Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАЗЫЛМАҒАН ОЙЛАР ҚАЛДЫ АРТЫНДА

ЖАЗЫЛМАҒАН ОЙЛАР ҚАЛДЫ АРТЫНДА

Шиелі ауданы, Ақмая ауылының тумасы, белгілі саяхатшы-жазушы, ақын, журналист-көсемсөзші Серік Байхоновтың қазасы туралы суық жаңалықты естідік. Болмысы бөлек, ұстанымы берік жерлесіміздің қазасы жұрт қабырғасын қайыстырған қайғылы хабар болды.
Ол халықтың ұлына айналған біртума арыстарының бірі еді.
Серік Мүсілімұлы 1976 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін, 1980 жылы Алматы жоғары партия мектебін мектебін бітірді. Оқуын тәмамдаған соң, республикалық газет редакцияларында, «Қазақфильм» киностудиясында жұмыс атқарып, өнегелі өмірінің барлық кезеңін халыққа қызмет етумен жалғастырды. 1990-1998 жылдары Қазақ республикалық теледидарының бас редакторы қызметінде болды. Ғұмырының соңғы жылдары «Қазмырыш» ашық акционерлік қоғамында еңбек етіп, 71 жасында ауыр науқастанып, фәниден бақиға аттанды.
Серік Байхоновтың жазушылық жолындағы ізденістері көкірегін толтырған сыр мен сезімді бейнелейтін тың туындылардың тууына себеп болды. 1973 жылы жиырма жасар бозбала өзінің тұңғыш хикаяты – «Жалғасым менің – жалғасым» повесін жарыққа шығарды. Бұл шығарма «Жалын» журналында жарияланып, оның жазушы ретінде қатарынан ерте танылуына әсер етті. Шығармашылық жолы қалыптасқан қаламгердің бұдан кейінгі туындылары «Ең ыстық маусым», «Қос шатырлы үй», «Сал үстіндегі маусым», «Құйылыста», «Ғажапстанға саяхат», «Алтай асу» атты көптеген әңгімехикаят, роман және саяхат кітаптары болып басыла бастады. Шығармаларының бірқатары орыс тіліне де аударылған.
Телевизия ардагері қазақ телевидениесі арқылы танылған «Жігіттің сұлтаны», «Тайбурыл», «Сиқырлы қазан», «Қазақтың Қажымұқаны» тақырыбындағы республикалық конкурстық бағдарламалардың авторы болған. Ал кәсіби саяхатшы ретінде «Сал үстіндегі маусым», «Аралға – араша», «Арналарға тіл бітсе», «Өсімдіктер желісіне саяхат», «Бетпақдала – шөл емес» экспедицияларын басқарған. Содан бері С.Байхоновтың қағаз бетінде қалған тұшымды дүниелері оның жазушылық жолындағы тынымсыз еңбегі мен айқын қолтаңбасын даралап тұр. Оның асыл ойларға толы, халқына берер пайдасы мол шығармаларының бәрі де бүгінге дейін қазақ әдебиетінің биігінен түспей тұрғанын айта кету керек. Көп жылын телевидение саласына сарп етіп, саяхатшылық жолында саналы еңбек қалдырған ардагер қызмет барысында Арал тағдыры, Сыр бойы мәселелері туралы танымды хабарлар түсіріп қалдырды. Өзі қанық болған өмір құбылыстарын терең танып, көркем ой мен шеберлікті жасампаздығының үлгісіне айналдырған саяхатшы-журналист Қазақстан Жазушылар одағының Ахмет Байтұрсынов атындағы сыйлығының лауреаты атанды.
Жазушы Серік Мүсілімұлы жайында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Өркен Исмаил ата басылымға өткен жылы жариялаған мақаласында: «Серік Алматыға арман қуып ерте барды. «Жазушы боламын» деп барып еді, жай жазушы емес, атақты жазушы болды. Сал үстіндегі Серік атанып, саяхатшы, жиһанкез жазушы болып тарихты қазбалады. Табиғатты аялады, жан-жануар, өсімдіктерді жақсы көрді. Бетпақдаланы қорықпай аралап ерлік жасады...
С.Байхоновтың оқырмандар көңілінен шыққан шығармалары зерттеліп, зерделеніп, биік дәрежеде бағалануда. Жас жазушыларға үлгі, өнеге, ақ жол болуда. Тілі жеңіл. Ауылдың тілі. Оқырмандардың тілі. Жатық тілді оқи бергің келеді. Серік саған қызық әңгіме айтып отырғандай. Қазақтың кең даласын, тұнып тұрған табиғатын құйқылжыта жазады. С.Байхонов – естігенін емес, көзімен көріп, қолымен ұстағанын жазатын жазушы. Сосын қалай оған нанбайсыз? Оған Алла Тағала сондай түйсік, сезім мен көркем мінез беріп қойған. Көз жанары да өткір. Өзіне қажетті дүниені ғана көреді. Жақсы жағы басым. Серік еңбекқор, еңбекшіл. Жазуда да, саяхатта да Дон Кихот секілді шаршауды білмейді. Өзін үлкен жазушы деген атаққа қимаса да, оның жұрттың жүрек төрінен орын алатын дарабоз жазушы екені анық», – дейді.
Серік Мүсілімұлы туған жері жайлы сыр шертіп, қаламынан туған дүниелерді Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінің бетіне жариялап тұратын. Өміріне шағым келтірмей, ұлт болашағына қызмет етуді аңсаған ел ағасы мезгілсіз өліммен мәңгілік мекеніне аттанды. Әдебиеттің көркем әлемінің аясын кеңейтуге үлкен үлесін қосқан Серік Байхоновтың есімі ел жадында сақталып қала бермек!

Таслима ӘЛІШЕР
09 сәуір 2024 ж. 178 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031