Әкесін мақтан тұтар ұлың болса
Ел басына күн туып, әкесі Ешмахан Қалымбетұлы Ұлы Отан соғысына аттанғанда Серікбай тал бесікте жатқан сәби еді. «Төңкеріс» ауылының атқа мінер азаматтары мен әскерге жарамды жастар елімен, туған жерімен қоштасып, дүрбелеңге түскені айтпасақта түсінікті. Ел іші у-шу. Балаларын соғысқа шығарып салып жатқан ата-аналар да, жұбайларын қимай тұрған жас келіндер де жылап-сықтап, ауыл төңірегі күңіреніп жатты.
Солардың ішінде отағасы, сүйген жары Ешмаханды сұрапыл соғысқа қимастықпен атандырып жүрген Ұлыш та бар. Үш жасар қызы Шекерді жетектеп алған. Бір жасар Серікбайын шырылдатып бесікке бөлеп кеткен. Оған көршісі қарай тұрмақ. Шиелінің теміржол вогзалы ығы-жығы халық. Әр жерден дауыс шығарып жылаған қайғылы үндер естіледі. Батыс жаққа бет алып тұрған қызыл вагондардың маңы қоштасу, құшақтасу, көз жастарын көл қылған адамдардың мекеніне айналғанды. Айқайдан құлақ тұнады. Сондағы Ешмаханның айтқаны: «Ұлыш, ұл-қызыма пана бол. Құдай қаласа, жауды жеңіп ораламыз, аман болыңдар» деген сөзі болды. Ұлыштың кемсеңдеп тұрып: «Күтемін, қош бол, Ешмахан!» деп айтқанын ол естіді ме, естімеді ме белгісіз, бұл кезде қызыл вагон сатырлап, паравоз да гуілдеп қозғала бастаған еді. Бұл 1941 жылдың күз айы болатын. Иә, осы қоштасудың соңғы қоштасу екендігін Ешмахан да, Ұлаш та қайдан білсін? Әскер қатарына ауылдан барған қазақ балаларының аңқаулығын пайдаланған командирлер совнаркомның 200 грамын ішкізіп жіберіп, немістерге шабуылдың алдыңғы шебіне өзге ұлт өкілдерін шығарады екен дегенді де естігенбіз талай соғыс ардагерлерінен. Қазір оны көргендерден ешкім қалмады. Қалай десек те соғыста пулемётші болған Ешмахан Ресейдің Смоленск қаласын азат етудегі жойқын ұрыста 1942 жылы ерлікпен қаза табады.
Солардың ішінде отағасы, сүйген жары Ешмаханды сұрапыл соғысқа қимастықпен атандырып жүрген Ұлыш та бар. Үш жасар қызы Шекерді жетектеп алған. Бір жасар Серікбайын шырылдатып бесікке бөлеп кеткен. Оған көршісі қарай тұрмақ. Шиелінің теміржол вогзалы ығы-жығы халық. Әр жерден дауыс шығарып жылаған қайғылы үндер естіледі. Батыс жаққа бет алып тұрған қызыл вагондардың маңы қоштасу, құшақтасу, көз жастарын көл қылған адамдардың мекеніне айналғанды. Айқайдан құлақ тұнады. Сондағы Ешмаханның айтқаны: «Ұлыш, ұл-қызыма пана бол. Құдай қаласа, жауды жеңіп ораламыз, аман болыңдар» деген сөзі болды. Ұлыштың кемсеңдеп тұрып: «Күтемін, қош бол, Ешмахан!» деп айтқанын ол естіді ме, естімеді ме белгісіз, бұл кезде қызыл вагон сатырлап, паравоз да гуілдеп қозғала бастаған еді. Бұл 1941 жылдың күз айы болатын. Иә, осы қоштасудың соңғы қоштасу екендігін Ешмахан да, Ұлаш та қайдан білсін? Әскер қатарына ауылдан барған қазақ балаларының аңқаулығын пайдаланған командирлер совнаркомның 200 грамын ішкізіп жіберіп, немістерге шабуылдың алдыңғы шебіне өзге ұлт өкілдерін шығарады екен дегенді де естігенбіз талай соғыс ардагерлерінен. Қазір оны көргендерден ешкім қалмады. Қалай десек те соғыста пулемётші болған Ешмахан Ресейдің Смоленск қаласын азат етудегі жойқын ұрыста 1942 жылы ерлікпен қаза табады.
Тағдыр таразы. Амал жоқтан таразыға түсіп қалсаң, ағайын да, дос-жарандарың да, құда-жегжат кешіріммен, түсіністікпен қарайтыны бар. Маңдайға солай жазылып тұрса, адамға қашып құтылу мүмкін емес. Ешмаханын күткенімен келмесін білген Ұлаш бір қыз, бір ұлыма серік болсын деді ме, жақын қайнысынан екі ұл туып, Серікбай баласына іні етеді. Ергешбай 1943 жылы туылса, Беркінбай 1948 жылы туылған. Ергешбай жастай науқастанып, қайтыс болады. Ал Беркінбай Алматы облысы «Үш төбе» ауылының тұрғыны. Серікбай ағасының отбасымен тығыз байланыста, Серікбайдан тараған іні-қарындастарының ақылшысы, қамқоршысы. Туған жеріне атбасын жиі бұрып тұрады. Бұл жағдай қазағымыздың салт-дәстүріне де келетін сияқты. Ойда-қырда жарасымды іс болғандай... Бұрынғы «Төңкеріс», қазіргі Шеген Қодаманов атындағы ауылға бара қалсаңыз туған жерге адал қызмет жасаған еңбек адамдарың ішінен бірінші кезекте Серікбай Ешмаханұлының есімі айрықша айтылады екен. Қарапайым еңбек адамына деген құрметті Серікбай Ешмаханұлы 2006 жылы дүниеден озып кетседе осы жерде естіп білдік. Оның азаматтығы еңбекқорлығы, ауылына жанашырлығы, тракторшы бола жүріп облыстық аудандық, партия комитеттерінің мүшесі, облыстық және аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болып, беделі, абыройы арқасында «Төңкеріс» ауылына да көп пайдасын тигізгені, колхоз басқармасының бастығы Нағымет Қозайдаровпен бірлесе отырып, ауданнан колхозға не керектің бәрін алып отырғаны сөйтіп, колхоздың экономикасы мен мәдениетінің дамуына зор үлес қосқаны жыр әнгіме болды. Серікбайдың құрдасы, бұрынғы тракторшы Әбілқайыр Қожанбергенов, механизаторлар Қырғызбай Әбдіров, Құрмаш Әділбаев, облыстық, аудандық кеңестердің депутаты болған, атақты сауыншы Рая Бердешова, облыстық партия комитетінің пленум мүшесі, Қазақстан компартиясы 15 сезінің делегаты болған күрішші Күләш Орынбаева, облыстық партия комитетінің пленум мүшесі болған сауыншы Үміт Елтайева Серікбаймен ұзақ жыл қатар жұмыс істеген, күріш бригадирі ретінде ауылдың дәулетін тасытқан, ел ағасы Құрманбек Қарекеевтер Серікбай Қалымбетовтің адами образын жасап бергендей болады. Оның адамгершілік тұлғасы халық арасында ертегідей айтылатыны анық байқалды. Ешкім «ей, соны қойш» демеген. Ол туралы олардың айта бергісі, айта бергісі келеді.
Қалымбетов Серікбай Ешмаханұлы 2 қыркүйек 1940 жылы Шиелі ауданы, Керделі ауылдық округінде дүниеге келген. Сол кездегі 7 сыныптық білімді «Еңбекші» ауылындағы мектепте алған. 1957 жылы отбасы «Төңкеріс» колхозына көшіп келіп, Серікбай еңбек жылын 1958 жылы колхозшы болып бастайды. 1960 жылдан трактор руліне отырып, одан кейін комбайнер-жаткист болса, 1988 жылы колхоздың трактор бригадасының бригадирлігіне сайланады. Өзінің жұмысына деген ынтасы, жауапкершілігі, адал еңбегі арқасында С.Қалымбетов 1967 және 1973 жылдары екі рет «Құрмет» орденімен марапатталады. Егу науқаны аяқталған уақыттарда жүк тиейтін трактордың тізгінін ұстап, аяқсу жолдарын қазып, егістікке өз денгейінде су жеткізетін каналдарды қаздырып, үнемі белсенділік танытып отырған. Осындай елге сіңірген қажырлы еңбегінің жемісі – оның 1976, 1979 және 1980 жылдары облыстық һәм аудандық коммунистік партиясының бюро мүшесіне сайлануы еді. С.Қалымбетов 1976-1980 жылдар аралығында озат комбайнер, 1988 жылы озат механизатор-тракторист атанып, көптеген алғас хаттар мен құрмет граматаларымен наградталып, ел мерейін өсірді. Еңбекқор Серікбай Ешмаханұлы 1980 жылы омырауына «Еңбек қызыл ту» орденін тағып, 1983 жылы «КСРО халық шаруашылығын дамытуда қол жеткізген табыстары үшін» ХШЖК бас комитетінің «Күміс» медалімен марапатталады.
Жұмысына аса жауапкершілікпен қараған, тәртіпке қатал болған Серікбай Қалымбетов өмірде томаға-тұйық, момын, өте ақкөңіл, жайдарлы, өз замандастары арасында беделді, жүрген ортасында сыйлы да құрметті азамат ретінде есте қалған. Ол 1967 жылы өмірлік қалаулысы Дүйсенкүл Әлібековамен отау құрып, 6 ұл қыз тәрбиелеп өсіреді. Құдайдың берген бес қызы жан-жақта тұрмыста. Ал бір түйір ұлы Өскен Қалымбетовті айтпай кетпеуге болмас. Өскен Серікбайұлы шашасына шаң жұқпас өнер иесі. Орыстың баян аспабының құлағында ойнайтын талантты музыкант. Өскеннің өнерге бейімделуіне әкесі Серікбай ықпал жасапты. Кешке қарай жұмыстан шаршап келгенде «Әй, Өскен баян тартшы» дейді екен. Бар ынтасымен тыңдап, өнерді сүйетіндігін сездіріп, баласына қолдау жасапты. Өскен облыстың Қазанқап атындағы музыкалық колледжге 1983 жылы түсіп, 1988 жылы бітірерде 1987 жылы айлығын жинап ұлына сол кезінің күшті баяны саналатын «Ясная поляна» деген баян аспабын сатып алып беріпті. «Бұл сыйлық менің шабытыма шабыт қосты, әкемнің сенімін ақтауға тырыстым» – дейді, бүгінгі Әуез мектебінің баян классы бойынша оқытушысы, облыстың 1999, 2014 жылдардағы баянистер конкурсының «Үздік баянисі» Өскен Қалымбетов.
Жақсы шәкірт тәрбиелеу үшін жақсы инструмент (Баян) керек. Өскеннің арманы шәкірттері конкурсқа барғанда заманнауи Россиялық «Юпитер» деген баянмен сахнаға шығуы екен. Оны алып беретін ауданда қайырымды, қолы ашық кәсіпкер бауыр бар ма, жоқ па, білмедік? 2020 жылы Өскеннің баян класын музыка мектебінде бітірген бес оқушының төртеуі облыстық музыка колледжіне барып оқуға түскен. Оның Айдар Мақсұтұлы деген шәкірті, облыстың ең үздік, шебер, вертуоз баянисі атанып, осы колледжде баян класынан сабақ берсе, енді бір шәкірті Сырым Құрманов Алматы қаласының өнер сүйер қауымын тамсандырып жүрген баяншы. Серікбай Қалымбетов еліне еңбегімен танылса, оның ұлы Өскен Серікбайұлы өнер саласының алдынғы шебінен көрініп жүрген өнердің жүйрігі.
Еңбек – өнер, өнерде еңбек. Бір шаңырақта өрбіген өнегелі өмір сабақтастығын бөле жара қарамадық. Күндіз-түні еңбек еткен Серікбай, бала тәрбиесін де ұмытпапты. Еңбек адамы болып, маңдай терін туған жеріне төккен тракторшы Серікбай Қалымбетовты ауыл тұрғындары, ел жұрты еске алып, құрмет көрсетіп жатса, несі айып? Келешекке келуімізге, зор жетістікке жетуге бұрынғылар себеп болды емеспе? Оларды еске ала отырып, біз болашаққа ұмтыламыз. Рухани жаңғыру – заман талабы. Әңгімелесуде аңғарғаным, Өскен әкесі Серікбайды ерекше мақтан тұтады екен. Сөз арасында «Ондай еңбекшіл, еңбекқор адамды көрмеппін» деумен болды. Ауыл қарияларының пікірі де оның ойымен қабысып жатты.
Өркен Исмаил,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі