ӨЗ ҚЫЗМЕТІН ЖОҒАРҒЫ ДЕҢГЕЙДЕ ОРЫНДАЙДЫ

Айта кету керек, ұңғымаларды жөндеу және қалпына келтіру учаскесіндегі еңбек ұжымы негізінен ер адамдардан құралған, ал Ақерке – осындағы жалғыз нәзік жанды жан. Бірақ ол өзіне ешқандай жеңілдік жасағанды қаламайды, жұмысын ерлермен тең дәрежеде, кейбір тұстарда одан да жақсы атқарады. –Еңбек жолымды 2012 жылы «Семізбай-U» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты «Иіркөл» кенішіне материалдық қойма меңгерушісінің көмекшісі болып бастадым. Одан әрі қызметім көтеріліп, 2013-2017 жылдары қойма меңгерушісі болдым. 2017 жылдан бері жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарының есепке алу операторы болып жұмыс атқарып келемін. Жалпы геотехнолгиялық алаңда кен айдайтын және кері айдайтын ұңғымалар орналасқан. Кен айдайтын ұңғымалармен жердің астыңғы қабатынан құрамында уран тотығы бар ерітінділер шығады, кері айдайтын ұңғымалар құрамынан уран тотығы алынған ерітінділерді қайта жерасты қабатына береді. Менің басты міндетім осы ұңғымаларды тазалап, жөндеу, қалпына келтіріп, үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін әріптестерімнің атқарған жұмыстарын есепке алу. Бұл жұмыс әйел затына әрине қиын және жұмыс уақытым ер кісілердің арасында өтеді. Бірақ бұл қиындықтарға қарамай, өзіме берілген тапсырманы тиянақты орындау мен үшін үлкен мақтаныш, – деді бізбен әңгімесінде Ақерке Серікқызы. О н ы ң е ң б е г і л а й ы қ т ы бағаланып, «Самұрық-Қазына» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ және «Семізбай-U» ЖШС тарапынан бірнеше рет марапаттарға ие болды. А.Қабылова тек жұмыста ғана емес, сонымен қатар өз ұжымы мен ауданның қоғамдық-мәдени өмірінде де белсенділік танытады. Ол «Қазатомөнеркәсіп» кәсіпорындары қызметкерлері арасында өткен «Талантыңмен таныл» вокалдық байқауының лауреаты атанды, сондай-ақ аудандық «Жас ана» байқауында бірінші орынды иеленді. Оның орындауындағы «Қазағымсың» әні көрермендер мен қазылар алқасының жоғары бағасына ие болып, ол «Жылдың үздік қызметкері – 2023» номинациясының лауреаттарын марапаттау рәсіміне арналған Астанадағы гала-концертке шақырылды. Ақерке жұмыста және қоғамдық өмірде ғана емес, отбасында да бақытты. Ол – тату және берік отбасының ұйытқысы. Жолдасы Азамат Хасанов екеуі үш баланы үлкенге құрмет, туған жерге деген сүйіспеншілік рухында тәрбиелеп келеді.
Дария МАҚСҰТ