КҮРІШ АҚТАУ ЖҰМЫСЫ ЖОЛҒА ҚОЙЫЛЫП КЕЛЕДІ

Бұл бағытта осыдан екі жыл бұрын құрылысы басталған ТОО «MAA INBEST GROUP» күріш ақтау цехы қазір қарқынды жұмыс істеуде. Диірменнің қуаттылығы тәулігіне 30 тонна күріш ақтайды деп жоспарланып, қазіргі таңда 14х3 шаршы метр диірменнің құрылыс жұмыстары толық аяқталған. Оған жұмсалған қаражат көлемі 35 млн теңгені құрайды. Бүгінде 40 млн теңгеге қытайдан диірменнің құралжабдықтары сатып алынып, орнатылу жұмыстары жүргізілді. Жалпы жобалық құны 75 млн теңгені құрайтын диірменді іске қосу үшін 3 фазалық трансфарматорын орнату, монтаждау жұмыстары жүргізілді. Диірмен былтыр жыл соңына іске қосылды. Сонымен қатар өткен жылы ЖК «Тұрлыбаев Досжан» күріш ақтау диірмені толыққанды жұмысын бастады. Өндіріс орны сағатына 5 тонна күріш ақтауға қауқарлы. Жалпы жобалық құны 350 млн теңгені құрайтын диірмен, жылына 15000-20000 тонна күріш ақтайды. Сала мамандарының айтуынша, өндірілген күріштің 70%-ы ішкі нарықта сатылып, қалған 30%-ы шет елдерге экспортталатын болады. Қазіргі таңда диірменде 10 адам жұмыс істейді. Жыл басынан бері Қырғызстан Республикасына 352 тонна күріш экспортталды. Аудандық ауыл шаруашылығының жол картасында биыл іске асырылуы жоспарланған тағы да бір ауқымды жоба – «Ақмая» шаруа қожалығының күріш ақтау диірмені. Бұл диірменнің құрылыс жұмыстары 2020 жылы бастау алған. Жобалық құны 200 млн теңгені құрайтын өндіріс қуаттылығы тәулігіне 100 тоннаны құрайды деп жоспарлануда. Қазір құрылысы 1125 шаршы метрды құрайтын диірменнің өз қаражаты есебінен құрылыс жұмыстары толығымен аяқталған. Іске қосылған соң, 5 адамды жұмыспен қамтитын болады.
Гүлхан ЯХИЯ