ПРОМЕТЕЙ (Жазушы Серік Байхоновтың өмірден өткеніне жыл толды)

...Сол «Олимп» аспанынан қаңғалақтап жүріп қарабайыр күн кешіп жатқандардың ортасына келіп қалатын бір Прометей жазушы бар еді. Алыстан найзағайын жарқылдатып, аудан басындағылардың төбесінен күн күркіретіп келмейді. Кәдімгі көк көйлек киіп, жасыл белдемше тартқан биші қыздардай тізілген вагондардың бірінен түсіп жатады. Келеді де ескі таныстарын табады. Ақиқатында бәрі де таныс, солардың кейбірін іздейді. Артық әбігері жоқ, кеше кетіп бүгін қайтқан ауыл адамындай ел ішімен еркін араласады да жүре береді. Бірақ бір биіктігі, көсемдігі, әр сөзін асықпай созып, бәсең үнмен майдалап жеткізіп жатса да айналасын үйіріп ауызына қарататындай қасиеті көрініп тұрады. Бұл адамды халық «Е, атағы дардай жазушымыз осы екен ғой» деп таңырқай, тамсана емес, кәдімгі етене жақын туысындай таниды. Бұл – Серік Байхонов. Бұл – өмірінде бірінші рет көріп тұрған адамына да тосырқамай қарап, жарты ғұмырын бірге өткізген жақынындай іш тартып тұратын ғажайып мінездің иесі. Сонысына қарап «күллі Қазақстан халқының қалт-құлт етіп өз көлеңкесіне өзі сүрініп жүрген қартынан бастап белі бесіктен бүгін шыққан бөбегіне дейінгі барлығын жүз бе жүз танитын шығарау» деп ойлауға болады. Сондықтан бұл жазушы көктен түскен Прометей –текті әлемнің өкілі іспеттес болса да, елге, жерге аңсары ауып тұратын тәңірқұты сияқты еді. Жұрт та жатырқамайды, ойнап, әзілдесіп, ойындағысын айтып, айтысып қалып, таласып, дауласып көңілдерінде шекара қалмай әңгімеге қарқ болатын-ды. Осынау еркіндіктің, емен-жарқын ашықтықтың артында әрине, Серіктің телегей теңіз терең білімі, мыңдаған кейіпкерлерін он мыңдаған мінездермен сомдаған сұңғыла талант – табиғаты, тумысынан зерек болмысы тұр ғой. Аспани әлемдік Серікке төбеден қарағанда бәлкім бұл адамдар беті ашық жатқан кітаптай шығар. Құдай адамды әр қилы кескін-кейпімен, кемшілік-пендешілігімен, тағдыр-таланымен қалай жаратса, жазушы да өз пенде-кейіпкерлеріне қалаған қасиеттерін, жақсы-жаман құлықтарын солай береді. Бәлкім жүрегінен солай тудырады, сондықтан өзі тудырған дүниесін жақсы көрмеуі, сүймеуі мүмкін де емес шығар. Әлсіздігі мен нашарлығына, қисықтығы мен кесапаттығына қарамай барлығын бірдей көру бұл Құдайлық махаббат, Жаратушының тек өнер адамына ғана берген ерекше киеқасиеті болса керек. Адамдарды алаламай бірдей жақсы көру –ұлылықтың басты белгісі болатыны да осыдан екен-ау?! Серіктің жазушылық шеберлігіне тік тұратындар да, мүмкін шек келтіретіндер де болып қалар, талай-талай талдаулар, еске алулар, зерттеулер де жазылар. Бұл жағына келгенде он сегізге толмай әдебиет арғымағын ат қылып мінген, жетпіске жетіп аяқ суытқанша белін жазып ерден түспеген жазушы кенде болмасы анық. Ал, өмірдегі бейнесі, ол да бір ұзын-сонар сапар, көлкөсір дастан. Серікке Қазақстанның әрбір тұрғыны ауылдас, қатар-дос, тамыр-таныс болып кеткені сияқты, туған елінің әрбір тау мен тасы, өзен көлі, бұта шеңгелі, ұшқан құс, қыбырлаған аңы, тіпті балығы мен бақасы да қорасындағы малындай, белгілі көршілес ауылындай жақын. Осының бәрі өз отанын армансыз аралаған азаматтың меншігі, өзімсіне иемденетін мүлкі мен дүниесі. Өзі де осы ортаның өгермейтін бір бөлшегі. Содан болар өзінің туған жеріне, кіндік қаны тамған ханакасына, ойнап өскен құмды қырларына келгенде жан дүниесі ерекше жадырап, анасының алдына келіп аунап жата кеткен жас баладай еркелеп, еркіндеп кетуші еді. Кім болса сонымен сөйлеседі, қалаған жағына бетін түзейді, керекті керексіз тақырыптарға да құлшына кірісіп кетіп, ерінбей ежіктеп талқылайды, талдайды. Түсіндіріп жүреді. Не қарттығын, не жастығын сездірмейтін қара қуаң өңіндегі жылы шуақты екі көзі өзімшене күлімдеп бір сәт үнсіз тыңдайды да әрі қарай екшеп, текшелеп әңгімеге кіріседі. Бұл бір қарапайым қазақы ортада ойын емін-еркін ашып көсілгені ме екен немесе дәл осы сәтте көкірегіндегі қаламгерлік қазанында бұрқ-сарқ қайнап әлде бір әдеби әлеметтер жүріп жатыр ма екен?! Ол жағын кім біліпті? Ал Серік оны айтпайды. Ойға ой, сөзге сөз қосып түрлі тақырыптардың шаңын қағып жатқанда ақылшы ағамыздың алыстан, Алматыдан келгенін ұмытып та кетеді екенбіз ғой. Жата қалып салғыласамызау біз де... Алдымызда әңгімесі жарасқан, бар бейнесінде зәредей де кісілік жоқ, ірілік жасап үстемсімеген адам отырады. Бұл жұрттан да бірдеңе білгісі келе ме, бірдеңе үйреткісі келе ме, пікірталастардың да табиғаты қызық қой, осы әңгіме сөздер арнасында талай асыл дүниелер ағып өтіп жатады. Мұны да біз байқаймыз. Бізге бұл қызық. Ал жазушы ағамызға бұлардың бәрі не үшін керек-ау? Әуедегі айырпланның адамы біздің ауылдың арбасында не қылып жүр-ау?! Аспан әлемінің жұмағынан Жердегі пенделерге Прометей не үшін келді екен осы?! Көкіректе күмән қалды, сұрақ қалды. Байхоновтың бар болмысын бірер мезеттермен көрсетер керемет мүмкіндіктер қалды. Оны осы екі ортада өткен бір жылға жуық уақытта ғана ұққан сияқтымыз. Сол бір сәттердегі сұрақтардың жауабы – сағыныш екен ғой. Талай жердің топырағы мен тасын табанымен басып өткен жиһангез саяхатшы қаламгердің туған топырағы мен сол топырақты мекендеген жұртқа деген перзенттік сағынышы екен-ау! Қазір енді бір жылға айналып барады, кеше кетіп бүгінгі күні «Кеш жарық!» деп кіріп келе жататын Серік ағамызды сағына бастағанда ол кісіні де тани бастаған сияқтымыз. «Сәуірдің 7-сі күні Алматыда жазушы Серік Байхоновтың жылдық асы беріледі» дегенді естігенде артымыздан тапырлатып қуып жеткен уақыттың тұяғының астында қалғанда күй кештік. Не деген зымырап жатқан уақыт! Уақыттың осындай ғаламат ұшқырлығының тасасында өмірдің қандай құны қалмақ? Бұл ғұмыр қысқа екен-ау, тым қысқа. Мәңгілік өлмейтін Құдайлық өмірді осы бір бір-ақ тұтам адами ғұмырға ауыстырып алған Прометей ұтты? Не білді? Ал Серік Байхонов білген болар. Алыстан, астаналардан, ала бұлттар мен қарауытқан таулардың арғы жағынан ұшып ауылына жеткенде өзінің тәні, сүйегі елден жырақ сыртта қалса да, жанын, рухын, аты мен абырой атағын туған жеріне табыстап жүрген екен-ау?! Ауылының адыры мен құмы, Сырдың суы мен жағасындағы нуы қара бала болып аттанып қарағайға айналған ұлының рухына дұға бағыштап жатады деп сенеміз. Халқының да қол жайып «Әумин» деп бата қайырары хақ.
Мақсұт ӘБДІМОМЫН