Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДА БЕРЕКЕ БАР

БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДА БЕРЕКЕ БАР

Еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің маңызды бір саласы – балық шаруашылығы. Бүгінде балық шаруашылығы кеңінен өріс жайып, күн санап даму үстінде. Тиісінше бұл берекелі істі қолға алып, еңбегінің жемісін жеп отырғандар да аз емес. Мемлекет тарапынан қолдауға ие болған шаруалар, осынау саланың қыр-сырын жетік меңгеріп кәсібін дөңгелентіп отыр. Елдің экономикасына балық ресурстарының да үлкен әсері бар. Себебі, Қазақстан балық экспорты жағынан алдыңғы қатарда. 
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің Жолдауында еліміздің балық саласын дамытуға ерекше назар аудару қажеттілігі туралы атап өткен болатын. Балық шаруашылығын дамыту мақсатында балық өсіру, асырауға, тұтыну және экспорт көлемін жоспарға сай арттыруға министрліктен арнайы Балық шаруашылығы комитеті құрылды. Нәтижесінде, су айдындарында балық ресурс тарын және басқа да су жануарларын қорғау, өсімін молайту және оларды тиімді пайдалану жұмыстары жүйелі іске асырылып келеді. Әлеуетке әл беретін Мемлекеттік «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында Қызылорда облысы Шиелі ауданынының тұрғыны Асқар Жолшыұлы балық өсіріп, оны сату мақсатында 23 млн 200 мың теңге жеңілдетілген несие алып, тынымсыз еңбек етіп келеді. Арнайы Алматыдан сазан, карп, амур балықтарының 35 000 дана шабағын сатып алған. Балықты жем беріп өсіру арқылы қажетті салмағын жинаған соң, облыс көлемінде нарыққа шығаруды көздеп отыр. Қазіргі таңда шаруашылық 2 адамды жұмыспен қамтып, тиісті жұмыстар атқаруда. Өңірде балық шаруашылығы саласы экономиканың дамуына, ауылдық жерлерде халықты жұмыспен қамтамасыз етуде және аймақтық экспорттың артуына сүбелі үлес қосары сөзсіз. Халық даналығында «Мал баққанға бітеді» дегендей, балық та баптауды, ыждағаттықпен қарауды қажет етеді. Біздің ауданда балық шаруашылығын дамытып, өсіруге мүмкіндіктер көп. Бірақ, өкінішке қарай осынау берекелі кәсіппен айналысып жүрген азаматтардың саны саусақпен санарлық. Алдағы уақытта бұл шаруашылық түрін мықтап қолға алып айналыссақ халық үшін де, ел экономикасының қарқынды дамуы үшін де тиімді болары анық. Ал балықтың адам ағзасына тигізер пайдасын, айтпасақ та түсінікті. Өкінішке қарай, кейінгі кезде су айдындарындағы балықты есепсіз қырып, арнайы электр тоғын ұрып, су асты жәндіктерін ұрықсыздандырып, болашаққа балта шауып жатқандар көп. Осының салдарынан өңірдегі балық саны бұрынғысынан әлдеқайда азайып, кеміп барады. Ал бүгінін емес, болашағын ойлап, адал кәсіпті серік етіп, керісінше балықтың басын көбейтуге үлес қосып жүрген азаматтарды көргенде шын қуанасың. Төле би бабамыз «Қарап отырма, бір нәрсеге жарап отыр: кәсіп болмай, нәсіп болмас» демекші, өз кезегінде кәсіптің көзін, нәсіптің өзін тапқан кейіпкеріміз Асқар Жолшыұлына толағай табыс, жүйелі жұмысының нәтижелі болуын тілейміз.
Мейіржан ИБРАГИМОВ
21 қаңтар 2025 ж. 77 0