АИДА АБИБУЛЛАЕВА: БІРҚАТАР ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕР ШЕШІМІН ТАПТЫ

- Әлеуметтік комиссия жұмыс барысында денсаулық саласына үлкен бақылау жасап, министрлікке дейін өз ұсынысымызды жеткіздік. Мәселелер бойынша халық арасында сауалнамалар жүргізіп, мониторинг жұмыстары тұрақты атқарылып отырды. Жұмыс барысында медициналық мекемелерге сапа жүйесін орнатуды ұсындық. Себебі әр тұрғын медицина қызметкерлерінің жұмысына, дәрі-дәрмек сапасына баға беріп отыруды жолға қойса сапа артар еді. Халық сынынан ешқашан қашпау керек, себебі орнымен айтылған сын жұмысты жетілдіруге септігін тигізеді. Сондай-ақ қоғамдық кеңестің алаңында денсаулық саласымен қатар жұмыссыздық мәселесін көтердік. Мемлекеттен берілетін гранттар мен несиелер, жалпы әлеуметтік көмектердің жүзеге асырылуын кеңінен зерттеп, өз ұсынысымызды басшыларға жеткізіп отырдық. Бүгінде өңіріміздегі қоғамдық кеңестің жұмысы өте нәтижелі, тиімді болды. Азаматтардың жанайқайын осы алаңда талқылап, мемлекеттік органдарға тұрақты жеткіздік. Міне біздің бірігіп осы алға қойған міндеттерді атқарып келе жатқанымызға да үш жыл болып қалды. Үш жыл мерзім ішінде осы жұмыстарды бірге атқарып, ұйымшылдық пен белсенділік танытып келген қоғамдық кеңес мүшелеріне алғыс білдіреміз, - деді Аида Ибрагимқызы.