Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жырла Нартай әуені

Жырла Нартай әуені


«Сырдың елі - жырдың елі» дейді. Қорқыт, Балқы Базар, Тұрмағанбеттер шыққан топырақта Алла Нартайдай жыр алыбын туғызыпты. «Өздерің білер Нартаймын» деп өткен ақынның ғұмырнамалық жолын айтып өтсек.
«Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» дейді аруақты бабаларымыз. Рухани өмірдегі сондай сәйгүліктер - халқымыздың ортасынан дара шыққан жазушылар, ақындар, жыршы-термешілер, жыраулар. Қазақ халқы ондай ерен жүйріктерге әманда бай болған. Солардың бірі емес бірегейі, артында мол мұра қалдырған «сегіз қырлы, бір сырлысы», ақиық ақын, талантты композитор, күміс көмей әнші, замана бұлбұлы – Нартай Бекежанов. Нартай қазақтың ақындық, әншілік өнеріне жаңашылдық әкелген тұлға. Белгілі халық ақыны, әрі композитор-әнші ретінде көзі тірісінде-ақ халық сүйіспеншілігіне бөленді. Нартай ­Бекежанов 1890 жылы наурыз айында Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, «Коммунизм» колхозына қарасты (қазір Нартай Бекежанов ауылы) «Бестам» деген жерде орта шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесінің аты Алыпқаш, Бекежан – үлкен атасы. Анасы – Бақтыгүл, туған ағасы Мәнсүр заманында елге танымал ақын болған. Талант иесі Нартай жасынан Сыр бойының белгілі ақын-жыраулары Балқы Базар, Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп, Бұдабай, Омар, ­Тасберген өлеңдерін жатқа айтып, жиын-тойларда домбыраға қосып жырлаған. Ол ежелгі Шығыс поэзиясы үлгілерін жетік білген. Замандастарының айтуына қарағанда, Нартай «Ләйлі-Мәжнүн», «Сейфілмәлік», «Рүстем-Дастан», «Ескендір Зұлқарнайын», «Әбушаһма», т.б. қиссаларды түгел жатқа айтқан. Жас Нартай керуеншілерге еріп Өзбекстан, Тәжікстанды көп аралаған. Ол елдердің халық әндерін меңгеріп, ұлттық аспаптарында да ойнай білген. Осылайша серілік құрып, әнші-ақын атанып жүрген шағында Сыр бойына Арқадан атақты Тайжан ақын келеді. Асқан ақын, әрі әнші Тайжан Қалмағанбетов Нартайдың бар назарын өзіне аударады. Әнші Нартай Тайжан ағасын ұстаз санап, оған еліктеп, енді әнді он екі тілді татар сырнайына салып айтуды үйренеді. Осыдан былай кеудесі кең, үні жұмсақ сырнай Нартайдың өмірлік серігіне айналады. Үлгілі ауылында колхозшы, бірде мұрап, бірде бригадир жұмыстарын атқара жүріп, қазақ ауылында өтіп жатқан өзгерістерге белсене араласады. Өмір ақын-әншіні олай да, бұлай да сілкілеп жүрген шағында, 1934 жылы Алматы қаласында өткен халық өнерпаздарының бірінші Слетіне шақырылады. Слетке Қазақстаннан үш жүзге жуық ығай мен сығай ақындар мен әнші-күйшілер, жыршы-жыраулар қатысады. Осы слетте Нартай өзінің «Замана бұлбұлы» атты толғауын орындайды. Осыдан соң ­Нартай есімі кең байтақ республикамызға тарайды. Кеңес Одағы кезіндегі астанамыз Мәскеуде 1936 жылы қазақ әдебиеті мен өнерінің алғашқы он күндігі болып, рес­пуб­лика делегациясын Совнарком төрағасы О.Исаев пен оқу-ағарту халық комиссары Т.Жүргенов бастап апарады. Оған халық ақындары Жамбыл, Нұрпейіс, Кенен, Нартай, Орынбай, Нұрлыбек, Доскейлер барған. Нартай 1945 жылы Алматыда өткен ұлы ақын Абайдың 100 жылдық тойында Абай туралы жырын төгіп, М.Әуезов, С.Мұқановтардың ыстық лебіздеріне кенеледі. Нартай суырып­ салма айтыскер ақын ретінде 1943 жылы Алматы қаласында өткен айтыста кілең дүлдүл ақындар арасында Шашубай, Нұрлыбектермен қатар жеңімпаз атанады. Ақын Нартай шебер композиторлығымен де танымал. Қиын иірімді әндерін өзі ғана орындайды екен. Әрбір өлең-жырын әртүрлі мақаммен айтып отырған. Оның «Бастау», «Ақайым, жалған», «Толқын», «Бейбітшілік», «Өздерің білер Нартаймын» әндері асқақ үнімен бізге жеткен мәдени мұрамыз десек болады.
Жасы ұлғайып қалған ақын-әншінің өміріндегі зор белесі 1949 жылы мамыр айында Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің екінші он күндігіне қатысуы еді. 1936 жылғы он күндікті ұлы Жамбылдың ашқаны белгілі. Ал мына он күндікті кімге аштырамыз дегенде, Ілияс Омаровтың ұсынысымен басшылар Нартайға тоқталыпты. Шашубай мен Кенен де Нартайды қолдаған. Әрі ақын, әрі композитор, әрі орындаушы әнші бола білген халық өнерпаздарының озық салтын көнертпей, әрі қарай жалғастырып, көтеріп әкететін жаңа ұрпақ өкілдерінің өнеге тұтуға жарарлық тұлғаларының бірі де – Нартай ­Бекежанов деуімізге әбден болады. Мәскеуден өнеріне қанат байлап елге оралған Нартай ауыл көркем өнерпаздарын ұйымдастырып, үйірме ашып, өнер бригадасын құрады. Бұл үйірме ансамбльге, соңында облыстық филармонияға айналған. Қазақ халқының ақындық, әншілік, жыршылық тарихында «Нартай мектебі» деген ұғым бар. Нартай басқарған концерттік бригада құрамында Әлібек Байкенов, Ақмырза Тұяқбаев, Хадиша Баймұхамедова, Күндебай Алдоңғаров, Мырзабай Әділов, Қалампыр Әділова, Сәбит Жүсіпов, т.б. белгілі айтыскер ақындар, термеші, әнші, биші, күйшілер, қысқасы, ел ішінен шыққан таланттар болған. Қалың жұртшылық оларды күтіп отырған. Ақын Нартайдың халқына сіңірген қалтқысыз еңбегі, оның ақындық, композиторлық-әншілігі көзі тірісінде де әділ бағаланды. 1939 жылы оған Қазақ КСР өнеріне еңбек сіңірген қайраткер атағы беріліп, сол жылы КСРО Жазушылар Одағы мүшелігіне қабылданады. 1945 жылы «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталады. Ақын өмірінің соңғы жылдарын денсаулығы сыр бергендіктен өзінің туған колхозы «Үлгіліде» өткізеді. Халқының сағынышына айналған атақты ақын Нартай­ Алыпқашұлы 1954 жылы өз ауылында, пайғамбар жасынан бір жас асып, дүниеден озды. Ұрпақтары, туыстары қазіргі ­Нартай ­Бекежанов ауылында, үлкен ұлы ­Махмут Алматы қаласында тұрады. Ақынның асыл мұрасын келер ұрпаққа аманаттаған Балқашбай Жүсіпов, Шәмшат Төлепова, ­Манап Көкенов, Тұрғанкүл ­Байаханова, ­Арзулла Молжігітов, Әбіләш Әбуов Нартайдың сенімді шәкірттері болса, Тәліп ­Райымбеков, Мырзабай Әділов, Палжігіт Берсүгіров, Құтбай Дүрбаевтар әншінің әніне ән қосқан тұрғыластары, өнердегі үзеңгілес достары бола білген. Бұл мектептің өмірге келуі сөз құдіретіне, сондай-ақ ән құдіретіне байланыс­ты. Оның ешкімге ұқсамайтын «Игай-айы» бір төбе болса, маржандай асыл сөздері бір төбе. Жоғарыда айттым, иірімі мол, диапазоны кең әуенін қиын деп түсінді ме, ол ешкімге үйретпеген. Сонан да оның әндерін нақышына келтіріп, өзіндей етіп орындаған әншілер өте сирек. Тыңдармандар тек Құтбай Дүрбаев, Балқашбай Жүсіпов, Арзулла Молжігітов, Әбіләш Әбуовтар соған жақындау орындайтын еді деп отырады.
Соңғы жылдары Н.Бекежановтың шығармашылығы зерттеліп, өлеңдер жинағы шыға бастады. Оның «Аманат» атты жинағына өлеңдері, айтыстары мен дастандары енген. Шиелі аудандық мәдениет үйі жанынан «Нартай мектебін» аштық. Қазіргі уақытта дәстүрлі Нартай мектебінің жетекшісі Мұхамедәлі Бекпейісовтің ұйымдастыруымен ақынның музыкалық өңдеуден өткен шығармалары аудио-дискіге түсірілуде. Біз бұған қаржылай қолдау көрсету мүмкіндігін қарастырудамыз. Нартай шығармашылығын оның туған топырағында насихаттау одан әрі де түрлі шаралармен жалғаса беретін болады. Нартай өмірін зерттеп, әндерін насихаттап, орындаушылардың бірі – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Жазушылар, Журналистер Одақтарының мүшесі, сазгер, термеші, әнші Мұхамеджан Рүстемов болды. Ол «Аманат» кітабын құрастырушы болса, «Дауылпаз дарын» деректі повесінде Нартай өмірін тың деректермен толықтырған. Жергілікті ақын Айдар Достияров «Өздерің білер Нартаймын» кітабында ақын өмірін, шығармашылығын, ізбасарларын сипаттаса, елдегі композитор Өркен Исмаил белгілі жаңақорғандық ақын Қадыр Жүсіповтың Нартайға арнаған «Нартай әні» өлеңіне ән жазып, Нартайдың туғанына 100 жыл мерекелік тойына тарту етті. Қасиетті өнер иесі Нартайдың 90 жылдық тойына академик Мұхамеджан Қаратаев, композитор Шәмші Қалдаяқов, атақты жырау Шәмшат Төлепова, Арзулла Молжігітов ­Нартай әнін насихаттап орындаушы Мұхамеджан Рүстемовтер қатысқанын біреу білсе, біреу білмейді. Соңғы технология жетістіктері болып саналатын дискіге Нартай әндерін орындап жүрген ақын, жыршы-термеші марқұм Құрманбек Бекпейісов 14 әнді ендіріп, халыққа таратып жүр. Мақтанарлық жағдай, шымкенттік бауырымыз Жақып ­Спатаев бауырымыз ­Нартай атамыздың 40 шақты терме, толғаулары нотаға түсіріп «Нартай сазы» деген кітапты басып шығарды. Нартай сазы әрбір тыңдаушының жүрегінен орын алып жатса, әннің құдіреттілігі, жасампаздығы. Олай болса, атағы алысқа кеткен ақын Нартайдың кең иірімдерге толы, жүрегіңді дір еткізер сазға шомылған әндері – қазақ елінің көгінде қалықтай береді.

Нұрдәулет Нақыпов,
Нартай Бекежановтың мемориалдық өнер музейі филиалының қор сақтаушысы
20 ақпан 2021 ж. 570 0