Жол апаты қайтсе азаяды?
Жол ережесін сақтау – адам өміріне деген жауапкершілік екенін кез-келген жүргізуші түсіне білу қажет. Жолды жөндеуге болады, ал қара жол үстіндегі қапияда қиылған адам өмірі ше? «Темір тұлпар» тізгіндегендердің тәртібі түзелмей, жылдамдықпен ойнаған жүргізушілердің желігі басылмай, әр жүргінші өз жауапкершілігін жете түсінбей, жол апаттарының алдын алу қиын екені сөзсіз.
23 тамыз күні Алмалы ауылының тұсында Газель мен Nexiа автокөліктері соқтығысып, салдарынан 5 адам ажал құшып, 3 дене жарақат алды. Аядай ғана ауданда бір мезетте 5 адамның өмірі қиылды. Қанша отбасы қара жамылып, жақындарынан қаспен көздің арасында айырылып қалды. Елімізде жеті айда жеті мыңға жуық жол көлік оқиғасы тіркелген екен. Онда 1200-ден астам адам қаза тауып, 8500-ге жуық адам түрлі дәрежедегі жарақаттар алған. Оның ішінде, жылдамдық режимін сақтамау салдарынан қала сыртындағы үлкен жолдарда 730 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, онда 300-ден астам адам қаза тауып, 1200 адам түрлі жарақат алған. Ал, өзіміздің ауданға келер болсақ, биыл 7 айда 37 жол көлік оқиғасы тіркелген. 15 адам қара жолдың құрбаны болса, 56 адам жарақаттанған. Жол-көлік оқиғасы өткен жылға қарағанда едәуір көбейген.
23 тамыз күні Алмалы ауылының тұсында Газель мен Nexiа автокөліктері соқтығысып, салдарынан 5 адам ажал құшып, 3 дене жарақат алды. Аядай ғана ауданда бір мезетте 5 адамның өмірі қиылды. Қанша отбасы қара жамылып, жақындарынан қаспен көздің арасында айырылып қалды. Елімізде жеті айда жеті мыңға жуық жол көлік оқиғасы тіркелген екен. Онда 1200-ден астам адам қаза тауып, 8500-ге жуық адам түрлі дәрежедегі жарақаттар алған. Оның ішінде, жылдамдық режимін сақтамау салдарынан қала сыртындағы үлкен жолдарда 730 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, онда 300-ден астам адам қаза тауып, 1200 адам түрлі жарақат алған. Ал, өзіміздің ауданға келер болсақ, биыл 7 айда 37 жол көлік оқиғасы тіркелген. 15 адам қара жолдың құрбаны болса, 56 адам жарақаттанған. Жол-көлік оқиғасы өткен жылға қарағанда едәуір көбейген.
– Жалпы жол көлік оқиғасының басты себептері, бірінші кезекте – жүргізушінің өзінің тиісті міндетін атқармауы. Көлік тізгіндеген адам арақ ішпеу керегін, жылдамдықты шамадан тыс асырмау қажет екенін біледі. Кент ішінде жылдамдықты 40-60-тан асырмау қажет. Ал үлкен жолда жылдамдықты 110-нан асырмау керек екенін және жарық жағу мен белдікті тағуды, тізгіндеген көліктің жағдайына қарауды бәрі біледі. Алайда, осындай сақтық шараларын білсе де, жауапкершілік танытпайды.
Біз жақта жол көлік оқиғасының орын алуы қарсы бағытқа шығып кеткеннен болады. Сонымен қатар ұзақ жолда ұйқы келген жағдайда, тұраққа жетіп, тынығып алу керек. Ұйықтап кетіп, қарсы бағытқа шығып кетіп жатқан оқиғаларда орын алуда. Жүргізушілер өзінің тиісті міндетін орындаса, мұндай қайғылы жағдайлар азаяр еді. Қазіргі уақытта жол сапасы жақсарған
сайын, жол көлік оқиғасы да жиілеп барады. Әр көлік тізгіндеген адам, ең алдымен заңға бағынып, жауапкершілік қағидасын берік ұстану қажет, – дейді аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ердаулет Баянбайұлы.
Ауылдық жерлерде кәмелет жасқа толмаған жас жеткіншектер көлік тізгіндеп жүргенін жиі байқаймыз. Оларда ешқандай тәжірибе болмағандықтан, бұл жағдайға ата-ана жауапкершілікпен қараған жөн. Жасыратыны жоқ, қала ішінде, ауыл көшелерінде жылдамдықты арттыру өте қауіпті екенін жүргізушілер ескере бермейді. Заң талаптары қатаңдатылып, айыппұл көлемі артса да, желік қуған көлік иелерінің жауапсыздығына бұл шектеулер тыйым болмай тұр.
Кейде жол көлік оқиғалары жаяу жүргіншілер кесірінен де болып жатады. «Жақында жанымыздан жедел жәрдем көлігі дабылдатқышты қосып өтті. Жан алқымға қысылып сырқаттанған адамға көмек көрсетуге асыққан жедел жәрдемге жол берілу міндетті емес пе? Бірақ жаяу жүргіншілер оларға мойын бұрып та қарар емес. Жедел-жәрдемнің астына түсіп қала жаздады. Қазақ «періштесі қақты» дейді. Олай емес, қайта көлікті тізгіндеген жігіт оларды өткізіп жіберіп, алға жылжыды. Сонда көргенім, өтіп бара жатқан адамдар қолындағы ұялы телефонға үңіліп, енді бірі құлаққап тағынып алған. Осыдан кейін кімді кінәлаймыз?» – дейді Азамат есімді көлік жүргізуші.
Әлемдік тәжірибе не дейді?
Жоғарыда басты қауіптің неден келетінін тарқаттық. Соның ішінде қоғамдық көлік жүргізушілерінің ұялы телефонмен сөйлесіп, тіпті хабарлама жазысып көлік айдайтыны туралы себептер айтылады. Осы орайда шетелдік тәжірибеден ұтымды мысалдар ұсынуды жөн көрдік.
Жапонияның «Toyota Motor» корпорациясы KDDI телекоммуникациялық компаниясымен бірігіп, сондай-ақ «Komeda» кафелер желісінің қолдауымен Driving Barista деген құрылғы жасап шығарды. Бұл құрылғы жүргізушілерді көлікті айдау кезінде смартфоннан бас тартуға мәжбүрлейді екен. Жаңа мобильді қосымшаны кез келген смартфонға орнатуға болады. Жүргізуші бұл қосымшаны пайдалану үшін көлікке отырарда смартфонын төңкеріп қоюы керек.
Ол кезде жүргізушіге жүрген уақытына қарай ұпай жиналады. Жүргізуші ұялы телефонды пайдаланбай 100 шақырым жүріп өтсе, «Komeda» кафесінен тегін кофе ішу мүмкіндігіне ие. Мұнан кейін жүргізушіге әрбір 200 шақырым үшін осы кафеден тегін кофе ішуге арналған купон беріледі. Ал, жүргізуші көлік ішінде байқаусызда смартфонына қол созса, жинаған ұпай күйіп кетеді. Аталған жоба Жапониядағы ең көп жол-көлік оқиғасы тіркелген Айчи префектурасында жүзеге аса бастаған.
Ал жол сапасы жөнінен әлемде алдыңғы орында тұрған Ұлыбритания жолда мерт болғандардың саны жөнінен ең төменгі көрсеткішке ие. 100 мың тұрғынға 5,4 деңгейде. Бұл елде 1970 жылдан бері жол-көлік оқиғасынан қаза тапқандар саны азайып келеді. Жаяу жүргіншілерді қағып кету оқиғасы 40 жылда 78 процентке азайған. Сонымен қатар Оңтүстік Корея елінде жол апатымен жылдамдықты шектеу арқылы күреседі. Ғалымдардың зерттеуінше, жылдамдықты 10 пайызға қысқарту арқылы адам өлімін 50 пайызға азайтуға мүмкіндік бар. Осындай озық тәсілдерді елімізде қолдансақ, қаншама адамның өмірін қауіп-қатерден сақтап қалар ма едік, деген ой қылаң ете қалады.
Дархан Байтілес