Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауыл спортының еңсесі биік

Ауыл спортының еңсесі биік

Талаптан ауылдық округіндегі №10 олимпиадалық резервтің балалар мен жасөспірімдер мектебінің жас спортшылары дүбірлі додаларда топ жарып, аудан абыройын асқақтатып жүр. Боз кілемде белдескен жас палуандардың ауыз толтырып айтар жетістіктері жоқ емес. Барлығы да келешекте «Олимп шыңын бағындырсам» деп армандайды.
Елімізде спорт саласына жан жақты қолдау көрсетілуде. Соңғы жылдары аудандағы бірқатар спорт клубтары жаңарып, материалдық техникалық базасы нығайды. Мәселен, ­Талаптан ауылындағы №10 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі биыл толықтай күрделі жөндеуден өтті. Аталған мектептің құрылысына 398 млн қаражат бөлініп, мемлекеттік сатып алу заңына сәйкес конкурс жұмыстары болып, жеңімпазы анықталып, құрылыс жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде ғимараттың шатырын жаңартып, сыртын қаптап, электр құрылғыларын қайта орнатып, әрлеу жұмыстарын жасаған. Бүгінде спорт мектебінің құрылысы толықтай аяқталды. Осындай еңсесі биік кешеннен алдағы уақытта әлем чемпионаты шығар күн жақын деп ойлаймыз.
Осы ретте дана халқымыз «Тәні саудың – жаны сау», «Бірінші байлық – денсаулық» деп бекер айтпаған. Себебі салауатты өмір сүрудің алғы шарттарының бірі спорттың адам өмірінде алатын орны, тәрбиелік мәні ерекше. Спорт пен денсаулықты басты ұстаным еткен спорт кешені жетістіктерден кенде емес. Әсіресе тек ауданның ғана емес қазақ елінің көк байрағын көкке көтеріп, ел намысын қорғап жүрген №10 олимпиадалық резервтің балалар мен жасөспірімдер мектебінің жас спортшыларын мақтанышпен айта аламыз. Аталған мектеп 2005 жылдан ­бастап балғын жастарды спортқа баулып келеді. Қазіргі таңда ­­­­­­­­Ардақ Айтуаров басшылық ететін Бала бидегі спорт мектебі 250-ден аса жас жеткіншектерді спорттың сан түрінен жаттықтыруда. Оның осы мектептің техникалық базасын жасақтап, спорт жабдықтарымен қамтамасыз етуге зор үлес қосқанын да айта кетуіміз керек. Ардақтың тәлімін алып, нұсқауымен жаттыққан талай оғлан жеңіс тұғырынан көрініп, әлемдік додаларда ел абыройын асқақтатып келеді.
Айта кетейік, Талаптандағы толағайларды тұғырға шығарған ең білікті бапкердің бірі – Әлімбай Дәулетов болды. Ол №50 Абай мектебінде 45 жылдай дене тәрбиесінен білім берген. Білім ордасында жүріп-ақ талай шәкірттерін салауатты өмір салтына тәрбиелеп, ауылдың шымыр жастарын грек-рим, қазақ күресіне баулыды. Талай қазақ балалары күрестің қыр-сырына қанығып өсті. Ауыл балаларынан чемпиондар дайындады. Соның бір ғана дәлелі – шәкірті Ғабит Тәжбенов пен Ардақ ­Айтуаровтар осы спорттан чемпион болды. Сондай-ақ 2014 жылы шәкірті Ғани Келдіғұлов Орынбор қаласында қазақ күресінен әлем чемпионы атағын алды. Бүгінде Ғани Қазақ күресінің жаттықтырушысы қызметін атқарады. Бойында бұла күштің қайнары бар екенін көрген Ә.Сағынбайұлы сол сәттен бастап көптеген спортышылардың алғашқы ұстазына, жаттықтырушысына айналады. Күреске шыңдаған шәкірттері бүгінде балғын балаларды жаттықтырып биік белестерге жетелеген бапкерлерге айналды. Мәселен, Қайрат Жолмырзаев, Нұрғали Қуаныш, Асқар Жүсіпов, Дастан Тілеубаев сынды спорттың қыр-сырына машықтанған жаттықтырушыларды айтпай кетуге болмас. Алуан түрлі спорттық тәсілдерін ауыл балаларына үйретіп жүрген шеберлердің нәтижесі де жақсы. Атап айтар болсақ, Дарын Балтабеков Қазақстан және Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Сонымен бірге Елдос Мырзағұлов 2018 жылы Көкшетауда өткен ҚР чемпионатының жас барысы, 2019 жылы Елордада өткен жас барыстың күміс жүлдегері атанды. Атырауда өткен жас палуандар байқауында жауырыны жерге тимеген Ердаулет Әбдімүтәліпов, Рахымжан Аманжолов, Бейбарыс Тоқтасын, ­Наурыз Садықбеков, Фараби Қытайбек, Арман Әбдіқадыр, Думан Әбдіқадыр, Ерасыл Тілеубай, Сырым Рахметұлы, Нұрым Мырзағұлов, Сабыржан Рантай сынды болашақ чемпиондардың барлығы білегі мығым бапкерлерден дәріс алып жүр.
№10 балалар, жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Ардақ ­Айтуаров «Бұқаралық спорт түрлерін дамыту арқылы біз көптеген жетістіктерге қол жеткізе аламыз. Мәселен, спорт мектептерінде тәрбиеленген болашақ жеткіншектер мен жасөспірімдерді ­зиянды әдеттерден аулақ ұстауға болады. Қоғамдағы тәртіп бұзушылық пен қылмыстың алдын алуда да оң әсерін береді. Жастардың спортқа деген белсенділігін арттырып, жеңіс жолындағы шыңдарды бағындыруға жол ашуымыз керек. Ел игілігі үшін жаңартылған спорт мектебі болашақта елдің намысын көтеретін мықты ­чемпиондар тәрбиелейтін ошаққа айналарына сенімдіміз, – дейді ол.
Шынында ауыл спортының келешегі жарқын. Олимпиадалардың жоғары шыңдарын бағындыруда ауыл спортшыларының әлеуеті жетерлік. Талмай еңбек ете берсе болғаны.

Ш.ШАҒДАТҰЛЫ
24 қараша 2022 ж. 1 611 0