Әлеуметтік желінің бетін әулиелер басып алған
Бүгінде әлеуметтік желі арқылы ақыл айтып, ақылы түрде бағыт бағдар беретін жандар қатары көбейіп кетті. Қазір «қоғамына қарай адамы» дегендей, уақыт өткен сайын түрлі мамандықтар мен қатар ақыл айтқыштар пайда болды. Олар өз білгенін үйретіп ақыл айтып, сол арқылы тәуір табыс тауып отыр.
Ақыл ақшаға бағаланбайтынын білеміз. Бұрындары дана халқымыз салт-санасында өмірден төрелік таппаған адам билер мен шешендердің алдына барып, ақ пен қарасын ажыратып алатын болған. Ақылымен, тапқырлығымен дараланған жандар тура жолды нұсқап, ақысыз ақыл айтқан. Ал қазір желідегі қаптаған ақылгөйлердің ұсынатын ақылы мынадай.
Ақыл ақшаға бағаланбайтынын білеміз. Бұрындары дана халқымыз салт-санасында өмірден төрелік таппаған адам билер мен шешендердің алдына барып, ақ пен қарасын ажыратып алатын болған. Ақылымен, тапқырлығымен дараланған жандар тура жолды нұсқап, ақысыз ақыл айтқан. Ал қазір желідегі қаптаған ақылгөйлердің ұсынатын ақылы мынадай.
Мысалы, «отбасыңызды сақтаудың 5 құпиясын білгіңіз келсе, бүгін болатын тегін тренингіме шақырамын, несиеден шаршап, ақшаны дұрыс жұмсаудың жолын білгіңіз келсе, менің сабағыма жазылыңыз. Балаңыз тіліңізді алмай ма? Онда мен сізге балаңызды қалай тәрбиелеу керектігін үйретемін, тендер алып, баюдың жолын көрсетемін» деген жарнамалардан да шаршайсыз. Қазақта «Аңқау елге арамза молда» демекші, бәрінің көздейтіні оңай жолдан қалай ақша жасаймын деген ниеттері ғана. Бір таңғаларлығы, желіні жайлаған осы жарнамаға еріп, мыңдаған адам тіркеліп, бастапқыда тегін болған сабақтың арғы методикасын меңгеру үшін қыруар қаржы жұмсап жатады.
Осы тақырып аясында психологтардың айтуынша, тренингтерге өзінің бағытын нақты айқындай алмаған немесе қоғамдағы орнын таппаған, аста-төк пайдаға қарық болғысы келетін адамдар барады екен. Сол қаптаған көп тренингтерге барған адамдардың ақпаратты қабылдауы мінезі мен болмысына байланысты. Бірі бірден түйсініп, өміріне өзгеріс алып келетін болса, енді бірі әлі күнге дейін ақыл айтқыштарға ақша жұмсап, ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмай жүргендерін айтады. Сәнге айналған тренингтердің жетегінде жүргендердің көбі жауапкершілікті өздеріне алуға дайын емес жандар деп пайымдайды мамандар. Мұндай адамдар өмірлік ұстанымнан айырылып, бағыт-бағдарынан жаңылысқан жандарға ұқсатады.
Біз қозғап отырған мәселенің ең сорақысы, жасы қырықты алқымдап қалса да, әлі тұрмыс құрмаған нәзік жандылар жастардың санасын улап барады. Ол-ол ма? Күйеуді құрметтеудің керегі жоғын, енені сыйлауға ешқандай еңбектің қажет еместігін және келін үйдің құлы емес, деген ақыл айтқыштар көңілді алдап, сананы улап барады. Осы тұста жақында ғана Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қалдыбек Құрманәлі «Сұрауы бар» арнасында қоғамда трендке айналған психологтар туралы сөз қозғады.
Оның айтынша, бүгінде өзі 3 байға шығып, отбасы құндылықтары туралы айтатын психологтар шықты. «Сен күйеуіңнің киімін жума, тамақ істеп берме, өзі істесін, сен өзіңді күт, сен – тұлғасың» дегенге ақша төлеп, қатысады. Зейнеп Ахметова сияқты қазақтың салт-дәстүрі, ұлттық құндылықтары туралы әңгіме айтып отырса, түсінер едім. Көргені бар, атақты Бауыржан Момышұлының келіні. Мыналардың жұрт білетін 3 байы бар. Тілім жазықты болмасын, сөйте тұра отбасы құндылықтарын айтады. Айналайын-ау, жүрегімді айнытпаңдаршы деймін. Ондай психологтардың өзінің психикасын тексеру керек. Жүйкесі ауыратын аурухана бар ғой. Сонда барып, бір тексеріп алу керек, – деді.
Жарнаманың жақсы жері де бар. Дегенмен кейбір жарнамалар жарға жығар жағы басым болып тұр. Әлеуметтік желінің бетін әулиелер басып алған осынау күрделі кезеңде жастарды қорғап, теріс ақыл айтатын жандарға шара қолдану керек-ақ. Жасыратыны жоқ, сонау тауқыметті жылдарды бастан өткеріп, аштық пен тоқтықты, соғыс пен қуғын-сүргінде депрессияға түспеген сүйегі асыл жандардың ұрпағы бұл күнде неге ұсақталып барады. Бергі уақыт тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда да береке мен ынтымақ танытқан еді. Ендігі ұрпақты жоқшылық емес, тоқшылық бұзып жатыр ма? Жалпы өмірде ақыл айтқаннан жеңіл жұмыс жоқ шығар, сірә? Ақыл айтып, аңқау елге, арамза молда болғандардың отбасылық өміріне қалың оқырман назар аударып көрді ме? Айтқан ақылы жақсы, ісі сұйық жандардың жетегінде жүріп, өмір дейтін жолда елеусіз қалып қойғандар да бар шығар. Ол жағы бір Аллаға аян.
Сөз соңы. «Өзің диуанасың, кімге пір боласың» деген бір ауыз сөз, біз қозғап отырған тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні емес пе? «Еккен ақыл болмаса, сепкен ақыл не болсын» демекші, әр адамның өмірде өз жолы, пайым-парасаты, ақыл қайраты болады. Ендігі сөз соңында данышпан Абай Құнанбаевтың «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап, Әуре етеді ішіне қулық сақтап. Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген сөзі еріксіз еске түседі.
Дархан Байтілес