Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » САҚТЫҚ – СЕЛДІҢ СЕРПІНІНЕ ҚАРСЫ ҚҰРАЛ

САҚТЫҚ – СЕЛДІҢ СЕРПІНІНЕ ҚАРСЫ ҚҰРАЛ

Су – тіршілік көзі. Бірақ табиғаттың тосын мінезі кейде суды апат көзіне де айналдыра алады. Әсіресе, Сырдария өзеніне жақын елді мекендер үшін көктемгі кезең – үлкен сын. Сырдария өзені – тек экономикалық ресурс емес, сонымен қатар қауіп көзі де. Осы орайда аудан әкімдігі мен төтенше жағдайлар қызметі жыл сайын аса күрделі дайындық жұмыстарын жүргізіп келеді. Биылғы 2024-2025 жылдардағы қыс-көктем маусымы да бұл тұрғыда ерекшеленіп отыр. 
Шиелі ауданының аумағын оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай 260 шақырым бойлай ағып өтетін Сырдария өзені – аудан үшін стратегиялық маңызға ие су көзі. Өзгермелі климат жағдайында бұл өзеннің тасу қаупі күрт артып отырады. Сол себепті 71,6 шақырымды құрайтын қорғаныс бөгеттерінің жағдайы, бекіту жұмыстары мен техникалық жабдықталуы басты назарда. «Су тасқынының алдын алу үшін қыс-көктем мезгілдерінде тиісті сала мамандары Сырдария өзені арнасындағы 10 су бекеттерінен, 4 су тораптарында су деңгейіне күнделікті мониторинг жүргізді. Ықтимал су тасқыны кезеңінде халықты көшіруге 61 эвакуациялық қабылдау пункті дайындалды. Қосымша 22 уақытша орналастыру, 13 жылыту пункті жұмыс істеді. Су тасқынына қарсы департаменттің күш-құралдарының құрамында 123 адам, 23 техника, 6 жүзу құралы, 33 мотопомпа мен 2 тікұшақ әзірленді. Өңірде су тасқыны кезеңі шығынсыз тәмамдалды, төтенше жағдай орын алған жоқ». Дәл осылай деп таяуда Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық ТЖД төтенше жағдайдың алдын алу басқармасының бастығы Бейбітхан Спанов мәлімдеме жасады.

ІС-ШАРАЛАР ЖОСПАРЫ – ӘРЕКЕТТІҢ ӨЗЕГІ
Өткен жылы 21 қазанда бекітілген іс-шаралар жоспары – Шиелі ауданында су тасқынына қарсы күрестің бағыт-бағдарын айқындаған құжат. Жоспар нақты әрекеттер мен жауапты мекемелерді белгілеп, тәуекел аймақтарын егжей-тегжейлі сараптауға мүмкіндік берді. Аудан аумағында биыл мұз ұстасу процесінің болмағаны жағдайды жеңілдеткенімен, ықтимал қауіптерге қарсы жүйелі жұмыс тоқтаған жоқ. Қаңтарақпан айларында арнайы жұмыс тобы құрылып, Сырдария жағалауындағы елді мекендердің техникалық жабдықталуы мен қауіпсіздік қорлары толықтай тексеруден өтті.

МАТЕРИАЛДЫҚ ДАЙЫНДЫҚ – НЕГІЗГІ ТІРЕК
Иә, апат айтып келмейді. Сондықтан апатқа қарсы қордың алдын ала жасақталуы – міндет. Бүгінде аудан бойынша 9 тонна ЖЖМ (жанар-жағармай), 5 000 қап, 2 000 қамыс бау, 20 тонна қойтас және 9 эвакуациялық жинақтау мен 10 қабылдау пункті толық дайындықта тұр. Бұл ғана емес, жауапты мекемелер тарапынан 52 техника мен 169 қызметкер кез келген уақытта жұмылуға әзір. Азаматтық қорғаудың 14 қызметі, 3 арнайы құтқару құрылымы, апаттар медицинасы қызметі – барлығы 181 маман және 54 техника су тасқынына қарсы тұруға сақадай-сай.
НАҚТЫ КАРТА, ШЫНАЙЫ ТӘУЕКЕЛ
Аудан аумағындағы Сырдария өзенінің бойында 6 мұз кептелу ықтималдығы бар учаске, 5 қорғаныс бөгетінің қауіпті бөлігі және 5 бақылау бекеті белгіленген. Мұндай нақты картография – жұмысты жүйелі жоспарлауға, шұғыл шешім қабылдауға, қауіптің алдын алуға жол ашады. Су тасқыны қаупі бар елді мекендер қатары да елеулі қысқартылған. Бұрын 13 ауыл су басу қаупі жоғары санатта болса, бүгінде ол 5 елді мекенмен шектелген. Бұл – жүйелі дайындық пен тиімді әрекеттің нәтижесі.
ҚАУІПСІЗДІК – АҚПАРАТТАНДЫРУДАН БАСТАЛАДЫ
«Су тасқыны – табиғаттың тосын мінезі. Бірақ қауіпке қарсы тұру – біздің қолымызда!» деп сөзін бастады аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Әділет Нұрмантаев. – Соңғы уақытта ауданымызда су басу қаупі бар 1521 үй назарға алынды. Осы бағытта Төтенше жағдайлар бөлімі белсенді жұмыс жүргізіп келеді. 2000 үнпарақ тұрғындарға таратылып, халықты ақпаратпен қаруландырды. Халық көп шоғырланатын орындар – Орталық мешіт пен «Желмая А.А.С» ЖШС сапаржайында дауысзорайтқыштар арқылы 10 мәрте хабарландырулар таратылып, жұртшылыққа қауіптің алдын алу жолдары түсіндірілді. Әлеуметтік желілер де тыс қалмады. Instagram, Facebook және ВКонтакте платформаларында 5 рет ақпараттық жарияланымдар шықты. Бұған қоса, LED экрандар арқылы да маңызды мәліметтер көпшілік назарына ұсынылды. Қауіптің алдын алу мақсатында 10 рет рейд жүргізілді. Қауіпсіздік – ортақ іс. Қыс пен көктем кезіндегі қауіп-қатерлер туралы 2 мақала бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, тұрғындар сақтыққа шақырылды, – дейді аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы.
ҚАУІПСІЗДІК – ҰЖЫМДЫҚ КҮШТІҢ ЖЕМІСІ
Су тасқынына қарсы күресте Шиелі ауданының тәжірибесі мақтануға тұрарлық. Мұнда табиғи қауіппен күрес тек төтенше жағдайлар қызметіне жүктелмей, жергілікті әкімдік, мекемелер, тұрғындар арасында шынайы ынтымақтастық орнаған. Құралжабдық, маман, материалдық қорлармен қамтамасыз етілу, дер кезінде жүргізілген ақпараттық-түсіндіру жұмыстары – бәрі де нақты нәтиже берді. Ең бастысы – биылғы маусымда төтенше жағдай орын алған жоқ. Бұл – қауіпті жеңудің емес, оған дайын болудың жетістігі.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
21 сәуір 2025 ж. 32 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№28 (9295)

21 сәуір 2025 ж.

№27 (9294)

15 сәуір 2025 ж.

№26 (9293)

13 сәуір 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930