Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада кәсіпкерлер саны артуда

Қызылордада кәсіпкерлер саны артуда



Биыл облысымызда кәсіпкерлердің саны 32,8 пайызға ұлғайды. Сәйкесінше, жұмыс істеп тұрған белсенді кәсіпкерлердің саны 39,2 пайызға артты. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Ринат Сұлтангереев мәлімдеді.

– Шағын және орта кәсіп экономиканы дамытуда айрықша роль атқарады. Бүгінде аймағымызда шағын және орта кәсіпкерлікте 121 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, облыстың экономикалық белсенді халқының үштен бір бөлігін құрады. Осы жылы аталмыш кәсіпкерлікті 125 мың адамға жеткізу жоспарлануда. Бұл бастаманы іске асыруда Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңбері дайындалып, 168 жоба субсидияланды. Сондай-ақ, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы 273 жобаны қаржыландырды. Сонымен қатар өңіріміздегі өңдеу өнеркәсібі 1,9%–ға өсім көрсетті. Бұл ретте жиһаз өнеркәсібі мен жеңіл өнеркәсіп айрықша өсім көрсеткен. Биыл бірыңғай индустрияландыру картасы аясында 4 жоба іске қосылып, жергілікті тұрғындар 125 жаңа жұмыс орындарымен қамтылады. Аталмыш жобалар аймақ экономикасын дамытуда елеулі үлес қосарына сеніміміз мол. «Қармақшы құс» серіктестігінің қуаттылығы жылына 1500 тонна құс етін өндіруге қауқарлы құс фабрикасы іске қосылмақ. Ал, «Айғасар» серіктестігі жылына 36 мың тонна бие сүтін өңдесе, «Казах камел» зауыты 700 тонна түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өндірмек. Сондай-ақ, «Арал кварц» зауыты 172,8 мың тонна құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін болады. Мұнан өзге шикізаттық емес экспорт көлемі 18,8%-ға өскен, – деді Ринат Қалдыбекұлы.

Брифингте сала маманы биыл инвестиция саласы бойынша көрсеткіште оң динамика қалыптасқанын айтты. Яғни, былтырғы жылмен салыстырғанда өсім 42,1 пайызды құрады. Сондай-ақ, жеке инвестициялардың көлемі де жыл сайын артуда. Биылдың өзінде 70 млрд. теңгеге жеке инвестиция тартылып, өткен жылмен салыстырғанда 71 пайызға өскен.

Өңірлік коммуникациялар қызметі
01 маусым 2023 ж. 177 0