
«Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» дейді бабаларымыз. Рухани өмірдегі сондай сәйгүліктер – халқымыздың ортасынан дара шыққан жазушылар, ақындар, жыршытермешілер, жыраулар. Қазақ халқы ондай ерен жүйріктерге әманда бай болған. Солардың бірі –артында мол мұра қалдырған Сыр елінің серісі, тума талант Нартай Бекежанов. Өзінің өнердегі шамасын таразылаған Нартай өнер жолына алаңсыз, шын ниетімен енеді, өлең өлкесін еркін аралайды. Өзі айтқандай, сылдырап аққан өнер бұлағының көзі, арнасы ашылып, тасқынды селге айналды. Иығында сырнайы, қолтығында домбырасы бар ол жүрген жерінің бәрінде халықты сән-салтанатқа, ән мен жырға, думанға бөлеп, өнерге шөліркегендерді сусындатты. Осы ретте өткен аптада Руханият орталығында Нартай өнер үйінің ұйымдастыруымен Нартай Бекежановтың 135 жылдығына орай «Өздерің білер Нартаймын» атты оқушылар арасында дәстүрлі әншілер байқауы өтті. Сайысқа 17 оқушы қатысып, оқушылар жас ерекшелігіне қарай екі топқа бөлінді. Нәтижесінде үлкен топтан бас жүлдені Айқын Ерболатұлы жеңіп алса, І орынды Ерасыл Үсен иеленді. Екінші орынға Нұрсаят Жұмағұл лайық деп танылса, ІІІ орынды Нұрсәулем Фазылова мен Нұрмұхаммед Әшімхан өзара бөлісті. Ал кіші топтан бас жүлдені Асылжан Ордабек қанжығасына байлады. І орынды Мырзатай Тұрманов иеленсе, ІІ орын Ернар Жарқынбекке табысталды. ІІІ орын Ахмедияр Асылжанұлы мен Жасұлан Сейтқасымға бұйырды. Сондай-ақ байқауға белсенді қатыстқан жастар Назым Изатуллаева, Ақтоты Қуаныш, Мирасхан Әлмағамбет, Дүрет Мұят, Айбек Еркінәлиев, Нұрмұхаммед Әбдіғаппар мен Нұриман Нағымет алғыс хатпен марапатталды.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ