ЗАҢ ЖӘНЕ ТӘРТІП: МОПЕД МІНГЕННІҢ МӘСЕЛЕСІ

Ішкі істер министрлігінің дерегіне сүйенсек, 2024 жылдың 12 айында республика аумағында мопедтердің қатысуымен 1 819 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 76 адам қаза тауып, 1 945 адам жарақат алған. Ал биылғы жылдың алғашқы үш айында мопедтің кесірінен 2 жасөспірім қаза тауып, 103 жол апаты тіркеліп, 105 адам жарақат алған. Президент тапсырмасына сәйкес, енді мопед иелері үшін талаптар күшейді. Қос дөңгелекті тізгіндегендер қауіпсіздікті қатаң түрде сақтап, барлығы заң талабына сай болуы тиіс. Бұндай маңызды шешімдер, желігіп жүрген жастарға тыйым болары сөзсіз. – Биылғы жылдың 5 сәуірінен бастап мопедтер көлік құралына теңестірілді. Атап айтқанда, көлігі тіркелген, жүргізуші куәлігі, сақтандыру полисі болуы қажет. Сонымен қатар техникалық байқаудан өтіп, қорғаныс дулығасы мен мопедтің техникалық жағдайы жарамды болуы тиіс. Заң күшіне енгелі ауданда 50-ге жуық мопед жүргізушілері ұсталып, тиісті шара қолданылды. Барлық аймақтарда түсіндірме жұмыстары да тұрақты жүргізілуде, – дейді аудандық полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесінің, мемлекеттік авто инспекторы, полиция аға лейтенаты Асқар Ержанұлы. Жаңа заңға қатысты аудан тұрғындарының пікірін білген едік. Серғазы есімді азамат кейінгі уақытта мотоцикл, мопедтердің шектен тыс көбейіп кеткенін айтып, көптеген қиындық туындатқанын тілге тиек етті. – Қазіргі уақытта қос дөңгелікті жүйіткіген мопедтерді тізгіндеген жастар күндіз-түні зуылдап, тіпті жаяу жүргіншілер жолына шығып кетеді. Көшеде жан-жағымызға жалтақтап жүретін болдық. Себебі, мопед мінген жастар әбден үрейімізді алды. Енді қабылданған жаңа заң аясында бұл мәселе тез шешімін табатынына сенімдіміз. Барлық аудан тұрғындарын, әсіресе жастарды заң талаптарын қатаң сақтауға шықырамын, – деді. Иә, қоғам әркез тәртіпке негізделіп тіршілік етеді. Жазушы Мұхтар Әуезов: «Қай істің болсын өнуіне үш шарт бар: ең әуелі – ниет керек, одан соң – күш керек, одан соң – тәртіп керек» деуінде үлкен мән-мағына бар. Даңқты батыр Бауыржан Момышұлы да «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпті бағынған құл болмайды» деп текке айтпаса керек. Сондықтан өзіңнен бұрын өзгенің өміріне зиян тигізбес үшін, тәртіпке бағынып, заң талаптарын қатаң сақтайық.
М.ИБРАГИМ