МОПЕД – КӨЛІК АПАТЫНА СЕБЕП
Бізге белгілі ресми деректерге сүйенсек, елімізде жыл басынан бері мопед пен скутер тізгіндеген 180 жасөспірім жол-көлік оқиғасына ұшыраған. Оның ішінде кәмелет жасқа толмаған 10 жасөспірім өмірімен қош айтысқан. Осындай оқиғаларды естіп, жаңалықтардан көріп жүрсек те, екі дөңгелекті көліктер саны азаяр емес.
Мопед тізгіндегендердің салғырттығынан елімізде соңғы жылдары жол апаттарының саны айтарлықтай артқан. Мәселен, былтыр аталмыш көлік құралына қатысты 750 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 39 адам көз жұмып, 730 адам жарақат алған. Ал ауданда жыл басталғалы 2 мопед тізгіндегендерге қатысты 2 жол көлік оқиғасы тіркелген. Соңғысы өткен жексенбі күні 15 жасар баланың жол ережесін сақтамағанынан орын алған. Абырой болғанда адам шығыны жоқ. Одан бөлек мектеп жасындағы балалардың иелігіндегі 50-ге жуық мопед тәркіленіп, олардың ата-анасына айыппұл салынған. Қаншама адамның өмірі мен денсаулығына зардабы тиген қатынас құралына қатысты нақты жауапкершілік көзделмеген. Осы олқылықты ретке келтіру мақсатында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Ішкі істер министрлігімен бірігіп, жаңа заң жобасын талқылау үстінде. Қолданыстағы заңға сәйкес, бүгінде мопедтер тіркелмейді және оны тізгіндеу үшін жүргізуші куәлігі талап етілмейді. Алайда жаңа заң жобасы қабылданғаннан кейін бәрі бұрынғыдай болмайды. Жаңа заң жобасының аясында мопедті «А1» санатындағы жүргізуші куәлігі барлар ғана жүргізе алады. Сәйкесінше министрлік еліміздегі мопедтерді тіркеп, тексеретін болады. Тағы бір маңызды норма – әкімдер скутерлердің қызметін реттеуге өкілеттік алады. Олар өздерінің қосымша ережелерін белгілей алады, қайда қозғалуға болады, қайда жүре алмайды, олардың қозғалысына қай уақытта тыйым салу керек деген ережелерді өздері реттемек. Заң қабылданған соң 6 айдан кейін мопедтерді мемлекеттік тіркеу басталады. Жүргізушіде А, В, С санатындағы куәліктері болған жағдайда оларға «А1» санаты автоматты түрде беріледі. Сондай-ақ, мопедтерді жыл сайынғы техникалық байқаудан өткізу міндеттелмек. Халық қалаулылары жаңа өзгерістер мопедті мас күйде тізгіндеген жүргізушілер санын анықтауға, мопедтердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары санын азайтуға бағытталған деп отыр. Енді бұл көлік құралын басқаратындар көлік айдайтындарға теңестіріледі. Тиісті заң осы жылдың соңына қарай іске қосылады деп күтілуде. Мәселенің мәнісіне айналған мопедке қатысты қолданыстағы заңнаманы ақтаратын болсақ, алдымен ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі мен Жол жүрісі қағидаларына мойын бұрамыз. Мопед жүргізушілері заң шеңберінен аттаған болса, Кодекстің 596, 612, 615-баптары бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Сондай-ақ 440-бап бойынша мопедті қоғамдық орында масаң күйде тізгіндегендерге бес айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. – Ал Жол жүрісі қағидалары бойынша бұл көлік құралын тек он алты жасқа толған адам басқаруға құқылы. Өткен жылдың тамызында енгізілген өзгеріске сай, мопед жүргізушілеріне велосипед жолымен, велосипед жүретін жолақпен, жол жиегімен, тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолымен жүруіне тыйым салынады. Тағы бір айта кететіні, мопед жүргізушілері рөлді бір қолымен ұстауына болмайды, көлік құралын қос қолдап басқаруы тиіс. Оларға жолаушылар мен ұзындығы мен ені 50 сантиметрден асатын жүктерді тасымалдауға болмайды. Сонымен қатар Жол жүрісі қағидаларының 171 және 172-тармақшасы бо-йынша жол жүрісін қамтамасыз етуге арналған басқа да ескертпелер бар. Жаңа заң жобасы аясында жауапкершілікті арттыру негізінде біршама өзгеріс енгізілмек, – деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова. Тұрғындар мен мамандар мопедшілерге қатысты жауапкершілікті қатаңдатуды көптен сұрап жүр. Бірақ заңда нақты белгіленбегендіктен, полицейлер оларды жазаға тарта алмады. Енді заң күшіне енсе, жолдағы жайсыздықтың азаяры сөзсіз. Мемлекет тиісті заңдарды қабылдауда. Десе де заң қабылдана салып барлық мәселе шешіле қоймасы анық. Осы орайда мопед тізгіндеген жандар мен баласының көңілін жыққысы келмеген әр ата-ананың бір ғана қателіктен орын алған оқыс оқиға орны толмас өкінішке апаратынын естен шығармаса екен.
Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ