ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ

Фестиваль аясында қазақ сатира театры өнерінің қайраткері Бауыржан Ибрагимов бастаған, танымал сатирик жазушы Мұхтар Шерім, саланың майталман мамандары Берік Тұрсынбеков, Жұлдызай Дүйсенбиева қостаған қазылар алқасы бағалап, ең мықты ұжымдарды анықтады. Нәтижесінде Көпен Әмірбектің «Пыш-пыш» атты әңгімесінің интерпретациясы мен өз реперуарындағы екі интермедияны көрермен назарына ұсынған шиелілік «Күлкістан» әзіл-сықақ театры бас жүлдеге ие болды. Ұжымға гран-при жүлдесінің дипломы мен 1 млн теңге көлеміндегі сыйақының сертификаты табысталды. Айта кетейік, «Күлкістан» театры 2008 жылы Қызылордада сатира актёрі Мағауия Қойбағаровтың жетекшілігімен құрылды. Бүгінде оның көркемдік жетекшісі шиелілік – Дархан Пірназар, әртістері – Дінмұхаммед Әбжаппар, Мұқан Омаров.
«Өскен өңір» ақпарат