Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖҰМЫСШЫ АРУЛАР ФЕСТИВАЛІ

ЖҰМЫСШЫ АРУЛАР ФЕСТИВАЛІ

Апта басында «Арман» мәдениет үйінде жұмысшы мамандықтар жылына орай «Гүлдей нәзік, болаттай берік» атты аудандық жұмысшы арулар фестивалі өтті. Оған РУ-6 ЖШС «Қарамұрын» кенішінде, «Сауда көлік компаниясы» ЖШС «Шиелі Сұңқар» филиалында, «Семизбай-U» ЖШС «Иіркөл» мекемесінде, Волковгеология АҚ 23-ші геологиялық барлау экспедициясында, Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінде қызмет ететін нәзікжандар мен кәсіпкер арулар қатысты. Фестивальді аудан әкімінің аппарат басшысы Ғалымжан Болатұлы ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Жиынға «Сыр елі әйелдер кеңесі» қоғамдық ұйымының төрайымы Райкүл Байназарова мен «Анаға тағзым» орталығының басшысы Алтынай Молжанова арнайы келді. «Әлемдегі әсемдік пен сұлулық әйел көркі мен ана мейірімінен нәр алған» деген даналық сөз бар. Расында, адамзат өмірінің іргетасы әйелдің қолымен қаланады. Әйел қашан да тіршіліктің шырайы, отбасының шырағы. Сондықтан да асыл аналарымыз бен қаракөз қарындастарымыздың орны ерекше. Өңірімізде ер адамдармен қатарласып, қызмет етіп, саясиқоғамдық іс-шараларға белсене араласып, еліміздің дамуы үшін аянбай тер төгіп жүрген нәзік жанды арулардың саны артып келеді. Халықаралық әйелдер күніне және жұмысшы мамандықтар жылына орай ұйымдастырылған облыстық жұмысшы арулар фестиваліне қатысушылар «Мамандығым – мақтанышым», «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы»,«Тапқырлық тартысы» атты 3 кезең бойынша өнер көрсетіп, көрермен қошеметіне бөленді. Фестиваль әр саладағы нәзік жандардың кәсіпқойлығын, олардың қоғамдағы жауапкершілігі мен еңбегін дәріптеп, өздерін жаңа қырынан көрсетуге, тәжірибе алмасуға, кәсіби ортада жаңа байланыстар орнатуға мүмкіндік берді. Ауданға арнайы келген меймандар шараны қорытындылай отырып, әйелдер қауымы қоғам мен мемлекет ісінде де өздерінің қабілеттерін көрсетіп, барлық салада қызмет етіп, үлкен жетістіктерге жетіп жүргенін жеткізді. Содан соң қатысушыларды алғыс хат және сыйлықтармен марапаттады. Жұмысшы мамандықтардың қырсырына үңіліп, ондағы нәзік жандардың үлесі мен жетістігін насихаттауды көздеген шара нәтижесі наурыз айында «Анаға тағзым» орталығында өтетін салтанатты жиында қорытындыланады.
«Өө» ақпарат
22 ақпан 2025 ж. 53 0