Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мерейі тасыған «Мейірім»

Мерейі тасыған «Мейірім»

Қазақ елі әлімсақтан «Балалы үй – базар» деп баланың адам өміріндегі маңызын айшықтаған. Сонымен бірге «Адам ұрпағымен мың жасайды» дегенді де естен шығармаған. Расында, әрбір жанның жүрек түкпірінде, көңіл қалтарысында сәбилі болу арманы жатады. Өйткені, бұл өмірдің мәні мен сәні – бала.

Алайда, тағдыры сынап, жарымжандықтың тақсыретін тартып, тауқыметі мойнына ілінген балалар біздің елде де бар. Бүгінде 100 мыңнан аса ата-ана мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеуде. Деректерге сүйенсек, еліміздегі 25 мыңнан аса сәби сал дертіне шалдыққан. Олардың көбісі оңалту орталықтарында медициналық, психологиялық және әлеуметтік көмек көреді. Осындай орталықтың бірі – аудан орталығында жұмыс істейтін Қызылорда білім басқармасының «№3 облыстық балалар оңалту орталығы».
Бұл оңалту орталығы өз жұмысын 2011 жылдың 10 қаңтарында бастаған болатын. Сол сәттен бастап орталық қызметкерлері ем алушы балаларға әлеуметтік, психологиялық-педагогикалық, медициналық қызмет көрсетеді. Сондай-ақ баланың сөйлеу тілін дамыту үшін бар мүмкіндікті жасайды. Жыл сайын жемісті жұмыс істеп келе жатқан орталық церебралді салдану, тірек-қимыл аппараты бұзылысы бар, жамбас-сан буынының ахауы, орталық жүйке жүйесінің зақымдануы, даун синдромы, сколиоз дертіне шалдыққан жеті жасқа дейінгі балаларға қызмет жасайды.
Орталық директорының айтуынша, мұнда 5 топта 50 баланы қамтитын мүмкіндік бар. Оңалту шаралары үш айдан алты айға созылады екен. Осы мерзімде көмек алатын балалардың ата-анасы демалыс күндері келіп, бүлдіршіндерімен кездесе алады. Біз орталыққа бас сұққанда, балалардың шат-шадыман күйде ойнап жүргенін аңғарған едік. Арнайы мамандар өз ісінің майталмандары екен. Бөбектердің физикалық дамуымен қатар, ой-өрісінің жетілуіне де бар күш-жігерін салуда. Сондай-ақ барлық бөлме заман талабына сай жабдықталыпты. Ем алушы балалар бес мезгіл тамақтанып, профилактикалық және оңалту шараларын қабылдайды. Жалпақ тілмен айтар болсақ, мұндағы балаларға мерзімінде массаж, су процедуралары, емдік ванналар, физиоем, дәрумендер, емдік дене шынықтыру жұмыстары жасалынады. Қуаныштысы, осы қызметтің барлығы балаларға тегін жүргізіледі.
Иә, оңалту орталығындағы жақсы ахуал – балғындарға жасалып жатқан қамқорлықтың дәлелі. Олай болса мүмкіндігі шектеулі баланы бауырына басқан әр ата-ана осы орталықтан ем алып, баланың болашағын жарқын етсе құба құп.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА

01 ақпан 2020 ж. 1 254 0