ШАРУАСЫ ШИРАҒАН ШИЕЛІ

– 2025 жылы құрылыс жұмыстары басталатын және іске қосылатын жобаларды таныстырып өтсем. Жыл сайын ауданда жүзеге асырылатын инвестициялық жобалардың саны артып келеді. 2025 жылы 9 ірі инвестициялық жобаны іске қосу жоспарлануда. Бұл жобалар іске қосылғанда 233 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Атап айтқанда: «Тесис» ЖШС. Қуаттылығы 40 МВт күн электр станциясы. Жоба іске қосылғанда 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. «VIGOR Holding» ЖШС. Қуаттылығы 20 МВт күн электр станциясы. «Uranus Wind» ЖШС. Қуаттылығы 50 МВт жел электр станциясы жобасы. «Altyn Dala Energy ltd.» Жеке компаниясы. Қуаттылығы 60 МВт күн электр станциясы. Жоба 2026 жылы іске қосылады және 18 адам жұмыспен қамтылады. «Табиғи тас Қызылорда» ЖШСнің «Қиыршық тас өндіру заводы » жобасы. «Дом Инвест» ЖШС-ның «Батыс Қытай-Батыс Европа» тас жолының бойынан газ заправкасы мен сервистік қызмет көрсету кешені жобасы. «Ақмая» шаруа қожалығының «Күріш ақтау зауыты» жобасы. Таң ЛТД» ЖШС-ның «Жүгері дақылдарын кептіру және терең өңдеу » жобасы. «Transshipment 1» ЖШС-ның Cұйық реагенттер қоймасы. Аталған жобалар ел игілігіне беріліп, жақында өз жұмыстарын бастайды, – деді Айтбай Насраддинұлы. Ауданда өткен жылы бұдан өзге де жүйелі жұмыстар атқарылған. Аудан бюджеті 14 млрд 977 млн теңге болып бекітілсе, өнеркәсіп өнімдерін өндіру 127,4, өңдеу өнеркәсібі 143,3, негізгі капиталға салынған инвестицияның көлемі 124,4, құрылыс жұмыстары 116,7, жеке тұрғын үй құрылысының жалпы ауданы 112,9, бөлшек сауда көлемі 105,5 пайызға артқан. Ауданда кәсіпкерлік саласында қарқын бар. Шағын және орта кәсіпкер саны 6363-ке жеткен. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша 359 жоба қаржыландырылған. Аудан әкімінің айтуынша, ауыл шаруашылығы саласында да өсім бар. Былтыр 31799 гектар жерге егін егілген. Негізгі дақыл күріш 13098 гектарға себіліп, әр гектарынан 60 центнерден өнім алынған. – Суды үнемдеуде тамшылатып суару әдісімен 2050 гектарға көкөніс және бақша егілді. Алдағы уақытта жүгері және басқа да дақылдардың көлемі ұлғайтылады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы құрылымдарындағы техника паркі кейінгі 4 жылда жаңа үлгідегі отандық және шетелдік техникамен жаңарды. Төрт түлікті түлеткен шаруалардың арқасында мал басы еселенді. Ірі қара, жылқы, түйе, қой мен ешкі саны өткен жылмен салыстырғанда едәуір артқан, – деді аудан әкімі. Тұрғындарды электр энергиясымен қамтуда бірнеше жоба жүзеге асырылуда. Кенттегі электр желілерін қайта жаңғыртуға қаржы қаралып, тозығы жеткен трансформаторлар мен желілер ауыстырылды. Шиелі кентіндегі қосалқы станцияны қайта жаңғыртуға Ұлттық қордан 2,3 млрд теңге, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Бидайкөл, Жиделіарық, Ә.Тәжібаев, Ақмая, Бестам ауылдарының сыртқы электрмен қамту желілеріне республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, жұмыс жалғасуда. Биыл толық аяқталып, пайдалануға беріледі. Электрмен қамтуға байланысты 15 жобаны қаржыландыруға Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің құрылыс және тұрғын үйкоммуналдық шаруашылық істері комитетіне, облыстық басқармаларға ұсыныс берілді. Биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Бидайкөл, Ш.Қодаманов ауылдарының желілерін жаңғыртуға қаржы бөлінді. Ауданда газдандыру жобаларына 30 млрд теңге қаралып, 330 шақырым газ желілері салынуда. Ортақшыл, Бәйтерек ауылы мен 22 бекет тұрғындары «көгілдір отын» игілігін көрді. Нәтижесінде аудан тұрғындарының газбен қамтылу көрсеткіші 80 пайызға жеткен. М.Шоқай елді мекенінде АГТС орнатып «БейнеуШымкент» магистральды газ құбыры тармағын салу, түзету қолға алынды. Осы жоба аясында Тартоғай, Сұлутөбе, Майлытоғай, 1 Мамыр, Бәйгеқұм, Бала би, Жөлек елді мекендері газға қосылады. Брифингте аудан әкімі елді мекендерді сапалы ауызсумен қамту бойынша қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Аудандағы барлық елді мекенді ауызсумен үздіксіз қамтамасыз етуде «Тақыркөл» бас су торабынан №3 сорғы станциясына дейін магистральды су өткізгішінің екінші желісі 32,4 шақырым құбыр жүргізіліп, насос қондырғылары орнатылды. Ақтам, Ызалы елді мекендеріне су тұшытқыш қою жоспарланды. Биыл ауданды ауызсумен қамту 100 пайызға жетпек. Биыл Ұлттық қордан «Самара-Шымкент» жолының 8 шақырымын жаңғыртуға қаржы қаралды. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Ә.Тәжібаев, Бәйгеқұм, Тартоғай, Ы.Жақаев ауылдарындағы 22 көшеге күрделі жөндеу жүргізіледі.
«Өскен өңір» ақпарат