ҚАДАМЫ ҚҰТТЫ ІЗГІ НҰР, ШУАҒЫН ШАШҚАН ҚЫЗ ҒҰМЫР!

Өзім мәдениет бөлімінің басшысы қызметінде болған 5 жылға таяу мерзімде Құттықызды жақынырақ білудің сәті түсті. Өз қадірін білетін білікті кадрдың «өзің кім?»-і қылаң берген. Көп жылғы тәжірибесімен жұмысын жетік меңгерген басшының «өзімін» өр мінезіне жорып, «мен» дейтінінен мін іздемедім. Ортақ іске үйіріле кететін жауапкершілігі басым. Осылайша, әу дегенде үрпиісіп, сынай қарасқан көзқарас көп ұзамай бір арнаға тоғысты. Әріптестік сыйластығымызды сақтап, аудандық, облыстық деңгейдегі бірқатар мәдени шараларды абыроймен атқардық. Сырт көз мұражай қызметінің қыры мен сырын жете ұғына бермейтіні бар. Ал әлемдік өркениетті мәдениет ұғымы тұрғысынан мұражайға айрықша көзқарас қалыптасқан. Әр елдің жоғары мәдениетін паш етіп, қадым замандардан сыр ұқтырар, арғы-бергі даму тарихынан терең мағлұмат беретін бірден бір орын. Әлемдік қауымдастықтағы көшбасшы елдердің көне мәдени мұрасын қастерлеп, көздің қарашығындай сақтайтыны сондықтан. Бейнелі өнердің жауһар шыңы ретінде танылған Леонардо да Винчидің Моно Лизасын түпнұсқадан көру үшін ғана жылына миллиондаған туристер тасқыны ағылады екен. Пәлен ғасырлық тарихы бар Грецияның Акрополь музейі мен Француздың Луврын көрмесек те, өзім көріп тамашалаған Эрмитаждан алған әсерім ғажап, естен кетпес өзгеше әлем. Төрінде тұғырға қонған өзіміздің тайқазанды көріп ауыз ашқанбыз. Қаз-қатар тізілген бас сүйектердің ақсиған тістері ашу-ыза ызғарын шашып, үңірейген көз ұялары өшпенділік отын шарпығандай шошынғанбыз. Тайқазан мен Кейкі батырдың басын қайтарған Тәуелсіздігімізге тәуба! Айбынды алып мемлекеттің құрық бойламайтын құпиясымен қырық құлып астында хан Кененің алтын басы жатыр әлі... Ал біздің ауданымыздағы музейлердің тарихы ел тәуелсіздігін алған 1990 жылдардан бастау алды. 12 жыл Нартай Бекежанов мемориалдық өнер музейін басқарып, зейнет жасына дейін 16 жыл үздіксіз Ыбырай Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейінің шырақшысындай болған Құттықызды Шиелі ауданы музейлер тарихының іргетасын қаласып, бастауында болды десек орынды. Жүрген жерін гүлмен көмкеріп, түрлендіріп жүретін Құттықыз Шайыққызы осы қызметінде бар қабілет-қарымы, ұйымдастырушылық қасиеті, іскерлігімен танылып бедел арттырған үлкен абырой жинады. Жаңадан салынған музей ғимаратының іші мұнтаздай таза, ауданымыздың шартарапқа атын шығарып даңқын асырған ақкүріштің атасы Ыбырай атаның киген киімдерінен бастап, тұтынған заттарына дейін, құнды құжаттар мен еңбек құралдары реттілікпен қойылған экспонаттардан тұтас бір дәуірді көз алдынан өткересіз. Ал аулаға кіре беріс алуан түрлі гүлмен көмкерілген көз тартарлық көрініске ауданға келген талай дәрежелі қонақтардың тәнті болғанына куәміз. Тынымсыз ізденіспен Ыбырай атасының аруағын тербеп 2 журнал, 4 кітап құрастырып шығарып үлгергені шығармашылық ізденісі өз алдына әңгіме. Қай кезде барсаң да бел шешіп белін буынған қарбалас жұмыстармен жүрген оның қашанда тың ұсыныс, идеялары да, таусылмайды... Мектеп оқушыларынан бастап, ауыл қарияларына дейін үйіріп, әңгімеге тартып таспаға жазып, сұхбат алып жатады. Ұлттық салт дәстүрді жаңғыртудың хас шебері. Кимешектен кебіске, оймақтан инеге дейін түгендеп жүргені. Ұлттық нақыштағы киім үлгісінен бастап байырғы бұйымдар мен мүлік-мүкаммалдың түр-түрін көріп, он сан ұлттық тағам түрлерінен табанда ауыз тиіп, ағаш күбіден жаңа түскен май жалаған кездеріміз аз емес... Облыс бойынша тұңғыш рет музейлер арасында осы салаға сіңірген еңбегі бағаланып «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен де осы жерде марапатталды. Ел аузында атақты Арзулламен айтысыпты деген сөз бар. Бұрын өзім білмеген осы сауалдың мән-жайын сұрамаймын ба? Орын алған мәнжайдың қысқа нұсқасы былай өрбиді. Жетпістің үстіндегі Арзулла ақын Арғын атаға күйеу, Құттықызды балдыз қылып мынадай әзіл сөз салған ғой сабазың: Құттықызжан, бүгін түнде түсімде, Сен екеуміз ынтық жандар пішінде. Тар төсекте жолығыппыз жалаңаш, Ыстық құшақ, ерлі-зайып «ісінде»... 5-6 шумақ ойқастап барып «жан едің ғой ақыл ойдан құр емес, Неге ғана кірді түске бұл елес?», осы түсті жорып бер дейді. Жездесінің желөкпе «жыртыңын» ұнатпай Құттықыз табанда жауап қатыпты: Сайтан кіріп айналдырған түсіңде, Қылығың жоқ, құдай сүйер ісің де. Сен байғұста қандай шама, не қауқар? Кәрі қошқар он саулықтың ішінде – деп бір түйреп алып: Мен тап-таза, мөлдір тамшы тұнығы, Сен ағынсыз, сусыз дария жылымы, Мен сұлу қыз тарқатылған бұрымы, Сен қаңбақ шал, сынық сүйем құрығы. Насыбай тұрар тісің де жоқ кем иек, Езуінде жылт-жылт етіп шылымы, Көкнар иіскеп қартаймаған мұрыны... – « тары кірген түсіне қоқи қораз, есі бар шал дәретпен оқыр намаз, дәмең зор, маңдайың сор» деп біраз желкелеп алып соңынан: «Сен байғұста қалды дейсің не қауқар? 75-тегі қандай шамаң, не әухал?» дегеніне Арзекең былай деп үн қатыпты: Шырағым, бар екен-ау долылығың, Байқадым сөздеріңнен соны бүгін. Мен сенен басқа бұйым сұрадым ба? Түсімнің жөнін айттым жоруының. Ағыбай (арғын) жетпіс бесте жауға шапқан, Жөн болмас менің қыздан қорынуым. Қарқыным қайтқанменен, қайратым бар, Әлі де тепкісі зор тебінгімнің... – дегеніне Құттықыз: «Бұл өмірде түрлі жұмыс көреді ер, Жақсы ойменен әрбір пенде көгерер. Күдер үзбе, үмітіңді соза бер, Қай кезде де ішкі дерттен азады ер», – деп ақын ағаны «мүсіркей» қайырып: Еркек болып онда ешкімді аңсама, Жылдам ұмыт, мәңгі есіңде қалса да. Өзіңе кеп айтпақ түгіл өз ойын, Түс көре алмай, жүрген жігіт қаншама?!. - деп әдемі түйіндейді. Тәжірибелі, кәсіби шеберлігі шыңдалған ақынмен арадағы көп жыл бұрынғы осы сөз сайыс жалғасын таппағаны өкініш. Жұмысбастылық, әлде жеңіл әзілге жорып мән бермеді... Шамына тиген болып қайымдасып айтыс өнеріне баулығысы келген ақын жезденің өмірден озуымен лып етіп тұтанған шырақ жанбай жатып өшіпті. Қоламтасын үрлеп отырып бұрын еш жерде жария болмаған, ұзын ырғасы 50-60-шумақтантан кем емес осы жолдарды Құттықыздың қойын дәптерінен алдым. Орамды ойларын түсірген көк дәптер сөйлеп кеп берсе, шығармашылық жаңа қырынан да танылар еді-ау дегенге күмән келтірмедім. Әрбір адам – өзінше әлем. Оған ұшқыр ой, орамды тіл, әдемі әзілге құралған жезде мен балдыз арасындағы тәптәуір айтыстан үзінді осы шумақтар дәлел. Енді сұхбатымызға көшейік.
– Сіздің туған жеріңіз бұрынғы Үлгілі, қазіргі Нартай ауылы. Ата-анаңыз, өскен ортаңыз жайлы бірер сөз сұрап, балалық шағыңызға аздап «саяхат» жасасақ, жаңсақ сұрақ бола қоймас...
– Әрине. Бала жасымнан ұяң қыз болмағаным ақиқат. Жастық шағым – өмірімнің емірене еске алар ең тәтті кезеңі. Еркелігімнің шені де, шегі де жоқ себебі бар. Ыхан – үлкен атам. Әкем Шайық, анам Тойлыбайқызы Райхан отасқан 18 жылда шарана иіскеп құдайға жалбарынып жеті суды сағалап, жеті әулиені жағалап жүргенде мен дүниеге келгенмін ғой... «Шәулімшеден Оқшы Атаға дейін 3 рет жалаңаяқ барғанымда табаным ойылды» деп отыратын анам марқұм. Әжемнің (Бибісара) қойнында, әкемнің мойнында өстім десем өтірігі жоқ. Тілім шыға бастағанда Ыхан атам мен Нартай атамның інісі Сыздық былдырбылдыр тіліме қызығып не бір тұрпайы сөздерді үйретсе қағып алар құйма құлақтың өзі екенмін. Содан үйренген боқтығымды боратпаймын ба оңды-солды... Мектепте буфетчица болып істейтін анам «балам-ай, қыз баланы осынша бейпіл ауыз етіп қалай тәрбиелегенсің?» дейтін үлкендерден сөз естіп ұятты болады екен. Балалық қой, әйтсе де осы кезге дейін ашуым келсе тілім қышып тұратыны бар... Әкем 30 жыл колхоздың өндіріс бригадирі болып жұмыс істеді. Еңбек ері атағын алған Шырынкүл, Ұлбала, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығын алған Бағлан Әшірбековтер осы бригададан шыққаны мен үшін үлкен қуаныш, биік мәртебе. Осы кісілердің адал еңбектері мен атақ- абыройына еш күмәнім жоқ, олардың ішінде менің әкем мен анам да бар. Оған бүкіл ауыл халқы куәлік еткен талай әңгімелер естіп жүрдік. Ең болмаса 50-ге де толмай, бірінің артынан бірі әуелі анам, жыл толар толмаста әкемнің өмірден ерте озғандары ғана өкініш!..
– Өмірдің өз заңдылығы бар. Ерте есейткен тағдырыңызға өкпеңіз жоқ па?
– Өкпем жоқ, өкініші қалды бірақ. Ерке қызының есейіп, балаларының үйлі-жайлы болып орнығып, қызметке араласқан абырой қызығын көрмеді-ау деген арман ғана... «Орнында бар оңалар» деген, қара орын қаңырап қалған жоқ, жастау болсақ та аңырап біз, артында із қалғанына шүкіршілік етемін. Еркелік жайына қалды. Артымнан ерген жеткіншектерді оқыту, жеткізу бар жауапкершілік мойынға түсті. Мойымадым. Әке-шешемнің қанымен келген қайсарлық, өр мінез барлық уақыттарда өрге жетелеп келеді десем құр мақтан емес. Жігерімді қайрап, намысқа тырысып ілгері жылжыдым. Сіңлімді бар жөнжоралғысымен ұзатып, інілерімді үйлендіріп, үйжай қылып бар қиындықты еңсеріп «уһ-һ» деп жан-жағыма қараған кезде «кәрі қыз» атандым. Бізге де құдайдың бұйыртқан бір жақсылығы бар шығар деп қызметтің қызығына түстім де кеттім. Сабыр түбі – сары алтын, солай болды да...
– Қызметтің қызығы демекші, жұмысты қай жерде бастадыңыз, өнер-мәдениетке қалай келдіңіз?
– Алматы қаласындағы педагогикалық училищенің мектепке дейінгі балалар тәрбиешісі бөлімін бітіргенмін. Еңбек жолымды мамандығыма сәйкес өзім туып-өскен ауылдағы «Қарлығаш» балабақшасында әдіскер болып бастадым. Үлкен құлшыныс, аса қызығушылықпен жүргізген жұмыстарым оң нәтижесін берді. Балабақшада қызықты тақырыптық семинарлар, оқулар, жарыс, сайыстар өткізген жұмыстарым көрініп, таныла бастадым. Жас кадр есебінде резервке алынып, 1986 жылы колхоздың комсомол комитетінің хатшысы болып сайландым. Аудандағы іргелі шаруашылық басшыларының бірімін дегенге сене алмай, көпке дейін ұялып та жүрген жайым болды. Өзім де жаспын, ауыл жастарымен ақылдаса келіп бос уақытты тиімді пайдалану деген желеумен ауылдың дәл орталығына алтыбақан орнатып, ақсүйек ойнатқан думан кештерімізге ауылдың үлкендері де әуестік, қызығушылық танытып келіп қатысып тамашалап жүрді. Ауыл жастарының үйлену тойына әсем безендірілген күйме орнатылған атарба жегіп думанды серуен ұйымдастырған жұмысымыз телеарнаға түсіріліп, бүкіл республикаға тарады. Жасымнан биге бейімім бар (арнайы білімді би маманы болмасамда) қызығушылықпен ауылдағы 16 қызға би үйретіп сол кезде кең тараған «Ата толғауы» күйіне қойған композициямды көрермен жұрт өте жылы қабылдады. Аудан, облыс жұртшылығын былай қойғанда, тіпті Алматыға барып қойған концертпен абыройымыз артты. Осы топпен бірнеше танымал ән-күйлерге би қойып халыққа мәдени қызмет көрсеткен жайымыз, «Қарлығаш» бақшасының балаларынан іріктеп «Дин-Дон» атаумен әуез ырғағымен үндестікте қасықшылар тобын құрып, аудандық, облыстық мәдени шараларға қатысқанымыз ойға оралғанда «Апыр-ау, осының бәріне қалай үлгергенмін?» деп қайран қаламын бүгіндері. Ауыл жастарынан құралған «Шаттық» вокальдық инструментальді ансамблімен аудан шаруашылықтары мен ауыл аралап концерт қойып, «Нартай сазы» фольклорлық этнографиялық ансамблінің атын шығарып, халықтық атағын қорғауымыз өзім жетекшілік жасайтын бала бақша мен музей қызметкерлерінің тікелей еңбегі. Өнер-мәдениеттің құдіретін танып табалдырығын аттаған жылдарым да осы тұс.
– Иә, алау атқан жастық жалын, өнерге деген құштарлықтан да болар, ауылда жүріп, аудандық деңгейде жұмыс ұйымдастырған талпыныс босқа кетпепті. Дегенде, саналы ғұмырыңыздың көбін музейге арнап бедел арттырған Сізді осы саланың білгірі ретінде танитын аудан халқының құрметі де зор...
– Саланың қаншалықты білгірі екенімді аудан жұртшылығы осылайша бағаласа, әрине ол мен үшін үлкен құрмет. Музейлер мұрасына, қасиет қонған аталар рухына адал болғаным анық. Қолдан келгенше аудан халқына қызмет еттім, ауданға қонаққа келген небір дәрежелі ғалымдар мен жазушыларға, қоғам және мемлекет қайраткерлеріне аудан тарихынан аз сөзбен кең көлемде мағлұмат беру үшін де үнемі шығармашылық ізденісте болуыма тура келді. Соның нәтижесінде 4 кітап құрастырып, 2 тарихитанымдық журнал шығардым. Нартай музейіндегі басшылық қызметімде де облыстағы 8 музейдің алды болып көрініп, бағалы сыйлықтар алып, үнемі 1-ші жүлделі орын иеленген мадақтау-марапаттан кенде болған емеспін. Нартайдың 110 жылдық мерейтойы қарсаңында республикаға танымал музыка зерттеушісі, еліміздегі жалғыз дыбыстар мұражайының директоры Юрий Петрович Аравинді шақырып, ауыл өнерпаздары мен мәдениетін күллі республикаға танытқан бағдарлама түсіріліп, телеарнадан берілуі аудан халқына үлкен қуаныш сыйлаған болатын. Демеушілер тауып, жетпегенін айлық жалақымыздан толтырған айтыс, ат бәйгесін ұйымдастырып, республикалық дәрежедегі шараны музей ұжымы өз күшімізбен өткіздік десем сене де қоймассыз бәлкім? Жағдай да қиындау, халықтың тұрмысы да түзелмеген кезеңге тұс келген шындық осы. Ал заманның түзелген, ел еңсесін тіктеген 2009 жылы диқан ата Ыбырай атындағы музейге басшылық қызметке келгендегі жауапкершілік салмағы еселеп артпаса, кемшін болар жөні қайсы? Музей жұмысы өз алдына бір әлем. Музей қорын толықтыру, жасақтау және ғылыми айналымға енгізіп, жасақталған экспозицияны көнелігі мен көрнекілігін сақтай отырып көрсете білу бір қарағанда үйреншікті жұмыс болып көрінуі мүмкін, бірақ оның машақаты да аз емес. Әдеттегі тақырыптық, танымдық жоспарлы жұмыстардан бөлек Ыбырай ата даңқына сай, рухын тербеп атын шығарарлық, көпшілікті селт еткізерлік серпінді тың жоба жасау міндеті тұрды алдымда. Осыны мақсат еттім. Сабақты ине сәтін күттім. Осыған дейін де ішкі дайындығым болған жобаны іске асыру үшін алдымен ең жоғарғы деңгейдегі салалық басқару органдарының назарын аудару керек деп шештім. Шиелінің де атын шығарып, өзімді де таныстыру ойымда болған істің орайын да келтірген сияқтымын. «Инемен құдық қазғандай» дерлік апталарға созылған ыждағатты ісмерлік еңбегімізбен Қазақ еліндегі ең үлкен сәукелені қолдан жасап шығардық. Биіктігі – 2 метр, төбесіндеегі үкілі шоқтығы – 30 см, құндызбен көмкеріліп, ұлттық оюмен өрнектелген, әшекейлі, моншақты осы туындымызды Астана Ұлттық музейіне тарту еттік. Музей ғимаратының ең төрінен орын алған осы сәукеле жолымызды ашып, араға ай өткенде Сыр еліне алғаш рет Есік қорғанынан табылған 7-8 ғасырлардағы сақ тайпасының жауһар мәдениетін бүкіл әлемге паш еткен «Алтын адам» артеофактісі арнайы күзетпен жеткізілді. Сыр жұртшылығы, оның ішінде аудан халқының, мектеп оқушыларының тамашалауына 1 ай бойына көрмеге қойылды. Бұл 2016 жыл болатын. Мен мұны өзім жүзеге асыра алған еңбек жолымдағы тарихи-танымдық ең үлкен жобам деп ойлаймын. Түсіністік танытып, қолдау көрсеткен сол кездегі аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаевты, мәдениет басқармасы басшылығын үлкен ризашылығыммен еске алып отырамын.
– Әулеттеріңізден шыққан Аманкүл Ыханова мен жұбайы Жәңгір Үмбетовтер «Құшкөн» деген атаумен патенттелген теріге рельефті сурет салудың керемет әдісінің авторлары екенінен хабарым бар. Еңбектері әлемнің көптеген елдерінің (АҚШ пен Еуропа елдерінде, Түркия мен Ресейде) көрмелерінде көрсетілген, бірқатар шет елдердің мұражай қорларына алынған Қазақстан Суретшілер одағының белді мүшелері. Осыған қарап сіздің де өнерден, мәдениеттен жырақ болмайтыныңыз заңды құбылыс. Сөзіңіздің дәмі – парасат парқыңыздың, тірлігіңіздің мәні – қалтқысыз қызметіңіздің өлшемі. Жастарға үлгі таразы басар тәліміңіз бар. Мақсатыңыз орындалып, мұратыңызға жеттім деп ойлайсыз ба?
– Қиын сұрақ әрине. Бар мақсат-мұраты орындалған дүниенің қызығынан гөрі алға жетелейтін маңызында ғой гәп. Оқу оқып, қызметке араласып, қатарымның алды болуға ұмтылған талпыныспен азды-көпті абырой жинадық. Бар күш-жігерімді салып, білім-білігімді сарқа жұмсаған жерім ол әрине жемісін жеп, жеңісін көрген – Жақаев музейінде қызмет атқарған жылдарым. Өзіммен сыйлас ірі кәсіпкер қыздар «Бар күшіңді сарп етіп музейге арнағанша, кәсіппен айналыс, табыс тап, алғашқы капитал қомақты қаражат та берейік» деген ұсыныстар аз болған жоқ. Байқаудан жеңіп алған бір миллион қаражатымды музейдің техникалық жабдықтарын жаңартуға жұмсаған мен өзге кәсіпті қайтейін? «Пейілдеріңе рақмет, мен осы музейдің шырақшысымын ғой, Атаның әруағын қалай аттап кетемін?» деп көнбедім. Бұл – қызметіме адалдығым, мақсатымның орындалғаны емей немене? Жазушы Шерхан ағамыз айтатын «бір кем дүнием...» ол – жеткіншектеріме қарайлап, тұрмысқа кеш шыққаным. «Жақсылықтың ерте-кеші жоқ» деген. Кешігіп, кемшін қалған жерім тағы да жоқ. Бәріне үлгерген де сияқтымын. Барға – қанағат, жоққа – салауат! Жұбайым ауданға белгілі су маманы, ауданның құрметті азаматтарының бірі Әлияр Сейітов есімді азамат екеуміздің 90-ның төріндегі атамыз, 2 ұл, 2 қызымыз бар. Аудандық қоғамдық даму бөлімінде мемлекеттік қызметтегі кенже қызымыз Гүлжанатты өз қолыммен құтты орнына қондырсам деген арманым орындалса – мұратыма жеткенім емей немене? Қадірлейтін халқым, аялайтын жұбайым, ұл-қыз, немерелерім, төредей төбесіне көтеріп күтетін бауырларым бар. Мың тәуба!
– Соңғы сұрақ. Ауданның қоғамдық өмірінде алар орныңыз бар. Көп жылғы тәжірибе тұрғысынан бүгінгі жастарға қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз? Орайы келіп тұрғанда, қысқа да болса тұжырған ойларыңызбен бөліссеңіз...
– Ыхан атам айтып отыратын «Адалдығым – биіктігім!» деген нақыл сөзі жадымнан шыққан жоқ. Әкем Шайықтың «Қарағым, ешкімге, қоғамға да, адамға да қарыздар болма!» деген ескертуін ұмытқан емеспін. Өз өмір жолымда ұстануға тырыстым. Жүзім – жарқын, арым – таза. Өмірге құштар, өнерге жақын болсам, әрісі – қанмен келген қасиет шығар, берісі – өскен орта, Арзулладай алдыңғы толқын ағалардың өнегесі болар. Өзімнен кейінгі жастарға көп ақыл айтудың орнына, көп оқуға кеңес берер едім. Хакім Абайдан ақылы асқан дана жоқ. Ендеше «Өтірік, өсек, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» дейтін 5 дұшпаннан қашық болып, ғылым-білім іздеп, талап қылып, адал еңбек жасап, бүгінгі қоғамнан өз орындарын тапса деймін. Бәлкім, талғам мен адам өзгерген бір уақыттарда бүгінгі музейдегі Ыбырайдың кетпенін, Нартайдың сырнайын қастерлейтіндердің қарасы көбейіп, тарихи жәдігерлерін көненің көзі, өңірдің киесі танитын заман да болар. Олай болса, мұражай қорын толықтырып көне мұраның мұртын сындырмай сақтаған, ізгі нұрын шашып, қыз-ғұмырын арнаған Құттықыздың да еңбегінің еш болмағаны, есімінің де музей тарихына таңбаланары анық.
Исабек СӘРСЕНБАЙҰЛЫ,
мәдениет саласының ардагері, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы