Кент мәдениетінің мәйегі
Мәдениет – ұлт өмірінің айнасы, ғасырлар бойы үзілмей жалғасып келе жатқан халықтың рухани келбеті. Сондықтан кез келген елдің толыққанды дамуы жолында мәдениет саласының маңызы бөлек. Бірге қалыптасып, бірге заман көшіне қарай дамып отырады. Бүгінде ұлтымыз бен мәдениетімізді, әдебиетіміз бен елдігімізді айшықтауға айтарлықтай көңіл бөлініп, мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп келеді. Тынымсыз еңбек пен шабытты, ізденіс пен шығармашылықты талап ететін бұл саланың жұмысы қай кезде де халықтың берген бағасымен өлшенеді. Ал өн бойына біткен табиғи талантын шыңдап, өмірін өнермен ұштастыра білген өнерпаздарға текті қазақ жұрты қашан да төрін ұсынып, ерекше құрметке бөлейді.
Өткен жұма күні ауданның мәдениеті мен өнерінің дамуына айрықша үлес қосып, талантты шәкірттердің өнер ордасына айналған «Арман» кенттік мәдениет үйіне қарай жол тарттық. Қыстың әсем табиғатымен үндесіп жатқан кенттің келбетін тамашалап мәдениет ошағына да керемет көңіл-күймен, редакциямыздың фототілшісі Бақытжан Бәйімбет екеуміз кіріп бардық. Алдымыздан мәдениет үйінің басшысы Нұргүл Шалекеева жылы шыраймен қарсы алды. Әрбір іс-шарасы әсерлі, жоғары деңгейде өтетін мәдениет ошағының концерт залы өнер сүйер қауымға лық толы. Көрермен көзінен концерттің басталу уақытын тағатсыздана күтіп отырғанын біз де лезде аңғардық. Түгел орнымызға жайғаса кеттік. Бірер минуттан соң жұрт асыға күткен мәдениет үйінің «Арман өнер ордасы» атты жылдық есеп беру кеші ерекше форматта бастау алды. Халық қошеметінен қуат алған өнерпаздар ортаға шығып, әуелеті ән салып, жиылған жұртпен сәлемдесті. Содан соң лэд экран арқылы мәдениет үйінің бір жылда жеткен жетістіктерімен, өткізілген ауқымы кең ісшаралар легімен таныстық.
ӘЖЕЛЕР САЛҒАН ӘН ҚАНДАЙ
«Әннің де естісі бар, есері бар, Тыңдаушының құлағын кесері бар. Ақылдының сөзіндей ойлы күйді, Тыңдағанда, көңілдің өсері бар...» деп дана Абай атамыз айтқандай, шіркін қазақтың дәстүрлі әні қандай керемет десеңші. Әуелеген әнге құлақ түрмейтін халық жоқ шығар. Осынау әдемі кешке әр беріп сахна төріне «Арман – асыл аналар» ансамблінің ақжаулықты әжелері көтерілгенде, халықтың риясыз қошеметі ерекше соғылды. Бұл ансамбльді әр концерт сайын біз де тыңдауға асығамыз. Себебі әжелердің қоңыр үні, орындаған дәстүрлі әндері жүрек түкпірінен орын алады. Дәстүрді әсем әнмен дәріптеп жүрген аналар «Әжелер салған ән қандай» атты республикалық әжелер ансамбльдерінің байқауында жүлделі ІІ орынды иеленген. Сондай-ақ облыста өткен бірнеше ән байқауының жеңімпазы атанып, аудан абыройын асырып жүр. Аналарымыздың салған әнінен құлақ құрышымыз қанып, ризашылық білдірдік. Әрі қарай концерт мың бұралған бишілердің биімен, «Әсем саз» үйірмесіне қатысушы оқушылардың күмбірлеген күйімен жалғасты.
НАРТАЙДЫҢ НАҒЫЗ ІЗБАСАРЫ
Концерттің шарықтау шегі осы болды. Сахнаға шыққан облысқа белгілі «Сырлы саз» фольклорлық ансамблінің орындауындағы күйлер мен жыр-термелерді сағынбайтын шиелілік жоқ шығар. Әр туындысын асыға күтіп, ерекше ден қойып тыңдауға асығамыз. Қазақы үнмен үйлескен ою-өрнекті шапан, қамзолдарды киіп шыққан өнерпаздар қараған жанның көзін тойдырды. Бұл айтып отырған ансамбль де көптеген байқаудың жеңімпазы, шоқтығы биік Шиелінің өнерін тұғырдан түсірмей келеді. Қалың көрерменнің алдына шыққан фольклорлық ансамбльдің сүйемелдеуімен жеке дауыстағы белгілі жырау Нұртілек Ақтаев терме орындады. Көпшіліктің көзаймына айналған жырауды халық та бір деммен ұйып тыңдады. «Ойпәлі, бәрекелді» десіп, қолдау білдірді. Кешегі замана бұлбұлы Нартай Бекежановтың жолын жалғап келе жатқан өнерпазды Нартайдың нағыз ізбасары дерсің.
ҮЙІРМЕНІҢ ҮЙРЕТЕРІ КӨП
«Арман» кенттік мәдениет үйі көп өнерді тоғыстырған орда. Жас дарындар осында келіп кәсіби мамандардан білім алады. Әр үйірменің өз жемісі, жетістігі бар. Ынталы балаға жол нұсқап, жұлдызын жағып, қолдау көрсетуден кенде қалған емес. Есесіне, өнер үйірмелерінен қанат қаққан шәкірттер бүгінде үлкен оқу орындарында білімін жалғастырып, қазақ өнерінің дамуына үлес қосып жүр. Қорытынды концертте Римма Ералы жетекшілік ететін «Арман» бишілер тобы, Бекарыс Бауыржан жетекшілігіндегі «Жеті нота» ән және вокал үйірмесі, Дәулет Барлыбаевтың «Әсем саз» домбыра үйірмесі, Зухра Болсынбекқызының «Шебер – қолөнер» сияқты тағы да басқа үйірмелердің жұмысы жұмыр, жетістігі жоғары. Шарада шығармашылықтың баспалдағынан аттаған жас өрендердің өнерлерін тамашалап, таңдай қағыстық. Тілеулестік білдірдік. Концерт соңында «Арман» мәдениет үйінің шараларына атсалысып, иықтан демеп, қолдау білдіріп келе жатқан мекеме басшыларына, үйірме оқушылары мен ата-аналарға кент әкімі А.Өмірәлінің алғыс хаты табысталды. Осылайша ауыз толтырып айтарлықтай жоғары деңгейде өткен шараның куәсі болып, қаламымызды ұштап, қара шаңыраққа қайта оралдық.
М.ҚАЙРАТҰЛЫ,
СУРЕТ Б.БӘЙІМБЕТТІКІ