Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖҮРГЕН ЖЕРІНІҢ БАҒЫН АШҚАН

ЖҮРГЕН ЖЕРІНІҢ БАҒЫН АШҚАН

Еңбекшіл, қарапайым кәрістер әу баста Жапон басқыншылығынан қашып келіп Қиыр Шығысқа қоныстанған екен. Оларға бұл жер де құтты мекен бола алмапты. Кешегі қылышынан қан тамған қызыл үкімет (КСРО) ұйып отырған ұлтты (182339 адам) күштеп бүкіл одаққа тарыдай шашып жібереді. Соның 96453-ін Қазақстанға жер аударады. 1937 жылдан бастап, Қиыр Шығыстағы шекара аумағынан кәріс ұлтының өкілдері Орта Азияға жер аударыла бастайды. Олардың басым бөлігі Өзбекстан мен Қазақстанның оңтүстік облыстарына, Арал мен Балқаш теңіздері жағалауындағы елді мекендерге орын тепті. Примор аумағынан ағылған көш Сыр бойының Шиелі ауданына келіп атбасын тіреген еді. Сол кәрістерден «Большевик», «Авангард», «Гигант» деп аталған колхоздар құрылды. Олар бұрыннан өздері қолай санайтын кәсіп – егіншілік ісін Сырдария жағалауында жалғастырды. Диқаншылықтың көзін білетін еңбекшіл халық ерен еңбекті қайнатып, көкөніс пен бақшаны жайнатып жіберді. Бітік өскен күріш дақылы басын әзер көтеріп, баяу ырғалып тұрды.
Жасыратыны жоқ, көкөніс пен бақша өнімдерінің дәмін қазақтың егізі сияқты жүзі мейірімді, елгезек кәрістер келгесін татқанымыз айдай шындық. Осы жолдардың авторы да бұған куә. Орайы келгенде айта кеткеннің айыбы болмас, Шиелінің ақ күріштің отанына айналып, айдай әлемге мәшһүр болуында кәріс ағайындардың да айтарлықтай үлесі болды. Ауданнан шыққан 41 Социалистік Еңбек Ерінің 27-і кәріс. Бір ғана «Авангард» (қазір Ақмая ауылы) колхозынан 16 Социалистік Еңбек Ері шықса, «Гигант» колхозынан 11 кәріс азаматы осындай жоғары атақты иеленді. Біздің кейіпкеріміз Константин Васильевич Хван Примор өлкесінен Шиеліге жер аударылғанда небәрі 3 жасар нәресте екен (1935 жылы Қиыр Шығыста дүниеге келген). Приморье өлкесінде туған оның балалық шақтан бастап бүкіл өмірі Сыр бойында өтті. Білімді Қазақстанда алды. Алматы зоотехникалықмалдәрігерлік институтын малдәрігері мамандығы бойынша бітіріп шықты. Хванның еңбек жолы Шиелі жерінде «Гигант» ұжымшарында бас малдәрігерінен басталып, кеңшар директоры, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы секілді жолдардан өтті. 1970 жылы жас маман артта қалған шаруашылық «Авангард» ұжымшарына басқарма төрағалына жіберіледі. Кейін ұжымшар кеңшар болып ұйымдастырылғанда Хван сол шаруашылықтың директоры болады. Ол басқарған кезде кеңшар тек аудан ғана емес, облыс көлемінде табысты шаруашылыққа айналды. Сүт өнімдерін өндіру, мал азығын дайындау, күріш өндірісін жетілдіру жөніндегі семинар-кеңестер осы шаруашылықта өтіп тұрды. КОКП орталық комитетінің ауыспалы Қызыл туын кеңшар екі дүркін жеңіп алды. Хван осы шаруашылықтың экономикасының өркендеп, мәдениетінің дамуына қомақты үлес қосты, әлеуметтік және тұрмыстық жағдайдың жақсаруына үнемі көңіл бөліп отырды. Ол басқарған кезде кеңшарда мыңдаған шаршы метр тұрғын үй салынды, мектеп, балалар бақшасы, дәрігерлік амбулатория, монша пайдалануға берілді, су құбырлары тартылып, ауыл көшелері асфальтталды және көгалдандырылды. 1979 жылы шаруашылықты ұйымдастыру қабілетінің ерекшелігі ескеріліп Хван аудандық ауылшаруашылық басқармасының бастығы лауазымына жоғарылатылды. 1980 жылы Қазақстан компартиясы аудандық комитетінің екінші хатшылығына сайланады. Ал 1985 жылы аудан қалаулылары Хванды Шиелі аудандық кеңесі атқару комитетінің төрағалығына бірауыздан сайлады. Ол бұл жауапты қызметте де өзінің іскерлігін таныта білді. Константин Васильевич ауаткомға төраға болған жылдары аудан экономикасы мен мәдениетінің және тұрмысының дамуына айтарлықтай сүбелі үлесін қосты. Су құбыры жүйесін кеңейту, стадион, мәдениет және демалыс паркін, орталық базар алаңын, теміржол бекетін көгалдандыру, мектептер, балалар бақшалары, балалардың ойын алаңы, әмбебап және күнделікті қажет дүкендер, ауруханалар, Ұлы Отан соғысы мен еңбек ардагерлеріне арналған дүкен, мемориал тақтасы салынып, пайдалануға берілді. Бұл шағын аудан үшін 4-5 жылға аз жұмыс емес еді. 1990 жылы Хванды «Авангард» кеңшары ұжымының өтініші бойынша сол шаруашылыққа қайта жібереді. Халық кеңшар жетекшісін таңдауда қателеспепті. Кеңшар қайтадан еңсесін тіктеп, озаттар сапынан бой көрсетті. Осылайша бір кездері 16 Социалистік Еңбек Ері шыққан ауылдың даңқын қайта көтерді. Осы тұста «Авангард-Шиелі» деп аталған агрокешен облыстағы ең алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың біріне айналды. Кейін іскер басшы, шебер ұйымдастырушы Константин Васильевичке көршілес «Бидайкөл» ауылының тұрғындары да өтініш жасап, шаруашылықтарын басқарып беруді сұрады. Бір мезгілде екі бірдей шаруашылықты қатар басқарған алғашқы басшы болды. 1993 жылы Хван «Гигант» ұжымшарының басқарма төрағалығына біржолата жіберіледі. Күш-жігерін аямай жұмсап, шаруашылықты біраз көтереді. Тұрғындардың да әл-ауқаты жақсарады. Ол еңбек жолын алғаш бастаған «Гигант» ұжымшарынан зейнеткерлікке шықты. Ұжымшар еңбеккерлерінің сұрауы бойынша, қызметін ғасырдың соңына дейін атқарды. Константин Васильевичтің қажырлы еңбегі «Еңбек Қызыл ту», «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендерімен, республикалық дәрежедегі дербес зейнеткерлікпен бағаланды. Қазақ КСР жоғары кеңесі президиумының Құрмет грамотасымен екі рет, Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің (ВДНХ) үш медалімен марапатталды. Облыстық, аудандық партия комитеттерінің қатарынан бірнеше рет мүшесі болады. Облыстық, аудандық және ауылдық кеңестердің бірнеше шақырылымына депутат болып сайланады. Константин Васильевич үлгілі отағасы болды. Ұл мен қыз өсіріп, олардың жоғары білім алуына мүмкіндік жасады. Қызы медицина ғылымдарының кандидаты. Үнемі қазақша сөйлейді, қазақтың мақалмәтелін көп біледі. Кейде орнымен әзіл айтып жанындағыларын күлдіріп отыратын кездері бар. Өзім куә болған осындай оқиғаның бірі есіме түсіп отыр. Константин Васильевичпен «Қарғалы» кеңшарына бірге барудың сәті түсті. Партия ұйымының есеп беру-сайлау жиналысына қатыстық. Ол кезде аудандық «Өскен өңір» газеті редакторының орынбасары едім. Орынбасарлықтан бөлек, партия, халықтық бақылау комитеті және комсомолдың жұмысын көрсету маған тиесілі еді. Жиналыс үлкен белсенділікпен өтті. Партия ұйымының жұмысына «қанағаттанарлық» деген баға беріліп, Ысқақ Оспанов партия ұйымының хатшылығы қызметіне қайта сайланды. Жиналыстан соң қонақтарға арнайы әзірленген дастархан басына бардық. Қоңыр қызыл шәй ішіліп біткесін, буы бұрқырап ет келді. Бір ғажабы бір дастарханға екі қойдың басы келді. Бірінші бас екінші хатшының алдына, екіншісі менің алдыма қойылды. – Ауданнан арнайы келген екі қонақты да ренжіткіміз келмеді, – деді дастархан иесі ағынан жарылып. Осы кезде сөзге араласқан Константин Васильевич: – Қонақты құрметтеген дұрыс қой, әрине. Дегенмен партияның тапсырмасын да ұмытпаған жөн. Қазіргі ұран – Қазақстанда қой басын 50 миллионға жеткізу болып отыр. Сіздердің шаруашылық аудандағы бірден бір қой өсірумен айналысатын кеңшар. Аппетиттеріңіз жақсы екен. Егер осы аппетитпен тұрсаңыздар қой саны 50 миллионға жуық арада жетпейтін шығар, – деді қарлығыңқы даусымен қарқылдай күліп. Отырғандар әзілдеп айтылған астарлы сөзге бір күліп алды... Константин Васильевичпен екінші рет кездесудің тағы бір сәті түсті. 1991 жылы алғашқы жинағымды бауырыма басып Шиеліге бардым. Ол уақытта Алматы қаласында тұратынмын. Қоңыр күздің кезі. Егін жинау науқанының қарқын алып тұрған шағы. Жолым «Авангард» кеңшарына түсті. Орта мектепті сонда бітіргенмін. Мені қырманда қарсы алды. Шаруашылықтың басшысы Конс тантин Васильевич жылы шырай танытты. – Бұл жас ақын біздің жерлесіміз. Өзіміздің «Авангард» орта мектебінің түлегі. Аудандық «Өскен өңір» газетінде ұзақ жыл қызмет етті. Біздің шаруашылықтың жетістігін үнемі жазып көрсетіп жүрді. Енді міне, кітабын алып келіп отыр. Ұйымшылдық көрсетіп, кітабына қолтаңба жазғызып алыңдар. – Кеңшар директоры қырман басындағы еңбеккерлерге мені біраз дәріптеп алып, сосын маған өлең оқуға ұсыныс жасады. – Авангардтықтар туралы жазғаныңды оқып бер, – деді. Мен: «...Тасыттың берекесін күріштіктің, Әр күнін жылға балап тыныштықтың. О, диқан, құрыш білек, жомарт жүрек, Бір өзің құдіреті ырыс-құттың. Қалайша толғанбайын енді бүгін, Шегі жоқ ерлер қанша ерлігінің. Білікті бригадир Те Василий, Топ жарып, көшті бастап келді бұрын. «Авангардты» мен неге жыр қылмайын, Қызғалдақтай құлпырса Құндызайым...» деп бастап, диқандарға, механизаторларға арналған біраз өлеңді қаумалаған қырманшыларға оқып бердім... Хван аудан басшылары мен тұрғындары арасында өте беделді және сыйлы болды. Басшымын деп кеудесін кермейтін, мейлінше қарапайым, қазақтың тойынан, асынан қалмайтын жүрегі жылы жан. Ұжым мүшелерінің бірінің үйіне келін түсіп немесе қайғылы жағдай болып қалса, қол ұшын созып, көмегін беруге әзір тұратын. Жастар оны «Костя ағай» десе, замандастары «Біздің Костя» деп құрмет тұтатын. Ия, Константин Васильевич қазаққа адал, қамқор болған осындай азамат еді-ау...
Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Шиелі ауданының Құрметті азаматы
16 қаңтар 2025 ж. 46 0

Қоғам

Желшешек
16 қаңтар 2025 ж. 34

PDF нұсқалар мұрағаты

№3 (9270)

14 қаңтар 2025 ж.

№2 (9269)

11 қаңтар 2025 ж.

№1 (9268)

07 қаңтар 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031