Жазушының ең басты шығармасы – жазылмаған шығармасы
Өмірде екі ұғымға тәнті боламын. Біріншісі, «Кімді айтсаң сол келеді!». Екіншісі, «Ауылдағының ауызы сасық». Біреуді сыртынан я мақтап, не жамандап отырсаңыз, алыста жүрген, тіптен келіп қалады деп ойламаған адамыңыз сарт етіп отырған жеріңізге «Ассалаумағалейкум» деп кіріп келеді. Расыменде.
Ауылдық жерлерде жолдары болмай, отбасылық жағдайларымен, тағдыр тәлкегімен, кедейшілікпен, басқадай басқа салған пендешілікпен қаншама талантты, дарынды, өнерлі жастар жүргенін де білеміз. Ақын десеңіз ақын, әнші десеңіз әнші, суретші десеңіз суретші, жазушы десеңіз жазушы, журналист десеңіз журналист, сөзге шешен, ағып тұрған талант домбырамен күй де шертеді, баянмен ән салып жан дүниеңді ерітеді. Ауылдағы осындай талант иелерін көргенде, естігенде таңырқайсыз. Таңқаласыз. Бірақ олар ауылда жүр. Қанша дарынды болса да, «ауызы сасып» ауылдан кетпейді. Сондықтан оларды атақтылармен салыстырып, күшті, мықты екендігіне көзіміз жеткен кезде «ауылдағының ауызы сасықты» бәрібір айтамыз. Рас қой? Әрине...
Ауылдық жерлерде жолдары болмай, отбасылық жағдайларымен, тағдыр тәлкегімен, кедейшілікпен, басқадай басқа салған пендешілікпен қаншама талантты, дарынды, өнерлі жастар жүргенін де білеміз. Ақын десеңіз ақын, әнші десеңіз әнші, суретші десеңіз суретші, жазушы десеңіз жазушы, журналист десеңіз журналист, сөзге шешен, ағып тұрған талант домбырамен күй де шертеді, баянмен ән салып жан дүниеңді ерітеді. Ауылдағы осындай талант иелерін көргенде, естігенде таңырқайсыз. Таңқаласыз. Бірақ олар ауылда жүр. Қанша дарынды болса да, «ауызы сасып» ауылдан кетпейді. Сондықтан оларды атақтылармен салыстырып, күшті, мықты екендігіне көзіміз жеткен кезде «ауылдағының ауызы сасықты» бәрібір айтамыз. Рас қой? Әрине...
Серік құдай берген бойындағы айрықша талантына сенді ме, ауылда қалса кім болатынын білді ме, «Ақмаяда» ғана емес, Шиеліде де көп тұрмады... «Қолымды мезгілінен кеш сермедім» дегісі де келмеген шығар. Дұрыс жасаған. Иә, «Алмас қылыш қынабында жатпас» дегендей, аудандық «Өскен өңір» газетінің қарапайым журналисі Серік Байхонов өзінің тұңғыш повесі «Жалғасым менің – жалғасым» республикалық «Жалын» журналында жарияланысымен көрнекті жазушылардың көзіне түсіп, қазақ әдебиетіне талантты жас жазушының келгені айтылып та, жазылып та жатты. Біздер С.Байхоновты жақсы білгенмен, қазіргі жастар, кейінгі толқын оқырмандар білмеулері де мүмкін. Өйткені, Серік Алматыға арман қуып ерте барды. «Жазушы боламын» деп барып еді, жай жазушы емес, атақты жазушы болды. Сал үстіндегі Серік атанып, саяхатшы, жиһанкез жазушы болып тарихты қазбалады. Табиғатты аялады, жан-жануар, өсімдіктерді жақсы көрді. Бетпақдаланы қорықпай аралап ерлік жасады. Ә.Тәжібаев Сырдариясын жырға қосса, С.Байхонов Сырдария өзенін салмен жүзіп өтіп, «Сал үстіндегі маусым» атты саяхат кітабын жазды. Қызық қой. Серік анда-санда туған жері Шиеліге келіп кетеді. Оны білмейтін, танымайтын кісілер оны бір көргенде Ақмая ауылының жұмыссыз жүрген бір ұзын бойлы, арық келген адамы екен деп қалады. Өте қарапайым, кісілік атымен жоқ, өмірі «мен атақты жазушымын» демепті. Сол баяғы жалынды Серік. Балаша күліп-ойнап жүретін сүйкімді бейнесі сол күйі сақталған. С.Байхоновтың оқырмандар көңілінен шыққан шығармалары зерттеліп, зерделеніп, биік дәрежеде бағалануда. Жас жазушыларға үлгі, өнеге, ақ жол болуда. Тілі жеңіл. Ауылдың тілі. Оқырмандардың тілі. Жатық тілді оқи бергің келеді. Серік саған қызық әңгіме айтып отырғандай. Қазақтың кең даласын, тұнып тұрған табиғатын құйқылжыта жазады. С.Байхонов естігенін емес, көзімен көріп, қолымен ұстағанын жазатын жазушы. Сосын қалай оған нанбайсыз? Оған Алла Тағала сондай түйсік, сезім мен көркем мінез беріп қойған. Көз жанары да өткір. Өзіне қажетті дүниені ғана көреді. Жақсы жағы басым. Серік еңбекқор, еңбекшіл. Жазуда да, саяхатта да Дон Кихот секілді шаршауды білмейді. Өзін үлкен жазушы деген атаққа қимаса да, оның жұрттың жүрек төрінен орын алатын дарабоз жазушы екені анық. Сондай-ақ С.Байхонов кәсіби саяхатшы, жиһанкез ретінде «Сал үстіндегі маусым», «Аралға – араша», «Арналарға тіл бітсе», «Өсімдіктер жемісіне саяхат», «Бетпақдала – шөл емес» экспедицияларын басқарған. Яғни, жазушы-саяхатшы. Бетпақдаламен, үнсіз жатқан табиғатпен тілдескен, тіл тапқан шебер жазушы.
Қаламы қарымды, қаламгер Серік Мүсілімұлы 13 мамыр 1953 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, бұрынғы «Авангард», қазіргі Ақмая ауданында дүниеге келген. Ауылдағы №49 орта мектепті бітірген соң, 1976 жылы Қазақ Мемлекеттік университетін журналист мамандығы бойынша бітірген. 1980 жылы Алматы Жоғары партия мектебін тәмамдаған. Өз заманының жолында комсомолы болған Серік аудандық «Өскен Өңір» газетінің белсенді қызметкері ретінде оқырмандарының сүйікті тілшісіне айналып, өз талантын іштей сезінгендей арман қуып Алматыға жол тартады. «Жалын» баспасында редактор, «Қазақфильм» киностудиясында қызмет істейді.
1990-1998 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Телерадиосында бас редактор қызметін абыройлы атқарып, одан соң «Қазмырыш» ашық акционерлік қоғамында еңбек етеді. С.Байхонов 1989 жылы Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты атанған. Оның көптеген шығармалары орыс тіліне аударылған.
Серік Байхонов қазақ тіліне бай жазушы. Оқырманды орап алатын сиқырлы сөздері есіңді шығарады. Оның 1977 жылы жарық көрген «Жалғасым – менің жалғасым» атты повестер мен әңгімелер жинағы, 1979 жылы шыққан «Ең ыстық маусым», 1983 жылы жазылған «Қос шатырлы үй» атты повестер жинағы, «Құйылыста» атты хикаяттар мен және «Рудный Алтай» шығармасы 2001 жылы жарық көріп, оқырмандармен қауышып жатты.
Ал 1988 жылы жазылған «Сол үстіндегі маусым» кітабы Сыр бойы халқының жастанып оқитын шығармасына айналды. Өйткені, С.Байхонов Сыр туралы шерте отырып, Арал теңізі суының күн санап тартылып бара жатқандығын, кең байтақ Сыр аймағының экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуын саяхат жасау арқылы көзімен көріп, көпшілік қауымның, Сыр бойы халқының көңілінен шығады. Қас қаламгерді осы бір өте күрделі, әлі шешімін таппай келе жатқан мәселелер қатты толғандырады.
Арал теңізіне барып құятын Сырдария өзенін бойлап салмен жүзіп өткен Серік Байхоновтың, саяхаткер-қаламгердің бұл ерлігінің, бұл туындысының біздер үшін де, болашақ жастар үшін де танымдық, тағылымдық маңызы аса зор деп ойлаймыз. Жаңаша қырынан танылған қаламгер Сырдария суымен сырласа келіп көптеген проблемалық ой тарқатады, ойтүйін жасайды. Туған өлкесінің сұлу табиғатын жазумен қатар, оның экологиясына да жаны ашып күйінеді. Жазушылық – өнер. Жазушылық –туабітті талант. Жазушы өмір сүрген дәуірдің «өнімі». С.Байхонов қазақ әдебиетінің алыптары Ғ.Мүсіреповтен бастап, Ә.Нұрпейісов, Ш.Мұртаза, К.Смайылов, Ә.Кекілбаев, А.Сейдімбеков, С.Әшімбаев, Қ.Мұхамеджанов, А.Сүлейменов, М.Мағауин, Д.Досжан, О.Бөкей, Д.Исабеков, Т.Әбдіков, С.Елубайлар жайлы, кейінгі толқын М.Қаназ, С.Жұбатырұлылар туралы жылы лебіздерін үнемі айтып отырады. Кітаптарына мақтау айтқан Д.Исабеков ағасы «Күшіңнің барында жаза бер, кейін шаршап қаласың», Т.Әбдіков ағасының «Жазушыға білім керек, ізденіс керек» деген ақыл-кеңестерін де ұмыта қоймаған. Серік ақкөңіл, әзілкеш, үнемі күліп жүреді, ренішін білдірмейді. Арасында сәл мақтанатыны бар. Ол «Мен әлемнің отыз шақты елінде болдым. Қазақстанда менен көп шарлаған, менен жақсы білетін адам жоқтың қасы десем, тым артық айтпаспын» деп көсіледі. Мақтаншақтау екендігін мойындау арқылы өзінің өзгеше қаламгерлігін сездіреді. Осынысына дән риза боласыз.
С.Байхонов жан-жақты, ізденімпаз, мәдениетті қаламгер. Бір газет тілшісінің берген сұрағына ол «Болашақты білмеймін, дәл қазір бізге ұлттың болашағы үшін қызмет жасайтын шығармалар қажет секілді. Ұлттың болашағы дегенде, уақытша даңғаза мен дақпыртқа құрылған әдебиет емес, ұлттық саясаттың, оқырманның сұранысына жауап беретін, уақыт қажеттілігінен туған әдебиет керек. Айттым ғой мысалы, қазіргі балалар әдебиеті ұлт болашағы емес пе? Балалар әдебиетіне көңіл бөлініп отыр ма?» деп жауап береді. С.Байхоновтың өзі бір тарих. Жерлесіміз Серік Мүсілімұлы үстіміздегі жылы жігітің жігіті жететін желкенді 70 жасқа толып отыр. Ол қазақ халқының көрнекті жазушылары қатарынан ойып тұрып орын алған Ақмаялық жазушы. Шиелі ауданының «Құрметті азаматы», А.Байтұрсынов атындағы Ұлттық сыйлықтың иегері.
Қатарлас-құрдастары «Серіктің басы толған идея» дейді екен. Біз де соған қосыла жүзеге аспаған идеялары мен орындалмаған армандары төңірегінде жолы бола берсін деген ақ тілегімізді жолдаймыз.
Жетпіс жасқа толған торқалы тойы құтты болсын деп, Секеңе ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, жазушылық шалқар шабыт тілейміз.
Өркен ИСМАИЛ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі