, – деді. Бұл мағлұматқа қанықаннан кейін, біз қожалық басшысы Батырхан Койшыбаевпен кездесіп, шаруасымен таныстық. Кейіпкеріміз осы ауылда өсіп, өнген азамат. Әкесі Қалихан «Төңкеріс» колхозында бухгалтерлік қызмет атқарса, анасы Рзуан апай кеңес одағы кезінде сүт фермасында сауыншы болып еңбек көркін қыздырды. Мектепті бітіргеннен кейн Батырхан Ы.Жақаев күрішшілер мектебіндегі курсқа оқуға қабылданып, кең профильді механизатор мамандығын игеріп алады. Техниканы ұршықша үйіретін жас жігітті колхоз басшылығы бірден комбайнердің көмекшісі етіп жұмысқа қабылдайды. – Еңбек жолымдағы алғашқы ұстазым Рысбек Пірманбетов ағамыз болды. Ол кісі маған мамандық сырын аса бір ыждағаттылық, шыдамдылықпен үйретті. Мен де оны ұятқа қалдырмауға тырыстым. Бар деген жеріне бардым, берген тапсырмаларын дәл уақытында орындауға барымды салдым, – деді Б.Қойшыбаев бізбен әңгімесінде. Колхоз тарқаған соң Б.Қойшыбаев «Кенен», «Молшылық» ұжымдарында бас инженер қызметін атқара жүріп мол тәжірибе жинақтап, Төрехан Ахметов, Таңат, Мырзахан Ағмановтардан нарықтық экономика жағдайында ауыл шаруашылық бизнесін қалай жүргізу керектігін үйренді. Қазіргі уақытта ол «Молшылық» шаруа қожалығының жұмысын дөңгелетіп отыр деуге толық негіз бар. 40 үйді біріктіретін ұжым былтыр 60 гектар күріш, 100 гектар жоңышқадан тәп-тәуір өнім алды. Бүгінде ауыл шаруашылығы техникаларын жаңалатуды қолға алған. Одан бөлек бау-бақшамен айналысамын деген ағайындарға жыл сайын 7 гектар жер дайындап беріледі. Үлескерлер дивиденд ретінде қалауынша күріш, престелген жоңышқа алады. Батырхан шаруашылық төрағасымын деп кабинетте шіреніп отырмайды, қол күш керек болып жатса, комбайнның да, трактордың да, ауыр жүк көліктерін де өзі тізгіндеп, егін алқабына шығып кетеді. Біздің тәнті болғанымыз, бұл шағын ұжым болса да ауылда өтетін қайырымдылық шараларынан қалмай қатысады екен. Қазақ батырлары секілді алпамсадай ірі денелі, аузын ашса, ар жағында жүрегі көрінетін азамат, алдына көмек сұрап келген ауылдастрының ешқашан бетін кайтармайтын жомарт жан.
Айдар БАҚЫТЖАНҰЛЫ,
Сурет автордікі