АЛҒЫСТЫҢ ТИЕГІ АҒЫТЫЛҒАН КҮН

Жақында аудандық мәдениет үйінде Алғыс айту күні мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай мерекелік шара ұйымдастырылды. Жиынға аудан әкімі Айтбай Жандарбеков қатысып, сөз сөйледі. Өз сөзінде аудан басшысы Алғыс айту күні мен Ассамблеяның мерейтойының маңыздылығын атап өтіп, еліміздегі ұлттар мен ұлыстардың бірлігі мен татулығы, ортақ мақсат пен құндылықтарға негізделген ынтымақтастықтың жемісі екенін айтты. Сондай-ақ аудан тұрғындарын өзара құрмет, түсіністік пен ынтымақтастықты нығайтуға шақырды. – Бұл күн жанашырлықты, ризашылық пен сыйластықты айшықтайды. Халқымыздың бір-біріне деген қамқорлығы мен ынтымағы дәріптеледі. Біз осы құндылықтың арқасында түрлі сын-қатерден сүрінбей өтіп, егемендігіміз бен тұрақтылығымызды нығайттық. Қазақ халқы жақсылыққа жанашыр болып, жасалған әрбір жақсы іске алғысы мен ризашылығын білдіріп отыратын, бірлік пен тірлікті, татулық пен тұрақтылықты жанына мұрат тұтқан халық. Осы ретте, ел игілігі үшін әлеуметтік, тұрмыстық нысандардың салынуына тер төге еңбек етіп жүрген құрыш қолды құрылысшыларға, еселі еңбегімен елге танылған сала мамандарына, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген еңбек ардагерлеріне шексіз алғысымызды білдіреміз. Киелі мекен Шиелінің ауызбірлігі мен ынтымағы жасай берсін, – деді А.Насриддинұлы. Сонымен бірге ол мерекелік шарада ауданның әлеуметтік-экономикалық, мәденирухани дамуы жолында өнегелі өмір жолымен, үлгілі еңбегімен елге танылып жүрген бір топ сала мамандарын, еңбек адамдарын Алғыс хатпен марапаттады. Салтанатты шараның көркін ашқан аудан өнерпаздары көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Түрлі ұлт өкілінің ән-биі көрермендерге паш етілді. Шешен ұлтының өкілі Сайдселим Хазуев те өз өнерін ортаға салып, көпшілікті бір тамсандырды. Осылайша, көктемнің алғашқы күнінде тұрғындар тамаша шараға куә болып, жақсы көңіл-күймен тарқасты.
Айнұр ИБРАШЕВА,
сурет Бақытжан БӘЙІМБЕТ