Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰЛТ ЖАНЫНДА ҮЛГІ, БАЛА ЖҮРЕГІНДЕ ҰЛАҒАТ

ҰЛТ ЖАНЫНДА ҮЛГІ, БАЛА ЖҮРЕГІНДЕ ҰЛАҒАТ

Қазақта «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген даналық сөз бекер айтылмаған. Әкенің мінез-құлқы, өмірге деген көзқарасы, отбасы алдындағы жауапкершілігі мен өнегесі ұл бала үшін ең маңызды тәрбие мектебі. Сондықтан да отбасында әкенің алар орны ерекше. Оның ұл-қыздарына берер үлгі-өнегесі айрықша. Осыны ескере отырып, жуырда М.В.Ломоносов атындағы №47 мектеп-лицейі КММ-інде «Әке ұлағаты» тақырыбында әкелер форумы өтті.


Бұл форумның мақсаты – әкелердің мектеп өміріне белсенді қатысуын арттыру, атаана мен мектеп арасындағы байланысты нығайту, сондай-ақ ұл балалардың тәрбиесі мен олардың бойындағы жақсы қасиеттерді дамыту мәселелерін талқылау. Форумға мектеп-лицей шәкірттерінің әкелері қатысып, мектептің білім беру мен тәрбие саласында атқарылып жатқан жұмыстарымен жіті танысты. Мектеп-лицей директоры С.Қ.Нурманова оқу орнының негізгі ұстанымдары мен қағидаларын таныстырып, білім мен тәрбие берудегі жетістіктерге тоқталды. Мектепте оқушылардың қызығушылығына сай спорттық секциялар мен үйірмелер ұйымдастырылып, ғылыми ізденістер мен зерттеушілік жобалар нәтижесінде шәкірттер талай жетістіктерге жетіп, республикалық байқауларда жүлдегер атанған. Форумда жүлдегер атанып жүрген шәкірттердің әкелері: Еркін Қоңыратбаев, Қанат Жүсіпов, Ержан Мәмбетов, Жанбол Биболов­ және Өркен Бейсенбаев, тұрақты түрде демеушілік танытатын Рысбек Жасұлан мектеп ұжымының марапатынан құр қалмады. Сонымен қатар республикалық ғылыми жобалар байқауында І орын иеленген 9-сынып оқушысы Бекарыс Махамбетияровқа мектеп-лицей директоры «Juz40 Online» ҰБТ-ға дайындау курсының сертификатын табыстап, оқу жолында жаңа жетістіктерге жетуге ынталандырды. Форум барысында мектеп-лицейдегі «Жас жол инспекторлары» мен «Полицияның жас көмекшілері» сыныптарының саптық қаралымдары көрсетіліп, жасөспірімдерге заң қағидаттарын, қоғамдық тәртіпті сақтаудың маңыздылығын түсіндірді. Әрі мектептің өнерлі ұлдары ұйымдастырған концерт көрермендерді тәнті етті. Бұл концертте мектеп оқушыларының орындауындағы күй мен термелер, жыр шумақтары мен әсем әндер әкелердің жүрегін жылытып, көңілдерін көтерді. Форумның ерекше сәттерінің бірі – 1 Наурыз – Алғыс айту күніне орай ұл балалардың өз әкелеріне жазған жүрекжарды лебіздері «Әкеге хат» айдарымен экранда көрсетілді. Әкелерге деген алғыс ешқашан көп болмайтыны белгілі. Өйткені, әке – шаңырақтың тірегі, отбасын қорғаушы, өмірдегі асқар тау, биік шың. Қазақ қоғамында әкенің отбасы алдындағы орнын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, оның орны мәңгілік. Әрбір жанұяда әке мен ана ұл-қыздарына өмірдің жақсылығын үйретіп, жамандықтан сақтануды, еңбекқорлық пен адалдықты сіңіреді. Форумның қорытындысында әкелер қоғамдастығының мүшелері Қ.Жүсіпов пен Е.Мәмбетов барлық әкеге үндеу жариялап, бала тәрбиесінің маңыздылығын атап өтті. Ал қазыналы қарттар Балғабай Сатыбалдиев пен Еркін Әбдіқадыров әке тәрбиесінің мәні мен даналығын айтып, жастарға ақ баталарын берді. Сөз соңында, бүгінгі қоғамда ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән беру қажет екенін түсініп, өздерінің маңдай терлерін төге жүріп, ұл-қыздарына еңбекқорлық, адалдық, ізгілік секілді асыл қасиеттерді өз үлгісінде көрсетіп жүрген әкелерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ұрпақ тәрбиесі әрқашан қоғамның басты міндеті болып қалмақ. Сондықтан да әр әке өз баласына беретін тәрбиесі арқылы болашаққа зор үлес қосары сөзсіз.

С.МАДИЯРОВА
05 наурыз 2025 ж. 139 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№18 (9285)

08 наурыз 2025 ж.

№17 (9284)

04 наурыз 2025 ж.

№16 (9283)

01 наурыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31