Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАН ЖЫЛУЫН СЫЙЛАЙТЫН «МЕЙІРІМ»

ЖАН ЖЫЛУЫН СЫЙЛАЙТЫН «МЕЙІРІМ»

Шиелі кентінің шығыс бөлігінде орналасқан Қызылорда облысы білім басқармасының «№3 облыстық балалар оңалту орталығы» мемлекеттік мекемесі халық арасында «Мейірім» деген атаумен белгілі. 
Бұл әлеуметтік нысан «КазатомөнеркәсіпДемеу» ЖШС-мен облыс әкімдігінің арасындағы ынтымақтастық келісімге сәйкес салынып, өз жұмысын 2011 жылдан бастады. Мекеме басшысы Гүлмира Бердиеваның мәліметінше, оңалту орталығы жыл бойы жұмыс істеп, мектеп жасына дейінгі мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік, психологиялықпедагогикалық, медициналық оңалту қызметін көрсетеді. Орталықтың бір ауысымда 5 топта 50 баланы қамтитын мүмкіндігі бар. Жыл басынан бері 50 бала дамыта түзету жұмыстарымен қамтылған. Ауысым ұзақтығы – үздіксіз жыл бойына жалғасады. Орталықта 57 қызметкер, оның ішінде 10 тәрбиеші, 6 арнаулы педагог маман, бала дәрігері, реабилиатолог дәрігері, 4 медбике, 1 емдік уқалау маманы, 1 емдік дене шынықтыру нұсқаушысы, әлеуметтік педагог, педагогпсихолог жұмыс жасайды. Оңалту, түзету, дамыту жұмыстарын жүргізу үшін толық жағдай жасалған. Балаларға 5 рет кешенді тамақтандыру, профилактикалық және оңалту шаралары: массаж, су процедуралары, емдік ванналар, физиоем, дәрумендер, емдік дене шынықтыру ұсынылады. Арнайы педагогмамандардың түзету, дамыту жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар білім беру, тәрбие, медициналық, спорттық-ойын және әкімшілікшаруашылық кешендері бар. Балалар үшін спорт, ойын, жаттығу-шынығу залдары, жазғы ойын алаңдары қызмет етеді. Балаларға қорытынды және жолдама облыс бойынша тұрғылықты жеріндегі психологиялық-дәрігерлік-педагогикалық консультация мекемелерінен беріледі. Қазіргі таңда №3 облыстық балалар оңалту орталығы – педагогикалық және сауықтыру қызметін ұйымдастыру бойынша әдістемелік орталық, сонымен қатар балалардың мәдени шараларын өткізетін орынға айналған. Педагогикалық ұжымының жұмысының негізгі бағыты баланың қимыл-қозғалысының, белсенді азаматтық ұстанымының қалыптасуына ықпал ететін жеке қасиеттерінің дамуына көмектесу болып табылады. Мемлекеттік мекемеде өз ісінің нағыз шеберлері, балаларға деген жан жылуын аямайтын қызметкелер баршылық. Олардың арасында логопед Жазира Ертаеваны, педагог- дефектолог Динара Искакованы, аяжан Гүлжайна Искакованы және тағы да басқа көптеген мамандарды атап өтсек болады. Әлеуметтік педагог Лаура Жұматова балалардың қол жеткізген жетістіктерін бізбен қуана бөлісті. – Атап айтсақ, «Мүмкіндігі шектеулі азаматтармен жұмыс жасау әлеуметтік қызмет жұмысын ұйымдастыру» әлеуметтік жобасы аясында «Біз жұлдыз боп жанамыз!» атты қашықтықтан өткізілген өнер фестиваліне балаларымыз шығармашылық жұмыстарымен қатысып I орын иеленді. «Берекелі Алтын күз!» атты республикалық балалар мен жасөспірімдер арасындағы қашықтықтан ұйымдастырылған өнер байқауына «Көркем сөз», «Хореография» номинациялары бойынша қатысып I орын жүлдегерлері атанды. «ARNAY» шығармашылық орталығы ұйымдастырған «Абай – дана, Абай – дара қазақта» атты халықаралық шығармашылық байқауында «Сурет салу» секциясы бойынша үздік нәтиже көрсеткені үшін орталық балалары II дәрежелі диплом мен марапатталды. Республикалық «Балабақша әлемі» балабақша порталы ұйымдастырған балалар арасындағы «Мен бақытты баламын» атты көркемсурет байқауында үздік танылып I орынды жеңіп алды, – деді. «Мейрімге» аудан көлемінде жұмыс жасайтын кәсіпорындар демеушілік көрсетіп тұрады. Олардың қатарында №6 кен басқармасы, ГРЭ-23 және жеке кәсіпкерлер «Омар торт», «Илан-ай» , Гүлнар Сарсенбековалар бар. Кенттегі «Арман» мәдениет үйі де өзара меморандумға сәйкес балаларды жыл бойына концерттер мен театрландырған қойылымдармен қуантады.
Дария МАҚСҰТ
18 ақпан 2025 ж. 93 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№13 (9280)

18 ақпан 2025 ж.

№12 (9279)

15 ақпан 2025 ж.

№11 (9278)

11 ақпан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
2425262728