
Сұлтан Оразов – «РУ-6» ЖШС жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары учаскесінде жер асты ұңғымаларын жөндеу операторы болып жұмыс істейді. Ол өңіріміздің сыйлы азаматтары локомотив депосының слесары Болат Оразов пен Шиелі радио орталығының қызметкері Тұрсын Кенееваның көпбалалы отбасында туып-өскен. Сұлтан бала кезінен футболға әуес болып, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіндегі футбол секциясында белгілі бапкер Нұрмаш Аманқұловтың шәкірті болды. Ол ойнаған балалар командасы республикалық «Былғары доп» турнирінде жеңіске жетті. №252 Г.Ковтунов атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін, спорттағы ерекше жетістіктерінің арқасында оны бірден Еңбекші ауылындағы мектепке жаттықтырушы ретінде жұмысқа қабылдайды. Кейін әскер қатарында қызмет етіп, жоғары оқу орнында білім алып, өзі оқыған мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеді. 1990 жылдардың басында қиын кезеңдер басталды. Бюджеттік ұйымдарда жаппай қысқартулар жүріп, С.Оразов та жұмыссыз қалды. Не істеу керек? Сұлтан жұмыс іздеуге мәжбүр болды. Дәл осы кезде әскердегі тәжірибесі кәдеге асты. Алдымен теміржолдың әскерилендірілген күзетіне жұмысқа орналасты, кейін «Қорған-Қазатомпром» ЖШС мекемесінде күзетші болды. 2010 жылы ол оқу орталығында жер асты ұңғымаларын жөндеу операторы мамандығын меңгеріп, конкурстық іріктеуден өткен соң, «РУ-6» ЖШС-ға жұмысқа қабылданды. Осы кәсіпорында он бес жыл ішінде ол жоғары білікті маман және өз ісінің нағыз шебері атанды. Оның жұмысының ең басты мақсаты – жөндеуқалпына келтіру жұмыстарын сапалы жүргізу. Бұл ұңғымаларды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. С.Оразов «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының жалпы жетістігіне өз үлесін қосуда. Бізге берген сұхбатында ол табысқа жету үшін әрқашан өз шеберлігіңді шыңдап отыру керектігін айтты. Сұлтан өндірісте жұмыс істей жүріп, спорттан да қол үзген жоқ. Бірнеше рет «Қазатомөнеркәсіп» спартакиадаларына қатысып, футбол турнирінде екі рет жүлдегер атанды. Біздің кейіпкеріміз берекелі шаңырақтың иесі. Жұбайы музыкалық мектептің оқытушысы Ұлбала Жұманазаровамен бірге екі бала тәрбиелеп отыр.
Айдар БАҚЫТЖАНҰЛЫ,
сурет автордыкі