Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АРТЫҚ ҒЫЛЫМ КІТАПТА...

АРТЫҚ ҒЫЛЫМ КІТАПТА...

Кітапхана – оқырман үшін үлкен тәрбие мектебі, сансыз сауалдардың жауабын табуға болатын киелі мекен. Бәсекеге қабілеттіліктің басты көрсеткіші, білімнің кәусар бұлағы – кітап екені белгілі. Кітап дегеніміз – алдыңғы буынның кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани мұрасы.
Жуырда Шиелі аудандық орталықтандырылған кітапхананың ұйымдастыруымен «Кітап – ғасыр мұрасы» атты оқырман бенефисі өтті. 23 сәуір — Дүниежүзілік кітаптар және автор құқығы күні қарсаңында өткізілген шараға кітапхананың белсенді оқырманы, Арман мәдениет үйінің әдіскері Жадыра Отарбаева шақырылды. Ол кітапхананың тұрақты оқырманы және кітапханада өтетін түрлі іс-шараға үзбей қатысады. – Кітап – ақы сұрамайтын алтын қазына. Жақсы кітап – жан азығы ғана емес, ол сенің өміріңдегі жанашыр жәрдемшің, тұрақты тірегің. Бала кезімнен кітапқа қатты қызықтым. Жүрген жерімде ең бірінші жаңа әдебиеттерді қолға түсіруге ынтығып, қараушы едім. Бәрінен бұрын жеке кітапханаңда тұрған қазынаға ешнәрсе жетпейді. Кез келген уақытта кітапты қолыңа алып, қайта парақтаймын десең де, оның өзі жаныңа көп демеу. Бізді желеп-жебеп келе жатқан да, сірә, кітапқа деген осы құмарлық, – деді кейіпкеріміз күлімдей сөйлеп. Сонымен қатар шарада Жадыра Отарбаеваның оқыған кітаптары арнайы көрмеде көрсетілді. Ол өзі оқыған ктіаптарынан алған әсерін оқырмандармен бөлісті. Кездесуге жиналғандар Ж.Камалқызы жайлы өте жақсы пікірлерімен бөлісіп, шараның қызықты өтуіне белсенділік танытты. Осылайша тағылымы мол басқосу кітап пен кітап оқудың үлкен бір мерекесіне айналды.

Айнұр ИБРАШЕВА, сурет автордікі
22 сәуір 2025 ж. 28 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№29 (9296)

22 сәуір 2025 ж.

№28 (9295)

21 сәуір 2025 ж.

№27 (9294)

15 сәуір 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930