Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БАҚБЕРГЕН ӘБСАДЫҚ: ТУРИЗМ ТҰРАЛАМАУЫ ТИІС

БАҚБЕРГЕН ӘБСАДЫҚ: ТУРИЗМ ТҰРАЛАМАУЫ ТИІС

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрлі Жолдауларында да, Үкіметтің кеңейтілген отырыстарында да кәсіпкерлікке қолдау көрсетіп, шағын және орта бизнесті дамытуға ұдайы басымдық береді. Өткен жылғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында да ауқымды салаға баса назар аударып: «Мемлекет қаржылай қолдау жасаған кезде бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес өкілдеріне баса мән береді» деп атап көрсетті. Президент пәрмен берді. Енді ол ауданда қалай орындалып жатыр? Жалпы өндірістің ахуалы қандай? Жыл аяқталуға жақын. Салада нендей жетістіктер бар? Осы сұрақтар төңірегінде аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Бақберген Әбсадықпен әңгімелестік.

– Бақберген Аманбекұлы, саланың басшылығына келгелі көп уақыт бола қойған жоқ. Дегенмен, қоян жылында атқарылған жұмыстар мен межелерді мәлім етудің реті келіп тұр. Алғашқы сауалды шағын және орта кәсіпкерлік бағытындағы жұмыстардың беталысынан бастасақ... Қазіргі таңда аудан бойынша тіркелген жалпы кәсіпкер саны қанша?
– Президент тапсырмасын орындау жергілікті жерлерде біздерге жүктелген үлкен міндет. Ал енді биылғы он бір айда атқарылған жұмысқа тоқталар болсам, шағын және орта кәсіпкерлік мәртебесімен ауданда 7313 субъектісі тіркелген. Оның 572-сі заңды тұлға, жеке кәсіпкер – 4543, шаруа қожалығы – 2198. Тиісті кезеңмен салыстырғанда қай-қайсысының болсын саны да, сапасы да артқан. Яғни 117,1 пайызға көбейген. Жұмыс істеп тұрған шағын орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 7032. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 126,6 % құрап отыр.
– Ауданда өнеркәсіп саласы да қарқынды дамып келе жатқанын білеміз. Осы жайлы өзіңізден естісек.
– Биыл 10 айда ауданның өнеркәсіп өнімдерін өндіруші мекемелері мен кәсіпорындар 63 млрд 292 млн теңгенің өнеркәсіп өнімдерін өндірді. 2022 жылдың осы кезеңінің салыстырмалы бағасымен алғанда 118,4 пайызды, өңдеу өнеркәсібі өнімі көлемі 30 млрд 420 млн теңгеге жетті. Нақты көлем индексі – 149,7 пайыз. Соңғы жылдары ауданда мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдетілген несие алып өңдеуші өнеркәсіп саласы бойынша жаңа жобаларды іске асыруға кәсіпкерлердің белсенділігі артуда. Бәрімізге мәлім Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты қорғау министрлігінің кәсіпкерлік бастамашылыққа жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру мақсатында жеңілдетілген несие түрі бекітіліп, аз мөлшердегі үстемақымен 2,5 пайыз несие беру «Ауыл Аманаты» жобасы биылғы жылдан бастап іске аса бастады. Осы бағдарлама аясында сәтті жүзеге асырылған жобалардың бірі Бәйтерек ауылдық округінде «Barly Bai & K» өндірістік кооперативі құрылды. Төрағасы – Қанат Мұсаев. Ол мемлекет тарапынан қолдау тауып 27,6 млн теңге несие қаражатын алып, таяуда ғана «Қызанақ пастасын өндіру цехын» іске қосты. Жалпы жоба құны – 50 млн теңге. Тұрақты 6 адам жұмыспен қамтылса, маусымдық жұмыстар кезінде қосымша 15-20 адам жұмыс істейтін болады. Бұдан бөлек мемлекеттік бағдарламалар аясында құс етін өндіру, құрылыс материалдарын өндіру, балық шаруашылығы бағытындағы жобалар жүзеге асырылуда.
– Тамаша! Енді жоба туралы сөз қозғап қалдық, осы тұста «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» бағдарламасы бойынша да ауданда қолға алынып жатқан жұмыстарды сұрай кетсем?
– «Ұлттық жоба аясында» бизнесті дамыту және қолдау мемлекеттік бағдарламасы аясында субсидиялау бағыты – 78 жоба 2 млрд 178 млн теңге көлемінде несие қаражаты алынды. Нәтижесінде жаңа құрылыс нысандары іске қосылды. Атап өтер болсам, «Керимова» ЖК-нің «Мята» тамақтану орны. Құны – 110 млн теңге. 15 жаңа жұмыс орны ашылған мұнда. Сонымен қатар «Ақтілек» жеке кәсіпкерлігінің «Тұмар» қонақ үйі. Жоба құны – 180 млн теңгені құрайды. Мұнда нақты 5 адам жұмыспен қамтылған. Жоғарыда аталған жеке кәсіпкердің «AiDaiEm» клиникасы ашылды. Жоба құны – 80 млн теңге. Бұл жерде 10 адам жұмысқа жұмылдырылған.
– Инвестициялық жобалар бойынша да әңгімелей отырсаңыз. Барысы қалай?
– Биыл 10 айдың қорытындысы бойынш негізгі капиталға салынған инвестицияның көлемі 34 млрд 239 млн теңгені құрап отыр. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 172,3 пайызға артты. Жалпыұлттық жобалар аясында 2023-2025 жылдары ауданда құны 28,6 млрд теңгені құрайтын 16 жеке инвестициялық жобалар жүзеге асырылмақ. Жобалар толық іске қосылғанда 650 адам жұмыспен қамтылатын деп күтілуде. Ірі жобалардың қатарында «Шиелі Доломит» ЖШС-ның қиыршық тас зауыты құрылысының жобасы бар. Жобалық құны – 1,3 млрд теңге. Жобаның құрылысы кезінде 52 адам, іске қосылғанда 90 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Қазіргі таңда зауыттың құрылыс жұмыстары аяқталып, толық іске қосуға дайындық жұмыстары жүріп жатыр. «Ziyatker School» жеке мектеп құрылысында айта кеткім келеді. Жоба құны – 642 млн теңгені құрайды. 60 адам жұмыспен қамтылған. «KUTAU SP» ЖШС-ның «Кутау-3» кенішіндегі қиыршық тас және әк өндіру зауытының құрылысы жобасы. Жобаның құрылысы кезінде 120, іске қосылғанда 70 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Жобалық құны – 2,4 млрд теңге. «Ай-мар групп» ЖШС-ның тігін шеберханасы бар. Жоба құны – 92 млн теңге. Жоба сәтті жүзеге асып, бүгінгі таңда 50-60 адам нәпақа тауып отыр. Сонымен қатар ағымдағы жылы Еңбекші ауылдық округінен жобалық құны 20 млрд теңгені құрайтын «Тесис» ЖШС-ның қуаттылығы 40 МВт болатын күн электр станциясының құрылысын бастау жоспарлануда. Жобаның құрылысы кезінде 100 адам іске қосылғанда, 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.
– Жасыратын несі бар, туризм саласының әлі де болсын түйіні тарқатылмай келеді. Сіз бұл салаға келгелі нендей тың дүниелер жасалды? Туризмді дамытуға не кедергі?
– Осы жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес, туризмді дамыту мақсатында «Вдали от города» Ютуб каналы мен «ТҰРАН тв» теле арнасымен бірлесіп қаңтар айының 29 күні «Ханқожа» көлі аумағында аудан кәсіпкерлердің демеушілігімен қыстық балық аулау сайысы ұйымдастырылды. Балық аулау сайысына Қызылорда облысының балықшылары қатысып, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Атқарылған жұмыстар аудан әкімінің сайтына жарияланды. Сүйіншілейтін жаңалық, туризм саласы бойынша ауданда жобалық құны 680 млн теңгені құрайтын 4 жоба іске қосылды. Мұнда 45 адам жұмыспен қамтылған. Не дегенмен туризм тұраламауы тиіс. Бұл мәселеге қатысты әлде де өнімді жұмыстар істеу мақсатымыз.
– Жауабыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан
Сұлушаш МАДИЯРОВА
04 желтоқсан 2023 ж. 145 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031