Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕҢБЕГІМЕН ТАНЫЛҒАН ЕЛ АНАСЫ

ЕҢБЕГІМЕН ТАНЫЛҒАН ЕЛ АНАСЫ

«Қазақтың баласын арманшылдық өсірген, тәуекелшілдік қанатын қатайтқан, еңбек қатарға қосқан» дейді сөз зергері Әбіш Кекілбаев. Әтіркүл Дүйсенқызын мен танып білгелі де қырық жылдан астам уақыт өтіпті. Бір аудан орталығында қызмет істеген біздер кімнің немен тыныстап, қалай тіршілік етіп жатқанын көзбен көріп, құлақпен естіп есейдік. Менің қолыма 2010 жылы 21 қазанда жарық көрген «Қазақ елі» газеті түсті. Ондағы Бақыт Көккесенұлының «Әйгілі әулет» атты мақаласы ауданымыздағы белгілі Шорабаевтар шаңырағының өткені мен бүгіні, қиындығы мен қызықшылығы, қуанышы мен қайғысы туралы сыр шертеді. Нақ осы мақалада автор: «Әтіркүл. Ол – қазақтың белгілі қыздарының бірі. Әсіресе, Шиелі халқы жақсы таниды десек те, оның жұртына сіңірген үлкен еңбегі, өнегелі өмір жолы, жүйесін тауып айтқан сөзі Қазақстан халқына ортақ, егемен ел көлемінде қадірленіп, бағалануға лайық десек асыра айтпаймыз.
Халқымыз: «Күн ортақ, ай ортақ, жақсы ортақ» дегендей, Әтіркүлдің партия, комсомол қызметінде атқарған жұмыстары, сауда саласында бітірген шаруалары, әсіресе, Иіркөл ауылдық округіндегі 16 жыл бойғы жемісті әкімдік жұмысы – осы айтқанымыздың дәлелі» дейді. Әлбетте, солай. Әтіркүлдің өзі: «Мен орыс мектебін бітіргендіктен, екі тілді білетін жоғары білімді маман ретінде жолым болып, аудандық партия комитетінің саяси кітапханасының меңгерушісі қызметіне қабылдандым. Әрі қарай аудандық комсомол комитетінің мектептер бөлімінің меңгерушісі, екінші хатшысы қызметтерін атқардым. 1974 жылдан 1986 жылдың тамызына дейін аудандық тұтынушылар Одағы басқармасының кадрлар жөніндегі орынбасары және сол мекеменің партия ұйымының хатшысы болып сайландым. 1986-1989 жылдар аралығында Алмалы аудандық кеңесінің хатшысы, ал 1992 жылдан бастап 2008 жылға дейін Иіркөл ауылдық кеңесінің төрағасы, Иіркөл ауылдық округінің әкімі қызметтерін атқардым» деп еңбек жолын баяндаған еді. Әрине, бұл дегеніміз Әтіркүл Дүйсенқызын тыңдап, шынықтырған, жетелеп, жігерлендірген, қайрап, қанаттандырған, от пен суға түсіріп, ақ қанат армандарға асықтырып, елдің үкілі үмітін абыроймен ақтауға ұмтылдырған жалынды да жарқын жылдар болатын. Көптеген әйелмен салыстырғанда, Әтіркүл құрдасымның еңбек жолы өте мазмұнды тағылымға бай, нәтижесі мол. Ол – Әтіркүлге ғана тиесілі өмір мектебі, ол – Әтіркүл өмірінің айнасы. Осындай түрлі саладағы лауазымды қызметтерді атқара жүріп, Әтіркүл ауданның бетке ұстар азаматтарының бірі, партия, кеңес қызметтерінде ысылған, тәжірибелі экономист, «Алмалы» жеміс-жидек кеңшарының директоры болған беделді азамат Елтай Әбішевтей ағамыздың қас-қабағын бағып, аялы алақанымен аялай жүріп, тату-тәтті отбасында үш қыз, екі ұлды үлпілдетіп өсірген ардақты ана. Әтіркүл Дүйсенқызының 1984 жылдан бері қарай омырауында жарқыраған ІІІ дәрежелі «Ана даңқы» медалі деп аталатын мемлекеттік награда – бұл тек ана болғаны үшін ғана емес, киелі де қасиетті шаңырақтың шаттығына көлеңке түсірмей, нағыз адал жар, келісті келін, әсем әйел бола алғандығы үшін берілген марапат. Мен білетін Әтіркүл мінезге бай, сенің ішкі сырыңды көзіңнен ұғып тұратын, әсерлі әңгімеңе құлақ түретін, жақсылар мен жайсаңдарды қадір тұтатын, байқампаз да озық ойлы қазақтың зерделі де зерек қызы. Оның 2003 жылы Тұңғыш Президенттің қабылдауында болуы – аудан, облыстың абыройы. Бұл қабылдау Әтіркүлдің өзіне ғана емес, аудан әйелдеріне, ұжымдастарына, Шиелі халқына көрсетілген құрмет деп түсіну керек. Ал Әтіркүліміз ел атынан сондай қабылдауға қатысса, яғни ол бүкіл еңбек жолындағы өнегесімен, үлгілі отбасымен, әйгілі әулетімен соған әбден лайықты. Оның 2015 жылдың қорытындысымен Қызылорда облысы әкімінің жанындағы Отбасы және әйелдер істері жөніндегі комиссия шешімімен, «Ел билігі» номинациясымен марапатталуы – Дүйсенқызының ел басқару ісінде әбден жетілгендігінің, халық арасындағы түйткілді мәселелерді оңтайландыра шешіп, ісшараларды халықтың әлеуметтік жағдайларын жақсарту мақсатында шебер ұйымдастыра алатындығына берілген лайықты баға. Әтіркүлдің омырауында «Кеңестік тұтынушылар кооперациясының үздігі» атты төсбелгісімен қоса толып жатқан мерейтойлық төсбелгілері жарқырап, аудан, облыс, республикалық деңгейдегі мақтау, мадақтаулары оның еңбегіне берілген марапат екеніне сүйсінеміз. Ол өзі: «2015 жылы мұсылманның бес парызының бірі – қажылықты өтеп келдім. Исламда үш қасиетті орын бар. Пайғамбарым (с.ғ.с.) хадисінде: «Ол жерлерге арнайы барыңдар» деп бұйырған. Олар – Меккедегі әл-Харам мешіті, Мәдинадағы Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мешіті, Құдыс қаласындағы әл-Ақса мешіті. Алла тағала нәсіп етіп Мәдинадағы Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мешітіне, Меккедегі әл-Харам мешіттерінде болып, қасиетті Қағбаны айналып, намаз оқыдық. Алған әсерімізді сөзбен айтып жеткізу қиын. Негізі ол жерлерде жүргенде бойыңды бір керемет сезім билейді» деп тебіренеді. «Өмір жолы қандай қызықты, қандай қиын, үңіле қараған адамға оның қызығы да қиындығында емес пе?.. Өмір жолы үлкен қозғалыс: ол қозғалыс әрқашанда алға, алысқа құлаш сермейді, талай өркешті толқындарды да кездестіреді» деген емес пе, Кеңес одағының батыры, ғалым Мәлік Ғабдуллин. Ендеше Әтіркүл Дүйсенқызы сол қозғалыста талай асау толқындармен арпалыса жүріп үнемі алысқа құлаш сермеумен келеді. Оның бойындағы табандылық пен қажырлық өзінің нағыз еңбекқор Дүйсен әкесінің қаны мен он баланы дүниеге әкеліп, солардың қызығы мен рахатын да көре алмай, 38 жасында дүниеден озған Сәрсенкүл анасының ақ сүтінің тазалығы мен адалдығынан екені аян. Әтіркүл ата-ана үмітін ақтаған жан. Оның соңынан ерген іні-сіңлілері де аудан экономикасы мен мәдениетін, шаруашылығы мен әлеуметтік жағдайын көтеруге өз үлестерін қосып келе жатқан азаматтар, білікті мамандар. Кәсіпкерліктің туын биік желбіретіп, кешегі бір тоқырау жылдарында қайырымдылықтың тамаша үлгісін көрсетіп, ел-жұртын қуанышқа бөлеп тамсантқан, тарихын тасқа қашап қалдыратындай өрелі істер атқарған Әбдіманап Дүйсенұлының мезгілсіз қазасы бауырларының ғана емес, оны танитын, білетіндердің де еңсесін еңкейтті. Халқымызда: «Артында қызы бардың көзі бар, ұлы бардың өзі бар» демеуші ме еді?! Бақыт Көккесенеұлы: «...Әбдіманап туралы жеке кітаптың жазылуына, әсіресе мұрындық болған – Әтіркүл Дүйсенқызы. Біз оны көбірек білеміз. Көптің көзінде, елдің тезінде жүрген кісі ол. Дүйсен Шорабайұлының қызы ғана емес, дүйім жұрттың – Шиелінің Шынары ол» деп ой түйген екен. Әкенің қарашаңырағы мен інілерінің ­отауларын да көзінің қарашығындай сақтап, Елтай ағамыздың отанында азаматына деген асыл сезімдерін ардақ тұтып, ұл-қыздары мен немерелерінің қызығына бөленіп отырған Әтіркүлдің өмір жолынан кейінгі жастардың үлгі алары хақ. Елтай ағамыз бен Әтіркүл Дүйсенқызының отбасылық одағының өз сәні мен салтанаты, жарасымды жұптық мәдениеті, бір-біріне деген сүйкімді сыйластық құндылықтары көзге ұрып тұратын. Мұндай отбасыларға әрқашан да көзі ашық, көкірегі ояу замандастары құрметпен қарайтыны белгілі. Әтіркүл жауапты қызметтер атқара жүріп, халқымыздың дәстүріне сай ер-азаматын ардақтап, оның абыройын асқақтатып, балаларының жан-жақты білім алуына аса мән бере білген зерделі жан. Бүгінде бұл ­отбасынан шыққан дәрігер де, заңгер де, ұстаз да еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етуде. Оның Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» атануын ауылдастары үшін де үлкен мәртебе деп білуіміз керек. Ол соңғы жылдары екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, аңыз адам Ыбырай Жақаевтың дән сеуіп, күріштен тау тұрғызған ауылында тамаша еңбек адамдарымен қоян-қолтық араласып, еңбекқор, талапшыл, мәдениетті, қамқор, сауатты, заманауи әкім болған жан. Әтіркүлдің Шиелі ауданына сіңірген еңбегі үкімет тарапынан жоғары бағаланып, жуырда ол «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталса, заңгер ұлының басшылығы оның төсіне «Офицердің анасы» атты ерекше төсбелгісін тақты. Өз болмысы, адал еңбекқорлығы, жоғары тәртібімен, білім көкжиегімен замандастары арасынан суырылып шыққан ұлының арқасында мұндай марапатқа ие болған Әтіркүл Дүйсенқызы балаларының амандығын тілеп, көңілі босап, тағдырына «тәубе» деді. «Бақ біреуге ауып қонады, біреуге тауып қонады. Ауып қонса, ол оны есіртеді, тауып қонса, оны есейтеді» дейді дана халқымыз. Әтіркүлдей ардақты жанға бақ тауып қонған. Оның өмір жолы, еңбек үлгісі, азаматтық ұстанымы, бойындағы ұлттық құндылықтары, қазақ әйеліне тән парасат-пайымы, табиғаттан берілген сұлулығы мен сымбаты – осының айқын айғағы. Әтіркүл маған кешегі Айғаным анамыз, Бопай ханымдардың ізін басқан қазақ әйелдерінің мақтан етерліктей бүгінгі таңдағы нағыз тұлғасы сияқты. Ұлылардың пайымдауынша, табиғат әйелге былай дейді: «Қолыңнан келсе сұлу бол, қаласаң – дана бол. Ал саналы, ақылды болуға міндеттісің». Ендеше, біздің Әтіркүліміз сұлулығымен де, ақылымен де өз әлемінің шуағына өзгелерді бөлеп, өмір айдынында ғажайып күн кешіп жүре берсін дегім келеді. Өйткені, кешегі белсенді де белді, қажырлы да қайратты, басшы әйел-ана енді Ел анасына айналды. Ендігі міндеті бұрынғыдан да салмақтырақ болмақ! Солай, менің құрдасым, түсінерсің, Тек қана жақсы жандар түсіңе енсін. Бір елдің бағына туған қызысың, Көңіліңді әлдекімдер түсірмесін. Жалындадың, жарқылдадың жасында, Бақ-дәулетің тұрсын әркез басыңда. Гүл жайнаған ұрпағың болсын қасыңда, Адамдықтың ақ туын биік ұстаған, Үлгі-өнегең жетсін келер ғасырға!

Гүлқадиша НЫСАНБАЕВА,
ҚР білім беру ісінің үздігі,
Республикалық «Жыл директоры» байқауының жүлдегері,
Ы.Алтынсарин, М.Шоқай медальдарының иегері
11 сәуір 2025 ж. 97 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№25 (9292)

08 сәуір 2025 ж.

№24 (9291)

07 сәуір 2025 ж.

№23 (9290)

01 сәуір 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930