Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әйел бақыты 24 990 теңге ме?

Әйел бақыты 24 990 теңге ме?



Қазіргі таңда нәзік жандардың үнемі ізденіс пен даму үстінде жүретіні әмбеге аян. Жуырда ғана құрбыммен әңгімелесіп отырып, оның рухани жолда даму үшін қалтасындағы қаражатын жұмсап, арнайы курс сатып алғанын білдім. Бұл не қылған курс деп отырған шығарсыз? Ол ұлы дала баласының қарындасы Фариза Төрәлінің «Женские секреты» деп аталатын әйел затына арналған арнайы курсы. Әлгі құрбым өмірін өзгерткісі келіп, аталған курсты 24 990 теңгеге сатып алыпты. Сонда әйел бақытының құны осы ма?

Тренингтің трендке айналғаны қашан? Өміріңді өзгерт, қарыздан құтылудың жолдарын айтамыз яки бақыттың кілтін табуға көмектесеміз. Қайда болсын, қанша болсын барып қатысуға құлшынғандар көп. Әсіресе, әйелдер қауымы осындай семинар-тренингтерге қызыққыш.

Әлеуметтанушы мамандардың айтуынша, тренингтің екі түрі болады екен. Бірі – бизнес тренинг, екіншісі – әлеуметтік-психологиялық тренинг. Бизнес тренингтер аты айтып тұрғандай, кәсіпкерлікке, табыс табуға қатысты білім. Ол сыртқы қажеттіліктерге жатады. Ал әлеуметтік-психологиялық тренинг – ішкі қажеттілік. Бұл жерде тақырып сан алуан болуы мүмкін. Оған баратындардың басым бөлігі нәзік жандар. Сонда не айтылады десек, бақытты болу жолдары, өз-өзіңді өзгерту арқылы айналаңды өзгерту, өз-өзіңді тану, отбасындағы мәселелер, ерімен, ана-анамен, ата-енемен қарым-қатынас тағысын тағы кете береді. Өмір барда адам басындағы мәселе бітпейді. Тығырыққа тіреліп, қиналған сәттер, шешуі қиын мәселелер, келіспеушілік пен ұрыс- керіс баяғыдан бар дүние. Бірақ неліктен қазір оны көпшілік болып талқылай бастағанымыз түсініксіз. Адам басындағы жағдайды көтере алмай қалатын болды ма, әлде ішіне сыймай кететіндіктен бе?

Заманауи психология «Өзіңді жақсы көр. Әркез өзіңді бірінші орынға қой. Өміріңді өзгеге емес, өзіңе арна. Сен тек өзіңе ғана керексің» деген ұстанымды айтып әлек. Бәлки, бұл да орынды шығар. Бірақ біздің қазақы түсінікке жоғарыдағы ұстанымды қабылдау қиынға соғады-ау.

Бұрынғы Домалақ ананың әулиелігін, Айғанымның кемеңгерлігін, Зеренің парасаттылығы мен Бопайдың батырлығын көріп өскен мұқым қазақ қыздары үшін «алдымен жолдасыңның жағдайын жаса, баланың бабын тап» деген өсиет сайрап тұрады. Сол екеуі тоқ болса, сен де жайлы боласың дейді. 

Иә, бүгінде тренинг өткізуге «әркімнің де бар таласы» деп ұрандатуға көшкендейміз. Қаласақ та, қаламасақ та, қоғам осыны қажет етіп отыр. «Бақытты әйел болудың» жолын шындап «меңгергіңіз» келсе, онлайн-тренингке қатысуға тиіссіз. Онлайн-тренинг оңай және жылдам бақытты болудың жолын үйретер болса, неге бүкіл қазақ әйлі бақытты болмасқа? 

Онлайн-тренингтердің құны бірдей емес. Мәселен, «Түпсанаға» қатысқыңыз келсе, бес сабақтың бағасы – 7 мың теңге. Ал «Мотиватор-коуч» сабағын алғыңыз келсе, 400 мың теңге төлесеңіз жетеді. Ал 3 айлық марафонға қатысу құны – 150 мың теңге. Баға осылай жалғаса береді. Онлайн-сабақтардың да тақырыбы әртүрлі. Бірі – сананы өзгертуге жол сілтесе, енді бірі – бақытты болуға жол ашады. Келесісі – «жетістікке» жетудің кілтін көрсетеді. Бірақ айта кетерлігі, ақылы жолмен білім үйретуге болады. Экономикалық сауат ашуға болады. Тіпті тіл білуге құмартып курсқа бар, құба-құп. Ал әлеуметтік ахуалыңызды тренинг арқылы түзеу мүмкін емес. Бұрнағының аналары ешқандай курс¬ты сатып алмай-ақ, оған қатыспай-ақ бақытты болды емес пе?! 

Мотивация сыйлайтын кездер болады. Кей адам онлайн-сабаққа қажеттілік үшін барады. «Үйренсем-білсем» деген талаппен баратындар тағы бар. Бірақ біреудің өмірін немесе тағдырын өзгерте алмайтынымыз анық. Мүмкін, дұрыс жол сілтейтін болар. Мүмкін, тура жолға салатын шығар. Бірақ барлығына бірдей бақытты болуға мүмкіндік туа қояр ма екен?
26 сәуір 2023 ж. 172 0