БАЛДЫРҒАНДАР ҚУАНЫШҚА БӨЛЕНДІ
1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күні. Айтулы мереке 1949 жылы Парижде халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының конгресімен бекітіліп, балалар күнін бірінші рет 1950 жылдың 1 маусымында атап өту жөнінде шешім қабылданған болатын. Балаларды қорғау тек мереке ғана емес, болашаққа бағдар жасайын маңызды шараның бірі болып есептеледі. Сол себептен жыл сайын республика көлемінде бүлдіршіндерді қуанту үшін түрлі шаралар өткізіледі. Шиелідегі №3 облыстық балалар оңалту орталығы да ерекше жандармен бұл мейрамды жоғары деңгейде атап өтті.
Әдемі салтанатты кештің шымылдығын аудан әкімінің орынбасары Б.Ысмағұлов, Шиелі ауданының әйелдер кеңесінің төрайымы Н.Палымбет, «Аmanat» партиясы Шиелі ауданы филиалының төрағасы Б.Сыздық ашып, балдырғандарды мейрамдарымен құтттықтады. – Құрметті балғындар, қадірлі ата-аналар! Баршаңызды 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесімен құттықтаймын. Жаздың алғашқы күні бала күлкісіне бөленіп, керемет мерекемен басталады. Қазақта «Бала – артта қалған ізің» деп, ұрпақ тәрбиесіне аса мән берген. Тәуелсіз мемлекетімізде келешек қамы үшін жасалып жатқан игі істер аз емес. Жыл сайынғы салынып жатқан спорттық және балалар алаңдары мен балабақшалар, жаңадан ашылған мектептер – ел тыныштығының үлкен жетістігі. Ұрпаққа сапалы білім беріп, ұлт денсаулығы мен балалардың тыныштығы жолында еңбек ету – біздің де басты мақсаттарымыздың бірі, – деді Б.Әбдулхайысұлы. Әрмен қарай келген қонақтар аудан әкімдігі атынан балаларға сыйлықтар табыстады. Ерекше балалар бүгінгі шарада түрлі бағытта өз өнерлерін ортаға салып, көпшілікті тәнті етті. Бірі тамылжытып ән салса, енді бірі би билеп, шеберлігімен көзге түсті.
Айта кетейік, оңалту орталығы өз жұмысын 2011 жылдың 10 қаңтарында бастаған болатын. Сол сәттен бастап орталық қызметкерлері ем алушы балаларға әлеуметтік, психологиялықпедагогикалық, медициналық қызмет көрсетеді. Сонымен қатар баланың сөйлеу тілін дамыту үшін бар мүмкіндікті жасайды. Жыл сайын жемісті жұмыс істеп келе жатқан орталық церебралді салдану, тірек-қимыл аппараты бұзылысы бар, жамбас-сан буынының ахауы, орталық жүйке жүйесінің зақымдануы, даун синдромы, аутизм спектрі және сколиоз дертіне шалдыққан жеті жасқа дейінгі балаларға көмек береді.
– Мұнда бір ауысымда 5 топта 50 баланы қамтитын мүмкіндік бар. Мекемеде 57 қызметкер, оның ішінде 10 тәрбиеші, 6 арнаулы педагог маман, бала, тіс дәрігері, 4 медбике, емдік уқалау маманы, әлеуметтік педагог, педагог-психолог, тәлімгер қызмет атқарады. Оңалту шаралары үш айдан алты айға созылады. Осы мерзімде көмек алатын балалардың ата-анасы демалыс күндері келіп, бүлдіршіндерімен кездесе алады, – дейді орталық директоры Гүлмира Бердиева.
Біз орталыққа келгенімізге қатты қуандық. Өйткені балалардың шад-шадымен күйде жүргені марқайтты. Арнайы мамандар өз ісінің майталмандары екен. Бөбектердің физикалық дамуымен қатар, ой-өрісінің жетілуіне де бар күш-жігерін салуда. Сондай-ақ барлық бөлме заман талабына сай жабдықталыпты. Ем алушы балалар бес мезгіл тамақтанып, профилактикалық және оңалту шараларын қабылдайды. Жалпақ тілмен айтар болсақ, мұндағы балаларға мерзімінде массаж, су процедуралары, емдік ванналар, физиоем, дәрумендер, емдік дене шынықтыру жұмыстары жасалынады. Қуаныштысы, осы қызметтің барлығы балаларға тегін жүргізіледі.