Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «БАЯН КЕШІ» КӨРЕРМЕН КӨҢІЛІНЕН ШЫҚТЫ

«БАЯН КЕШІ» КӨРЕРМЕН КӨҢІЛІНЕН ШЫҚТЫ

Апта басында аудандық өнер мектебінде ұлағатты ұстаз, республикаға танымал баяншы Өскен Қалымбетовтің «Баян кеші» атты шығармашылық сыр-сұхбат концерті өтті. Кештің басты кейіпкері сол кездегі Төңкеріс, қазіргі Тұран ауылдық округінде туып-өскен. Осындағы №158 орта мектептің түлегі. Әкесі Серікбай баян тартуға бейімін байқап, кішкентай Өскенін аудандық музыка мектебіндегі баян сыныбына беріп, баласының белді баянист болуын қалайды. Өскеннің әке ойынан шығып, арманның асқар шыңынан көрінді. Аудандық әуез мектебіне ауылдан қатынап, бес жыл дәріс алған ол, мектеп қабырғасында жүріп-ақ облыстық «Жас музыканттар» байқауының жеңімпазы болады. 1984-1988 жылдары Қызылорда қаласындағы музыкалық училищені баян сыныбы бойынша бітірді. 1987 жылы республикалық студенттер арасындағы конкурсқа қатысып, дипломант атанса, республикалық «Жігер» фестиваліне қатысып, өнер биігінен көрінді. Кеңестер одағының әскер қатарында жүріп, Киров қаласындағы үрмелі аспаптар оркестірінің құрамында борышын өтейді. 1990-1994 жылдары Ш.Қодаманов ауылындағы №3 балалар әуез мектебінде еңбек жолын бастайды. 1994-1996 жылдар аралығында Қызылорда музыкалық училищесінде оқытушы болады. Отбасылық жағдайына байланысты ауылға қайта оралған Өскен 1996 жылдан бері аудандық әуез мектебінің бетке ұстар ұстазы. Білікті маман, дарынды музыкант, баян аспабында ойнаудың хас шебері. Үш жылда бір облыста жас музыканттардың аспаптарда орындаушылық конкурсы болып тұрады. Өскен Қалымбетовтің шәкірттері де бұл байқаулардан құралақан емес. Сыр сұхбатта Ө.Серікбайұлы өз өмірімен, шығармашылығымен, жұртшылық біле бермейтін жұмыс барысындағы тәжірибе, құпияларымен бөлісті. Қазіргі таңда өнер мектебіндегі шәкірттері Көркем Серікбай, Ерасыл Құрманәлі, Қайсар Жақыпов, Абдулла Асылтемір және Өскен Серікбайұлы сахна төріне шақырылып, квинтет форматында музықалық шығарма орындады. Одан соң Ө.Қалымбетовтен тәлім-тәрбие алып, қазір Қазанғап атындағы жоғары музыкалық коледждің студенті атанып өнерлерін шыңдап жүрген шәкірттері өнерлерін көрсетті. Олардың қатарында Сафуан Досханұлы, Нұрмұхаммед Кеңесбеков, Нұрдос Досболов, Бағдәулет Қойшыбаев, Нағым Меңдіғалиев, Бауыржан Жұмаділдалар болды. Салтанатты шарада Ө.Қалымбетовке аудандық білім бөлімінің және білім бөлімі қызметкерлері кәсіподағы атынан «Құрмет грамотасы» мен бағалы сыйлық тапсырылды. Шараға қонақ ретінде шақырылған «Тұрмағанбет» халық аспаптар оркестрінің дирижері, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры Кеулімжай Ботабаев, тағы да басқа танымал тұлғалар талант иесіне ыстық лебізін білдіріп, қошемет көрсетті.

Дария МАҚСҰТ, сурет автордікі
12 сәуір 2025 ж. 81 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№27 (9294)

15 сәуір 2025 ж.

№26 (9293)

13 сәуір 2025 ж.

№25 (9292)

08 сәуір 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930