ЖАСТАРДЫҢ ЖАҢА ТІЛІ

Жастар арасындағы жаргон мен сленг сөздер уақыт өткен сайын дамып, өзгеріп отырады. Мысалы, бір кезде белгілі болған жаргон сөздер қазіргі күні ескіріп, олардың орнын жаңа сөздер басқан. Сондықтан жастардың тіліндегі өзгерістер мен жаңашылдықтарды түсіну қоғамдағы үрдістер мен мәдениетті түсінудің бір жолы болып табылады. Қазіргі таңда осы жастардың арасында жиі қолданылатын сленг сөздерді талдап, олардың мағынасын ашу – тек тілді емес, сонымен қатар қоғамды, жастардың ойлау және қарым-қатынас жасау тәсілдерін зерттеу болып табылады. Сондықтан біз бүгінгі күні жастар арасында танымал болып жүрген жаргон сөздерді жинап, олардың мағынасына терең үңіліп, дұрыс түсінуді мақсат еттік. Бұл тілдік процестерді бақылап, қазіргі тілдің дамуын көре отырып, біз жаңа буынның өз әлемін, өзіндік мәдениетін қалай құрып жатқанын байқай аламыз. Мысалы, «жиза» сөзі орыс тіліндегі «жизнь» сөзінен шыққан және өмірде кездесетін қандай да бір жағдайды бастан өткергенде қолданылады. Ал «изи» сөзі ағылшын тіліндегі «easy» сөзінің қысқартылған түрі болып табылады және «оңай» мағынасын береді. Сонымен қатар «краш» сөзі ағылшын тіліндегі «crush» сөзінен алынған, бұл біреуді сырттай ұнатуды білдіреді. Жастар арасында кеңінен қолданылатын тағы бір жаргондық сөз – «хейт». Бұл сөз біреуді ашықтанашық ұнатпауды, оның кемшіліктерін айту үшін қолданылады. «Гоу» сөзі ағылшын тіліндегі «go» сөзінен туындап, «кетейік» деген мағынаға келеді. Ал «сорян» сөзі «sorry» сөзінің қысқартылған нұсқасы болып, кешірім сұрау кезінде қолданылады. Бұл сөздердің көпшілігі, шын мәнінде, қазіргі танымал TikTok әлеуметтік желісінен тарап жатыр. TikTok – жастар арасында кеңінен таралған алаң болып, олардың тілін қалыптастырып, жаңашылдықты алға шығарады. Әлемнің 155 елінде және 75 тілде таралған бұл желіге күн сайын 10 қолданушының 9-ы кем дегенде бір рет кіріп отырады. Одан бөлек, ерлер қауымы пайдаланушылардың 55%-ын құрайды. TikTok жастардың өзара қарым-қатынасына үлкен ықпал етіп қана қоймай, олардың мәдениетінің де бір бөлігіне айналды. Бірақ бұл желінің өзіне тән артықшылықтары мен кемшіліктері бар. TikTok тек ақпарат алмасу мен көңіл көтеруге ғана емес, кейде деградация мен жалған ақпараттың таралуына да себепші болуы мүмкін. Сондықтан бұл желіні қолдану кезінде таңдауларыңа мұқият болу керек, себебі «желіде кімді оқитыныңды айт, мен саған сенің кім екеніңді айтам» дегендей, әлеуметтік желілердегі әсерлер өмірімізге де айтарлықтай ықпал ететінін ұмытпауымыз қажет. Уақыт өте келе, әртүрлі әлеуметтік желілердің дәуірі өтуде. Мысалы, бір кездері танымал болған Periscope пен ask.fm қазіргі таңда қолданушылар арасында өзекті емес. Әлеуметтік желілердің өміршеңдігі қысқа болуы мүмкін. Сондықтан TikTok-тың да дәурені қанша уақытқа созылатынын болжау қиын.
С.БАХТИЯРҚЫЗЫ