Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ас берудің де әдебі бар

Ас берудің де әдебі бар

Қай кезеңде болсын, бақилық болған жанды соңғы сапарға қастерлеп шығарып салу, бүкіл жөн-жосығымен аттандыру – артында қалған тірілерге үлкен міндет әрі сын. Адамды мәңгілік сапарға аттандыру түрлі тарихи даму жолынан өтіп барып, бүгінгі көрініске ие болып отыр. Бүгінде қайтқан адамға берілетін ас тойдан кем өтпейтіні аз айтылып жүрген жоқ. Қалталы адамдарға аста көкпар шаптырып, арқан тарттырып, балуандарды күрестіріп, бақилық болған ата-бабасының даңқын асыру қиын емес шығар, алайда біздің қоғамның той мен өлімде бәсекеге түсіп, бірінен-бірі асып түскісі келетіні жасырын емес. Оны көзіміз көріп жүр. Шариғат пен дәстүрге сәйкес келмейтін, пайдасынан зияны көп кейбір әдеттердің ел арасында кең етек жая бастауы кім-кімді де алаңдатпай қоймайды.
Біз қозғағалы отырған маңызды мәселе туралы Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасының бастамасымен жарық көрген «Ас беру әдебі» кітабында: «Әсіресе, қайтыс болған кісіні арулап көміп, жаназасын шығарғанда, жетісі, қырық күндігі, жыл толуына байланысты және тағы басқа шараларда дастарқан жайылғанда дінімізде нақты талап етілмеген, салт-дәстүрімізге сай келмейтін, ақырет үшін пайдасыз кейбір әдеттер қоғамда белең ала бастады. Мысалы, жақынынан айырылып отырған қаралы шаңырақ «көпшілікке ас беру – перзенттік міндетіміз» деп шектен тыс шығын жасап, аста-төк, ағын-төгін дастарқан жаюда. Бұл – орташа табысы бар көптеген отбасыға ауыртпашылық тудыратыны сөзсіз. Ауқатты отбасылар асқа ірі қара сойып, құрбан шалып жатқанда, жағдайы төмен және орташа отбасылардың одан қалысқысы келмейтіні түсінікті. Осыдан келе жұрттан қарыз алып, қауғаланып «парызымды орындаймын» деп дүниеден өткен жандарға ас беріп, шығындалып жүргендер де жоқ емес», деп жазылған екен.
Халқымызда Құдайы ас беру жоралғысын өткізудің жылдар бойы қалыптасқан өзіндік ерекшеліктері мен дәстүрлері бар. Қазақ бақилық болған жанға ас беру, Құран оқыту, дұға-тілек жасау қайтыс болған кісіге сауабын тигізеді деп сенеді. Ал марқұмға ас бермеу «ата-бабасын сыйламау, аруақтарды құрметтемеу» деп саналған. Алайда бұл «ата-бабама ас бермесем елден ұят болады, перзенттік абыройымнан айырыламын» деген түсінікке алып келіп отырғандай. Өйткені бүгінде Құдайы ас бергенде өлілер қамы емес, тірілер ризашылығы ерекше назарға алынатын болды. Мәселен, мейрамханада ас өткізу, қымбат дастарқан мәзіріне мән беру, қазы-қарта, жал-жая, тәттінің түр-түрін қою бұл тірілердің көңілінен шығуға тырысу екені жасырын емес. Осы ретте тірілерге де, қайтқан кісілерге де пайдасы тиетін дүниелерге бірдей мән берген дұрыс деп ойлаймын.
Әсіресе, ас берем деп қарыз алып, банкке берешек болып жатқандардың ісі берекесіздік десек, артық айтпаған болармыз. Мұндайда «Той байдың малын шашады, кедейдің артын ашады» немесе «Қарғa қаз болам деп аяғын үсітіпті», «Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп құлағынан айырылыпты» дейді қазақ. Бай-бағландар ата-бабасына асты қалай өткізсе де жарасады, өйткені байлығы жеткілікті. Бірақ оларда да ысырап болмауы керек дейді дін мамандары.
Қазақта «Өткенді ұмытқан, болашақтың наласына қалады» деген де сөз бар. Аруақтарға ас берудің еш әбестігі жоқ әрине. Дегенмен ас берудің де өз әдебі бар. «Алдыңғы арба қайда барса, соңғы арба сонда барады» демекші, біз болашақ ұрпаққа тәрбиелік мәні бар байырғы салт-дәстүрдің қалыбын бұзбай қалдыруға міндеттіміз. Бәріміз соған атсалысайық, ағайын!

Ә.Сейітов,
«Шиелісушар» өндірістік учаскесінің
ардагерлер кеңесінің төрағасы
06 желтоқсан 2024 ж. 95 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№98 (9262)

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031