Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АРДАҚ ЖАНАЙДАРҰЛЫ: БІЗДІҢ МЕКТЕП – ЧЕМПИОНДАР ШЫҢДАЛАТЫН НАҒЫЗ ТӘРБИЕ ОРДАСЫ

АРДАҚ ЖАНАЙДАРҰЛЫ: БІЗДІҢ МЕКТЕП – ЧЕМПИОНДАР ШЫҢДАЛАТЫН НАҒЫЗ ТӘРБИЕ ОРДАСЫ

Қазіргі таңда ауданда спорт саласы қарқынды дамып келеді. Спорттың қай түрін алсаңыз да ауыз толтырып айтатын жаңалық көп. Әсіресе, кәсіпқой деңгейде спортпен шұғылданып жүрген ұл-қыздарымыз елдің, өңірдің абыройын асқақтатып, халықаралық дәрежеде көк байрақты желбіретуде. №9 Шиелі ауданының олимпиадалық резервтің мамандырылған балаларжасөспірімдер спорт мектебі де спортсүйер жастардың сүйікті ордасына айналған. Заман талабына сай бой көтерген зәулім нысанның жұмысымен танысу мақсатында мектеп директоры Ардақ Айтуаровпен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
– Ардақ Жанайдарұлы, сіз басқарып о т ы р ғ а н № 9 Ш и е л і а у д а н ы н ы ң олимпиадалық резервтің мамандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің жұмысына кеңінен тоқталсақ. Спорт нысаны қай кезден бастап жұмысқа кірісті?
– Кешен 2023 жылы қараша айында ашылды. Міне, осы жылдан бастап спорт нысаны тоқтаусыз жұмыс істеп, Шиелі ауданының жас жеткіншектеріне қызмет көрсетіп келеді. Аталған мектепте спорттың 15 түрімен 1362 спортшы шұғылданады. Ал жас спортшылармен 32 жаттықтырушы жұмыс істейді. Басым көпшілігі олимпиадалық спорт түрлеріне негізделген.
– Мектептің құрылымын сипаттап өтсеңіз?
– Өздеріңіз көріп отырғандай, мекемеде барлық жағдай жасалған. Жалпы, аталған спорт базасында 83 адам қызмет атқарады. Жаңадан салынған ғимарат бір қабаттан тұрады. Есіктен кіргеннен бастап аурасы кең, жарық. Іште жаттығу залдары, ал далада үлкен футбол алаңы бар. Ол арнайы жасанды төсенішпен жабдықталып, үлкен жарыстарды өткізуге ыңғайлы. Сонымен қатар ойын залын да ерекше атап өткен жөн. – Мектепке балаларды қай жастан ­бастап қабылдайсыздар?
– Аудан балалары үшін салынған нысан болған соң біз барлық жағынан қамтуға тырысамыз. Балаларды 8-10 жастан бастап қабылдаймыз. Әрине біз оларды бірден спорттың қиын түріне қабылдай салмаймыз. Спорттық мектеп болғасын жас жеткіншектердің спортқа деген қызығушылығын ояту мақсатында ең бірінші ойын түрлеріне аламыз. Содан кейін ыңғайына қарай, өздерінің таңдауы бойынша бейімділігін байқап, басқа спортқа икемдейміз. Алдымен балалардың ынтасын, қызығушылығын оятуға баса мән береміз. Ол үшін біздің арнайы мамандар мен жаттықтырушылар жұмыс істеп, балаға бар жағдайды жасайды.
– Ендігі кезекте мектепте жаттығып жатқан болашақ чемпиондардың жетістігіне аз-кем тоқталып өтсеңіз...
– Бұл жағынан да ауыз толтырып айтатын жаңалығымыз көп. Аз ғана уақыт болса да қатысқан жарыстан қоржынымыз бос қайтқан жоқ. Өзіңіз білесіз, жекелеген спортқа қарағанда командалық спортта жетістікке жету өте қиын. Соған қарамастан біздің мектептің волейболшылары жақсы көрсеткішке ие. Мысалы Орал қаласында өткен жарыста жас спортшылар екінші орынды қанжығасына байлады. Таэквондо спортында да мақтаныштарымыз бар. Атап айтсақ, Таңсұлу Шералы, Іңкәр Серікбаева, Сайдхамзат Хазуевтің талпыныстары өте мықты. Болашақта бұл мықтыларымыз әлем чемпионы болады деп отырмыз. Ауыр атлетикада Мұхаммед Бақытұлының шәкірттері осал емес. Мәселен, Алинұр Шераханның бұл спортқа деген қызығушылығы ерекше. Ол 2009 кіші жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатында бірінші орынды еншілеген. Ал Ерхан Қонысбеков Көкшетаудағы ауқымды жарыста күмісті місе тұтты. Қол добынан да ауыз толтырып айтар жаңалығымыз бар. Қыздар командасы әр түрлі қалаларға барып, жүлдемен оралып жүр. Міне, осындай жетістіктеріміз бар. Алдағы уақытта бұдан да жоғары өнер көрсетеміз деген ойымыз бар. Спортшылармыз қай жарысқа барса да жүлдесіз оралмайды. Панкратионнан да, футболдан да, кикбосингтен және грэплингтен де жоғары нәтижеге қол жеткізіп жүр.
– Мектебіңіздегі жеткіншектердің жетістігіне қуанып отырмыз. Ендігі жерде өзіңіздің жетістігіңізге тоқталсақ. Сізді біз спортшы ретінде жақсы білеміз. Қазір басшылық орынға келген соң, қазақ күресінен қол үзіп қалмадыңыз ба?
– Сауалыңыздың төркінін түсіндім. Басшылық қызметке келген соң, мен өзім басқаларға үлгі болуым керек. Басшылықты да, спортты да бірге алу маңызды. Енді менің орындықта отырып қалғаным жарамас. Сол себептен қазақ күресін тастағам жоқ, тұрақты шұғылданып тұрамын. Спорт шебері деген атаққа үміткермін. Үнемі спорттық қалыпта болу үшін жаттығудан қол үзбеймін. Басшылық менің қызметім болса, қазақ күресі – менің мәңгілік өмірім!
– Бәрекелді, бұл – нағыз білікті басшы, нағыз спорт жанашырының жауабы. Алдағы уақытта қандай жоспарларыңыз бар?
– Жоспарлар көп. Спортты дамыту үшін, ең бірінші жүйемен, жоспармен жұмыс істеу қажет. Алда олимпиадалық спорт түрлерін көптеп ашсақ деген ойымыз бар. – Сұхбатыңызға рақмет, заман талабына сай ашылған спорт мекемесі болашақ чемпиондардың ұстаханасына айналсын!

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ
17 сәуір 2025 ж. 98 0