Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бақыт пен байлық коучтың курсынан табыла ма?

Бақыт пен байлық коучтың курсынан табыла ма?

«Қарыздан құтылудың құпиясын айтамын», «Бақытты болудың жолын көрсетемін», «Күйзелістен құтқарамын», «Түпсанаңды түзетемін», «Балаңды сөйлетіп беремін», «Жолдасыңмен татуластырамын», «Ақша жинаудың оңай жолын мен ғана білемін», «Өзім ойлап тапқан авторлық курсым 100 пайыз нәтиже береді». Кімге таныс сөйлемдер?
Қазір дәл осындай жер жарған жарнамасымен желі қолданушыларына арзан ақыл сататын «білімділер» көбейді. Одан аузын ашса ар жағы көрінетін аңқылдақ ағайынға пайда бар ма? Жалпы, ақшаға сатып алынған ақыл-кеңестер қаншалықты кәдеге жарап жатыр? Оның дәмін татқандар қандай пікір айтады?

Ақшаға ақыл алып, алданғандар
Өкінішке қарай, қазіргі таңда ғаламтор әлемін жайлап алған білгіштердің жылтыраған жарнамаларына сеніп, өзіне қажетті ақыл сатып аламын деп алданып қалғандар қарасы көбейген. Солардың бірі – аудан тұрғыны Әлима есімді келіншек:
– Мен өткен жылы танымал, үнемі шетелде қыдырып, бақытты өмір сүріп жүрген әйелдің тез байып кетуге көмектесетін сабағын сатып алдым. Ол үшін 280 мың теңгеге жуық ақша төледім. Негізі, өзім көп нәрсеге сене бермеуші едім. Әлгі әйелдің инстаграмдағы тікелей эфиріне қатысып отырып, қалай басым айналып қалғанын өзім де сезбедім. Ол осы сабақты сатып алғаннан кейін аяқ астынан байып, табысқа жеткен адамдар жайлы көп мысалдарымен қызықтырып жіберді. Сол сәтте мен де айлығым шайлығыма жетпей, несиелерім көбейіп қиналып жүрген едім. Көкейімде осы жұрттар сияқты тез байып кетіп, барлық қиындықтан құтыламын деген ой ғана болды. Сөйтіп, туысымнан қарызға ақша сұрап, сабақ сатып алдым. Ондағы тапсырмаларды, яғни, көзді жұмып отырып армандау, қиялдау, көз алдыңа әдемі өмірді, зәулім үй мен қымбат көлікті елестету сынды медитациялардың бәрін жасадым. Бірақ еш нәтиже болған жоқ. Кейін бұған сеніп, біраз ақшаны далаға шашқаныма қатты өкіндім. Сол үшін жолдасыммен де ренжісіп қалдым, – дейді. Сондай-ақ, ол өзгелерді де өзі сияқты ақыл айтқыштарға сеніп, бармақ тістеп қалмауға шақырады.
Ал 23 жастағы Жазира аз уақыттың ішінде артық салмақтан құтылуға арналған курсты сатып алып, содан зардап шеккенін айтады.
– Әлеуметтік желіде отырып, бір сымбатты келіншектің артық салмақтан арылтуға көмектесетіні жайлы жарнамасын көріп қалдым. парақшасын ақтара бастадым. Оқырманы 200 мыңнан асады, нәтижеге жеткен жақсы пікірлер «кейс» дейміз ғой, ол да көп екен. Бірден хабарласып, сабағына жазылдым. Кешкісін оның тікелей эфиріне қатыстым, өте қызықты болды. Сөйтіп, 150 мың теңгеге курс сатып алдым. Бонус ретінде арықтататын 4 құты сусын берілді. Босанғаннан кейін қатты толып, бұрынғы қалпыма келуді армандап жүрген едім. Қатты қуанып, курстағы тапсырмаларды, жаттығуларды бұлжытпай орындадым. Сусындарды да іштім. Небәрі бір аптадан кейін денсаулығым сыр бере бастады. Қатты ауырып, дәрігерлердің көмегіне жүгіндім. Ұзақ емделіп, әзер өз-өзіме келдім. Курс жайына қалды. Мамандардың айтуынша, менің жасап жүрген әрекеттерім мүлдем дұрыс емес екен. Сонымен, арықтаған да, өзгерген де жоқпын, сол таз қалпыма қайта түстім. Керісінше, денсаулығыма зиян келді. Сондықтан тұрғындарға арзан ақыл айтқыштарға сеніп қалмаңыздар деймін, – дейді.
Сол сияқты логопед-дефектолог мамандардың алдауына түсіп жатқан ата-аналар да бар екен.
– Менің 3 жарым жасар ұлым анық сөйлемеген соң ғаламторды қарап отырып, тәжірибелі логопед-дефектолог маманның онлайн сабағына қатыстым. Ол балаларды сөйлету үшін не істеу керектігі жайлы толық ақпарат курсында бар екенін айтып, сатылымға қойды. Бала үшін сол сабақтарды 60 мың теңгеге сатып алдым. Кейін оның бәрі ютубта бар дүниелер екенін көрдім. Соны өзі жаңалық ашқандай халыққа қайта сатып, пайда тапқанына ашуым келді. Оны қаншама адам сеніп сатып алды? Бұл қаншалықты дұрыс? – дейді Жансая Қайырбекова.
Осылайша, түрлі курс, сабақ сатып алып, тренингке қатысып, опық жеген жандар аз емес екенін байқадық. Өздеріңіз куә болғандай, әрқайсысы әртүрлі жағдаймен ақшасын босқа шашқандарын айтып, өткен істеріне өкініштерін білдіруде.
– Намаз оқып бастағаныма аз ғана уақыт болған. Инстаграмнан «сіз сүрелерді дұрыс оқымай жүрсіз, бір жарым айдың ішінде Құранды толық оқитын дәрежеге жеткіземіз» деген жарнама алдымнан шыға берді. Бір күні мен шынымен де дұрыс оқымай жүрген шығармын деп көрсетілген нөмірге хабарластым, курс 50 мың тұрады екен. Бір жылға бөліп төлеуге алдым. Ватсап топ ашып, ішіндегі мен секілді 8 адамға алғашқы бір айда араб әріптерін үйретті. Содан соң қалған екі аптада 3-4 сүре жаттауға тапсырма берді. Тапсырмаларын шамам келгенінше орындап жүрдім. Бір жарым ай аяқталған соң, әрі қарай тағы ақша төлеу керектігін айтты. Топтағы қыз-келіншектердің ешқайсысы толық Құран оқитын дәрежеге жетті деп ойламаймын. Басқаларды білмеймін, өзімді алданғандай сезіндім. Мүмкін менікі дұрыс емес те шығар. Кейін білдім, араб әліпбиін, Құран оқуды кез келген мешітке барып тегін үйренуге де болады екен ғой, – дейді Заида есімді бойжеткен.
Осы жағдайдан кейін біз де ғаламторға үңіліп, бірқатар коуч, ақыл сатқыштарға хабарласып, сөзге тартуға тырыстық. Бәрі бір ауыздан келісіп алғандай, сабағын ешкімге күштеп сатпағанын және сенбейтін адамдарда еш нәтиже болмайтынын айтты. Сондықтан әркім әр қадамын аңдап басқаны жөн деуден басқа айтарға сөзіміз жоқ.

Бұл мәселе Парламентте де көтерілді
Бүгінде түрлі тақырыпта вебинар, тренинг, курс сатушы блогер, бизнес-тренер, коуч, психолог, мотиваторлар саудасының қызып тұр. Статистика бойынша бүгінде инфобизнес саласы қомақты қаржы әкелетін ең үлкен табыс көзіне айналып үлгерген. Яғни, жұрт олардың ақыл-кеңестері мен сабақтарын еш ойланбастан сатып алуда. Тіпті несие рәсімдеп, қарызға белшесінен батып жатқан жандар да аз емес. Бұл мәселені жуырда Парламентте көтерген Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы:
– Кейбір деректерде, еліміздегі осындай инфобизнестің жылдық айналымы 500 миллион долларға жеткені айтылған. Болжам бойынша алдағы 5 жылда 2 млрд долларға жетуі мүмкін деген мәлімет бар. «Онлайн платформа және онлайн жарнама туралы» Заңға сәйкес, жауапкершілікке тартуда уәкілетті органдарға тиісті уәкілеттік толық берілуі тиіс. Осы уақытқа дейін аталған заң аясында қанша адам жауапкершілік жүктегені жайлы статистиканы ашып көрсету маңызды. Бизнес-тренерлер мен коучтер үшін арнайы кәсіби стандарттар бекітілуі тиіс. Халық арасында интернет алаяқтардан, инфосығандардан қорғанудың амалдарын түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу қажет, – деді.
Осылайша, ел алдында жүрген оқырманы көп блогерлер көріп-білгенін, оқып-естігенін елге сатып, қалтасын қалыңдатуда. Бір қызығы, осындайлардың қатарында жас та, жасамыс та, ел алдында жүрген шоу-бизнес өкілдері мен тележүргізушілер, тіпті, айтыскер ақындар да бар. Жуырда ғана Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы аталған мәселеге байланысты Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың атына әлеуметтік желі қолданушыларының жауапкершілігін арттыру туралы сауал жолдады. Сонымен қатар, ол Үкімет инфобизнес платформаларының мазмұны мен идеологиясын және заңдылығы мен оны жүргізушілердің деректеріне мониторингті күшейту керек екенін де атап өтті.
– Қазір әлеуметтік желідегі блогерлерді қатты идеал санап кеттік. Олардың пікірлерін толықтай дұрыс деп, аузынан не шықса соны орындауға асығып отыратынды шығардық. Шын мәнінде, бұл кісілердің көбінің ғылыми дәрежесі, не қоғамға сіңірген еңбегі жоқ жандар. Әрине, пайдалы курстар да бар шығар. Меніңше, қандай курс болса да адам өз аяғымен барып, көзбе-көз көріп отырып білім алғанға жетпейді, — дейді Ғалымжан есімді желі қолданушысы.
№49 мектептің дефектолог маманы Арайлым Рахметова:
– Соңғы 3 жылда елімізде психолог деген маман кеңінен таныла бастады. Тіпті, бұрын психологтың кеңесін алу бір түрлі ұят жағдай болатын. Ал қазір ол көзқарас біртіндеп жойылып барады. Әсіресе, психолог, блогерлер пандемия кезінен бастап көбейді. Яғни, ұзақ уақыт бойы отбасы-ошақ қасынан шыға алмай оқшауланып отырған халыққа онлайн түрде дәріс оқып, «бақытқа жеткіземін, ажыраспауға көмектесемін, бақытты және бай қыламын» деген сияқты жарнамаларымен санасын улады. Жұрт еститін құлақ болса жағдайын айтып, оны тыңдағанын қалайды, жұбаныш іздейді. Әрине білімі, біліктілігі, тәжірибесі бар психолог мамандардың көмегіне жүгіну бөлек әңгіме. Бірақ 1-3 айлық курс оқып алып адам жанын емдеймін дегені дұрыс емес, – дейді.
– Бұрын Абай атамыздың қара сөздерін, басқа да даналардың еңбектерін оқып өстік. Жата-жастана жарысып кітап оқитынбыз. Мол рухани азық алдық. Ал бар уақытын телефонға телмірумен өткізетін бүгінгінің кейбір адамдарында осы жағы әлсіз. Сол үшін олар да көп оқып, ізденсе, өзін толғандырған барлық сұрағына жауап таба алады. Психолог пен блогерлерге көп ақша төлемей-ақ, өз мәселелерін өздері шешер еді. Бірақ көшілік ізденуге ерінеді де, дайынға жүгіреді. Сөйтіп, кітап оқығанша дайын ақыл-кеңес сатып алғанды жөн көреді. Олар не айтса да дұрыс деп санайды, — дейді аудан тұрғыны Шырынхан Рахымова.
Әлемге әйгілі коучтар көптеген адамдардың кәсіби және жеке жетістіктеріне әсер етіп, олардың өмірін өзгерткенін көріп жатамыз. Көптеген шәкірттері коучтардың әдістемелерін пайдаланып, табысқа жеткенін де білеміз. Алайда ақпарат ағыл-тегіл тасқындап жатқан заманда «ақыл» сатып алып, алдандым деген ағайын да көбейді. Дәл қазір курс сататындарға арналған Заң жоқ. Сондықтан әр адам курс сатып аларда сақтықпен қарап, аңдап басуы шарт. Қалай болғанда да әркім өз өмірінің, өз әрекетінің қожайыны.

Гүлхан ЯХИЯ
26 қараша 2024 ж. 31 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930