Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БОЛАШАҚ – БЕЙБІТ ӘЛЕМ ҚОЛЫНДА

БОЛАШАҚ – БЕЙБІТ ӘЛЕМ ҚОЛЫНДА

Семей жеріндегі ядролық қарудың сынағын тоқтатуға үлес қосқан «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының құрылғанына биыл - 36 жыл. 1989 жылы 28 ақпанда ұйымды құру туралы идеяны ақын Олжас Сүлейменов көтерген еді. Бастаманы барша ел қызу қолдап, ақыр соңында қазақ даласын дүр сілкіндірген дүмпулер тоқтап, полигон жабылды. Нәтижесінде Қазақстан бүкіл әлемде алғаш болып жойқын қарудан бас тартқан мемлекет ретінде тарихта қалды. Ұйысқан тірлік пен бірлескен бірліктің арқасында жарты ғасырдың індетіне айналған полигон 1991 жылы 29 тамызда жабылды. Семей ядролық сынақ полигонында ядролық сынаққа тікелей 10 мыңнан астам адам қатысса, оның 132-сі шиелілік болатын.
Жыл сайын жұртшылық полигонда жүріп қаза тапқандарды еске алады. Ал көзі тірі азаматтарды жасаған ерлігі үшін, ардақтап, құрметтейді. Осындай құрметтің бір парасы кеше «Арман» мәдениет үйінде көрініс тапты. Кездесуде қатысушылар «Невада-Семей» ядролық сынағының зардабын жоюға қатысқан ардагерлерді 1 минут үнсіздікпен еске алды. Мұнан соң аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Кенжехан Есенбаев сөз алып, ардагерлерлерге алғысын білдірді. – Семей полигонын жабу үшін антиядролық қозғалыс ашу жөнінде шешім қабылданып, бүгін міне 36 жыл толып отыр. Қазір жас ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеу және ядролық қарудың зардабы жөнінде жастармен кездесіп, өнеге-өсиет айта беріңіздер. Өйткені жас ұрпаққа осы оқиғаның маңыздылығын жеткізудің және олардың бойында ұлтжандылық сезімді оятудың маңызы зор. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деді К.Шахизатұлы. Сондай-ақ бөлім басшысы құттықтау рәсімін өткізіп, антиядролық қозғалысқа қатысушы ардагерлерді аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады. Атап айтсақ, Мэлс Әділбекұлы, Алтынбек Қадрияұлы, Ақылбек Абубакиров, Орынбасар Әнесбайұлы және Қожаахмет Өтепбергенұлы құрметке бөленді. Марапаттау рәсімінен кейін, шараға келген қонақтардың атынан ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Әзімханұлы мен ардагер Мэлс Тоқытбаев сөз сөйлеп, жүрекжарды жылы лебізін білдірді. Расында, «Невада-Семей» қозғалысын құру, біріншіден, халықты мұндай жағдайға бей-жай қарамауға шақырса, екіншіден, полигонды жабу үшін күрес жүргізу және зардап шеккен халыққа көмек көрсету туралы заң қабылдауды мақсат еткен болатын. Мақсат орындалды. Шара соңында әдемі әуезді әншілер ән салып, мәдениет үйінің биші қыздары өнер көрсетті. Саф өнерді бойына сіңірген, өнерпаз жастардың құрметіне бөленген ардагерлер қауымы дән ризашылықтарын білдірді. Еңбегі ерен ерлердің жолы көпке үлгі һәм сабақ болып қалары сөзсіз.

Айнұр ИБРАШЕВА,
Сурет Бақытжан БӘЙІМБЕТТІКІ
01 наурыз 2025 ж. 50 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№18 (9285)

08 наурыз 2025 ж.

№17 (9284)

04 наурыз 2025 ж.

№16 (9283)

01 наурыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31