Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Жол жүрісі туралы» заңдағы өзгерістер: Көлік жүргізушілері нені білуі керек?

«Жол жүрісі туралы» заңдағы өзгерістер: Көлік жүргізушілері нені білуі керек?

17 сәуірде өткен Мәжілістің жалпы отырысында «Жол жүрісі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша бірқатар ұсыныс талқыланды, деп жазады Egemen.kz.

Заңға қандай өзгерістер енгізілді?

Денсаулыққа зиян келтірмейтін жазатайым оқиға үшін жүргізуші куәлігінен айырмау ұсынылды.

Мопед жүргізушілері жол қозғалысының толыққанды қатысушыларымен теңестіріледі.

Мәжіліс «Жол жүрісі туралы» Заңға және Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.

Негізгі заң жобасында шағын электрлі көліктер мен көліктердің жекелеген түрлерінің қозғалысын бақылау ұсынылды. Бұл мопедтерді пайдалануға және қозғалыс ережелерін реттеуге мүмкіндік береді. Олардың жүргізушілері Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте көзделген баптарға сәйкес толық жауапкершілікке тартылады. Аталған норма мас күйде мопед тізгіндеген жүргізушілер санын, олардың жол апаттарына түсуі мен жарақат алуын азайтуға бағытталған. Сондай-ақ Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске енгізілген өзгерістер мопед жүргізушілерін толық жол қозғалысына қатысушыларға теңестіруді көздейді.

Мопед жүргізушілерінен талап етілетін шарттар:

Мопедтерді басқару үшін жүргізушілер уәкілетті органда міндетті тіркеуден өтеді;
«А1» санатындағы жүргізуші куәлігін алады;
Жыл сайынғы техникалық байқаудан өтеді;
Жүргізушілер азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыру рәсімінен өтеді.
Бұдан басқа, жергілікті атқарушы органдарға электросамокаттарды пайдалану тәртібін анықтау өкілеттігін беру қарастырылып отыр. Бұл әкімдіктерге әр өңірдегі жол инфрақұрылымын дамыту шарттарына қарай қозғалыс жылдамдығын, рұқсат етілген орындарды және электросамокаттардың жұмыс тәртібін анықтауға мүмкіндік береді.

Жол ережесін бұзғандар 7 жылға дейін құжат ала алмайды

Заң жобасы қабылданғаннан кейін жүргізуші куәлігі жоқ және оны алмай тұрып көлік құралын басқарған, сондай-ақ тізгін басында алкоголь немесе есірткі қолданған тұлғалар жеті жылға дейін емтихан тапсыру мүмкіндігінен айырылады.

Қазір олар әкімшілік жазаны өтеп, емтиханды оңай тапсырып жүр, жүргізуші куәлігін де ала алады. Осыған ұқсас айыптар бойынша жауапқа тартылған жүргізушілер 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылады.

Автожолдарда орташа және максималды жылдамдық енгізіледі

Негізгі заң жобасына көлік құралдарының орташа және максималды жылдамдығы ұғымдары енгізілген.

Бұл түзетулер сертификацияланған арнайы бақылау-өлшеу құралдары мен құрылғылары орнатылатын жолдың барлық учаскесінде жүргізушілердің жылдамдығын төмендетуге, сондай-ақ жылдамдықты шектен асырып жіберуге байланысты апаттар санын азайтуға бағытталған.

Бұл ретте «орташа жылдамдық» көрсетілген құрылғылар мен құралдар арқылы жолдардың түзу учаскелерінде және айналма жолдары жоқ қала сыртында автоматты түрде есептеледі.

Қазіргі уақытта Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес ереже бұзушыларға белгіленген жылдамдықты асырғаны үшін келесі көлемде айыппұл белгіленген:

сағатына 10-нан 20 шақырымға дейін – 5 АЕК (18 460 теңге);
сағатына 20-дан 40 шақырымға дейін – 10 АЕК-ке (36 920 теңге);
сағатына 40 және одан да көп километрде – 20 АЕК (73 840 теңге);
жыл ішінде белгіленген мөлшерде жылдамдықты қайта асырғаны үшін – 30 АЕК-ке (110 760 теңге).
Енді Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске көлік құралдарында белгіленген жылдамдықты 60 және одан да көп км/сағатына асырғаны үшін 40 АЕК көлемінде айыппұл түріндегі қатаң әкімшілік жауапкершілік енгізу көзделген.

Фото: avtotema.mediasalt.ru

18 сәуір 2024 ж. 76 0