БІРЛІГІ ЖАРАСЫП, ТІРЛІГІ БАҚ АШҚАНДАР
1926 жылғы Бүкілодақтық санақ бойынша Қазақстанда 42 корей болса, 1989 жылғы санақта 103 315 адамға өскен.
Еліміздегі корейлер санының бұлай күрт өсуі 1937 жылғы Ресейдің Қиыр Шығысынан жаппай жер аударылуына байланысты болды. Ал Қиыр Шығысқа бұл бейбіт халық Жапон басқыншылығынан қашып келіп қоныстанған еді. Міне, осынау ұйып отырған ұлт бүкіл Кеңестер Одағында 182339 адамды құраса, соның 96453-ін жаппай Қазақстанға жер аударды. Қалғандарын басқа республикаларға бөліп-бөліп, күштеп көшірді. Одақтас республикалардың бәрін қосқанда Қазақстанда тұратын корейлер саны әлдеқайда көп болатын.
Өздері де әзер күн көріп отырған жергілікті тұрғындар зорлықпен көшіп келгендерге қолынан келген барлық көмегін аямады. Корейлерді негізінен, қаладан алыс елді мекендерге қоныстандырды. Ол жерлерде мектеп, ауруханалар мүлде жоқ еді. Міне, осы тұста өзінің ұлттық үрдісі – еңбекқорлығы арқасында, әсіресе, жер өңдеу, бақша өнімдерін отырғызу, суармалы жер-лерді игерудегі икемділіктері корейлерді өздері жұмыс істеген колхоз-совхоз ұжымдарында беделге ие етті.
Қазақстанға ауған 100 мыңға жуық корейді негізінен Қызылорда, Алматы облыстарына қоныстандырған билік аталған ұлттың өкілдерінен шаруашылық мақсаттағы 57 ұжымшар құрады. Солардың бірі – Шиелі ауданының «Авангард» елді мекені еді.
Тумысынан кеңпейіл, еңбекқор, шыдамды боп келетін корей ұлты мұнда келген соң, күріш егу ісімен айналысады. Олардың арасында еңбексүйгіштігімен көзге түскен, ізденгіш, күріш егуден алғашқы рекордшы, атақты – Ким Ман Сам бар.
Ким Ман Сам – 1883 жылы Ресейдің Қиыр Шығыс өлкесі яғни, Уссури уезінде туған. Қазақстанға қоныс аударған 1937- 1960 жылдары Шиелі ауданы «Авангард» (қазіргі «Ақмая» ауылы) ұжымшарында өмір сүріп, еңбек етеді. Ол Қазақстанда күріштен рекордтық жоғары өнім алу жолындағы социалистік жарыстың көш бастаушысы болды. Мол өнім өсірудің жолдарын табандылықпен іздестірді: әртүрлі тұқымды сынап көрді, агротехниканы өзгертті, суару жүйелерін жетілдірді.
Ақ күріштің атасы атанған Ыбырай Жақаев пен Ким Ман Сам замандас, дос, қызметтес болды. «Білмеген айып емес, білгісі келмеген айып» дейтін Ыбырай диқан әр уақытта білмегенін талаптанып, басқалардан үйренуге тырысатын. Осындай нағыз ерге тән қасиеттерінің арқасында қос күрішші бәсекелеспей, бір-бірін құрметтеп, тәжірибе алмасып, биік межелерді бірге бағындырып отырған.
Ким Ман Сам 1944 және одан кейінгі жылдары тұрақты мол өнімге жетіп отырды. Күріш шаруашылығында табысқа жетудің шешуші шарттарының бірі – шектерге суды дер кезінде және дұрыс толтыру, егісті дер кезінде арам шөптен арылту, минералды тыңайтқыштарды дұрыс қолдану осы сияқты толып жатқан агротехникалық шараларды жүзеге асырып, егістікті мұқият баптау керек екенін іс жүзінде дәлелдеді. Ол жауды жеңуге тек өзінің қажырлы еңбегімен зор үлес қосып қана қоймай, 1942 жылы «Қызылордалық колхозшы» атты танк колоннасын жасауға 105 мың сом өз қаржысын берді.
1941 жылы Ы.Жақаев бес гектар егін алқабының әр гектарынан 43 центнерден өнім алса, келесі 1942 жылғы өнім гектарына 84 центнер болды. Бұл жылы Ким Ман Сам 20 гектар күріштің әр гектарынан 160 центнер өнім жинап, алғашқы рекорд жасаған еді. Осындай жетістік сырын барша диқанның игілігіне айналдыру үшін ауданда қыста екі айлық күрішшілер оқуы ұйымдастырылып, онда Шиелі аудандық жер бөлімінің бас агрономы Әнес Алтынбеков, Ким Ман Сам және Ыбырай Жақаев сабақ береді. Бұл кейін жетпісінші жылдары ұйымдастырылған «Жақаевшылар мектебі» деп аталатын күрішшілердің республикалық озат тәжірибе мектебінің бастауы болатын.
Ким Ман Сам өзі мен Ыбырайды түйенің қос өркешіне теңеген екен. Қос диқан 1944 жылы алғашқы үкіметтік марапаттарын – «Еңбек Қызыл Ту» орденін алады. Ыбырайдың әр гектардан 1944 жылы – 110 центнер, 1945 жылы – 156 центнер, 1946 жылы – 160 центнер межеге жетіп, Ким Ман Самның 1942 жылғы орнатқан рекорд жетістігін қайталайды. 1946 жылы Жақаев пен Кимге КСРО мемлекеттік сыйлығы (ол кезде Сталиндік сыйлық деп аталған) беріледі. Сол сыйлық қаражатқа Ыбырай колхозына 5 трактор сатып әперсе, Ким Ман Сам ауылына клуб соқтырды. Қазір сол мәдениет үйі Ким ақсақалдың атында. Ол 1956 жылы өзінің туған өлкесіне қоныс аударды. Артында диқан даңқы қалды.
Сандуғаш САҒЫНДЫҚОВА