Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АРЗАН АҚЫЛДЫҢ АРТЫНДАҒЫ АҚИҚАТ

АРЗАН АҚЫЛДЫҢ АРТЫНДАҒЫ АҚИҚАТ

Бұл тақырып – соңғы уақытта қоғамда кеңінен талқыланып, көпшіліктің наразылығын туғызған мәселенің бірі. Әлеуметтік желілер мен интернет алаңдарында «бақытты болудың құпиясын» ашып, «бай болудың жолын көрсетемін» деген сынды жарнамалармен көбірек көзге түсетін ақыл айтушылар мен өздерін «маман» деп атайтындар саны күннен-күнге артып келеді. Олар адами сұраныстар мен рухани қажеттіліктерді пайдалануды көздеп, түрлі тренинг пен курс ұсынып, қарапайым жандарды оңай жолмен арзан ақылмен байытуға, күйзелістен құтқаруға үміттендіреді. Нәтижесі не дейді?

Осы жандардың қызметі шынымен де адамға көмектесіп, тұрмыстық және психологиялық мәселелерді шешуге үлес қосып отыр ма? Әлде қарапайым халықтың сенімін пайдаланып, нағыз мамандар мен ғылыми негіздерден аулақ, тек пайда табуды көздеген «ақыл айтушылар» қоғамды адастырып жатыр ма? Міне, осы сұрақтарға жауап іздеу Парламент қабырғасында да көтерілді. Көптеген сарапшы мен маман өз пікірлерін білдіріп, мұндай тренингтердің пайдасы мен зиянын ашық талқылауға шақыруда. Қоғамда осындай ақыл-кеңестердің әсері қаншалықты болғанымен, олардың мазмұны мен сапасы көбіне күмәнді болып қалып отыр. Сондықтан да ақыл-кеңесті тек шынайы, кәсіби мамандардан алу маңызды. Әрине, кейбір адамдар үшін арзан ақыл мен тез шешімдер тиімді болып көрінуі мүмкін. Бірақ оның ұзақ мерзімді әсері қаншалықты пайдалы екенін түсіну қажет.

МЕН АЛДАНДЫМ...
Қазіргі таңда ғаламтор әлемінде пайда бола бастаған «ақыл айтушылар» мен «тез байытатын» тренингтердің арқасында алаяқтықтың жаңа түрлері пайда болуда. Мысалы, шиелілік Айсұлу Аяптың басынан өткен оқиға – дәл осындай жарнамалар мен ұсыныстарға сеніп, алданып қалғандардың бір үлгісі. – Өткен жылы белгілі тележурналист болған әйелдің ұсынған «тез байып кетуге көмектесетін» сабағын сатып алуға шешім қабылдадым. Қиын жағдайда қалған мен 300 мың теңге көлеміндегі қомақты соманы қарызға алып, өзіме тиімді шешім іздегендей болдым. Бұл тренингтің жарнамасы мен жүргізушісінің сөйлеген сөздері менің көкейіме үміт пен сенім ұялатып, нәтижесінде сабақты сатып алуға итермеледі. Әлеуметтік желіде жиі кездесетін «қиялдау», «армандау» секілді тапсырмалар, тіпті көз алдыңа әдемі өмір мен қымбат мүліктерді елестету сияқты жаттығулар арқылы оңай жолмен байып кету жолы ұсынылды. Алайда жүктелген тапсырмаларды орындағаннан кейін де ешқандай өзгеріс байқалмады. Ал үміттің ақталмағаны үшін мен қатты өкіндім. Тіпті осы оқиға менің отбасылық өміріме де әсер етті. Жолдасымен арадағы түсініспеушілік, қаржылық қиындықтар мен артық шығындар бәрі-бәрі шиеленісіп кетті, – дейді ол. Өз тәжірибесімен бөліскен кейіпкеріміз өзгелерді де осыған ұқсас ақыл-кеңестерге сеніп, өз қаржыларын жоғалтпауға шақырады. Ал Шиеліге қарасты ауылдың Назерке есімді тұрғыны аз уақыттың ішінде артық салмақтан құтылуға арналған курсты сатып алып, содан зардап шеккенін айтады. – Менің өзімнің артық салмақтан арылтуға көмектесетін курсқа сеніп 150 мың теңге төлегенмін. Бұрынғы қалпыма қайта келуді армандап, көп үмітпен жазылған мен кешкісін тренердің тікелей эфиріне қатыстым. Оның көптеген қызықты әдісі мен ұсынысын тыңдай отырып, курсқа жазылып, арықтауға бағытталған жаттығулар мен сусындарды қабылдауға кірістім. Алайда, бір апта өткен соң денсаулығымда өзгерістер байқала бастады. Жағдайымды бақылауға алған соң, дәрігерлерге жүгініп, ұзақ емделуге мәжбүр болдым. Курстың және сусындардың ешқандай пайдасы болмады, керісінше, денсаулығыма зиян тигізгені анықталды. Маманның кеңесі бойынша, дұрыс емес әдістермен арықтауға тырысу – денсаулыққа кері әсер етуі мүмкін, – дейді ол. Осы оқиғадан кейін нәзік жанды бұл тренингтің ешқандай ғылыми негізі жоқ екенін түсініп, басқа адамдарды да осыған ұқсас жарнамаларға сеніп, өз денсаулықтарын қатерге тікпеуге шақыруда. Әлеуметтік желілер мен ғаламторда түрлі курс, тренинг пен ақыл-кеңесті ұсынатын адамдардың саны артып келеді. Олардың көбісі өздерін «маман» ретінде таныстырып, жылдам байып кетуге немесе проблемалардан шығуға көмектесетінін уәде етеді. Алайда нәтижесінде көптеген адам ақшаларын босқа шашып, опық жегенін айтады. Бұл мәселені зерттеп, ақыл-кеңес сатушылармен байланысқа шыққанда, олардың ешқайсысы ашық пікір білдіруден бас тартты. Барлығы бір ауыздан «сенбейтіндерге нәтиже болмайтынын» айтумен шектелді. Осыдан, бұл адамдардың алданып қалғандардың жағдайына көңіл бөлмейтіні айқын болды. Сондықтан әркім өз қадамдарын абайлап басып, мұндай ұсыныстарға сенбеу керек деген қорытындыға келдік.

КӨЗДЕГЕНІ ҚАЙСЫ?

Мамандардың айтуынша, ғаламтордағы ақылкеңестер мен курстарды сататындардың негізгі мақсаты – оңай пайда табу. Инфобизнес саласы соңғы жылдары үлкен табыс көзіне айналып, күн сайын блогерлер, бизнес-тренерлер, коучтар мен психологтар түрлі вебинарлар мен тренингтер өткізіп, қаржы табуда. Статистикалық мәліметтер бойынша, бұл саладағы айналым жыл сайын артып келеді. Өкінішке қарай көп адамдар бұл ұсыныстарды ойланбай сатып алып, тіпті несие рәсімдеп, қарызға батып жатыр. Бұл мәселені өткен жылы Парлемент қабырғасында Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлының көтерген-ді. – Кейбір деректерге сүйенсек, еліміздегі осындай инфобизнестің жылдық айналымы 500 миллион долларға жеткені айтылған. Болжам бойынша алдағы 5 жылда 2 млрд долларға жетуі мүмкін деген мәлімет бар, – деді. Қазіргі таңда ғаламтор арқылы ақыл-кеңес сату арқылы пайда табуды мақсат еткендер саны артып келеді. Мұны жоғарыда да айттық. Бұл адамдар өздерінің көріп-білгені мен оқығанын басқаларға сата отырып, қалталарын қампайтуда. Қызығы, мұндай сатушылар арасында жас та, жасамыс та, тележүргізушілер, шоу-бизнес өкілдері, тіпті айтыскер ақындар да бар. Ашынған жұртшылық бұл жағдайға тыйым салуды талап етіп, өткен жылдың қараша айында петиция жариялады. Алайда, халықтың бұл әрекетінен нәтиже шықпағаны белгілі болды.

ПСИХОЛОГ ПАЙЫМЫ

№157 Б.Пәрімбетов атындағы мектеп педагог психологы әрі аудандық педагог-психологтардың секция жетекшісі Ләззат Төлешова қазіргі қоғамда адамдардың сана тереңдігінің әлсіреп, эмоционалдық қажеттіліктерінің артқанын атап өтеді. Оның айтуынша, жарнама жасаған блогерлер мен психологтар осы өзгерістерді ескере отырып, адамдарды ақылмен емес, эмоциямен әсерлендіруге тырысады. Олар өз ұсыныстарын, тренингтерін немесе курстарын адамдардың эмоционалдық күйіне бағыттап, ақылға емес, сезімге негізделген жарнамалар арқылы олардың назарын аударады. – Бүгінде психологтар мен блогерлердің жұмысы қызып тұр. Себебі «адамды табу» тақырыбы әрқашан көпшілікті қызықтыратын мәселе. Ең бірінші адамдардың алдану себебі – білімсіздігі, сауатсыздығы. Әрбір жан білімін жетілдіріп тұруы керек. Ол шариғатта да көрсетілген. Мәселен, біз денсаулығымызға байланысты бір дәрігерді таңдаймыз. Таңдау барасында оның тәжірибесіне, біліміне, ұсынған емінің нәтижелеріне, халықтың пікіріне құлақ асып, зерттейміз. Екінші – психологияда «отражение» деген сөз бар. Қазақша мағынасы «шағылысу». Яғни, не істесің сол өзіңе қайтып келеді. Қазақта мынадай бір мақал бар «Жүйелі сөз – жүйесін, жүйесіз сөз – иесін табар». Елімізде психология ілімі бұрын аса танымал болмағанымен, қазір бұл бағытта сұраныс өсіп келеді. Бұрын психологтың кеңесіне бару ұят саналған болса, қазіргі таңда бұл көзқарас біртіндеп өзгеруде. Әсіресе, пандемиядан кейін күйзеліс пен күйгелектіктің көбеюі, моральдық көмекке деген сұраныстың артуы психологтар мен блогерлердің ықпалына көп адамдарды итермеледі. Алайда бұл сұраныс рухани әлсіздіктің салдарынан туындап отыр. Әлеуметтік мәселелердің көптігі, жұрттың эмоционалды күйзеліске түсуі мен күйгелектікке ұшырауы көптеген адамдарды ақыл-кеңес сұрауға мәжбүр етеді. Өкінішке қарай, аңқау адамдар көбіне осындай ұсыныстарға сеніп, арзан курстар мен тренингтерді сатып алып, адасуда, – дейді Ләззат Сәулебекққызы. Мамандардың айтуынша, әлеуметтік желілерде ақыл-кеңес сататын «білгішсымақтар» көбінесе дамыған елдердегі коучтар мен психологтардың айтқандарын алып, оларды әдемілеп, әсірелеп, елге ұсынады. Дегенмен бұл тұста ұлттық менталитет ескерілмей, көбіне шетелдік тәжірибені көшіру басым болуда. Тап осы жайт зиялы қауым өкілдерін алаңдатуда. Себебі ұлттық ерекшеліктер мен дәстүрлер ескерілмейді. Қазіргі уақытта елімізде осындай оңай жолмен табыс тапқан пысықайларға ешқандай жаза қолданылмай отыр. Сондықтан заңгерлер курс сатып алмас бұрын оның лицензиясын, заңға сәйкестігін тексеруді кеңес етеді. Бұл адамдардың ақылы мен ақпараттарына сеніп, алаяқтардың құрбаны болмау үшін маңызды қадам болып табылады.

С.МАДИЯРОВА
25 ақпан 2025 ж. 55 0